$ 448.15  483.46  4.86

Жезқазғанда Қазақстанның киелі жерлеріне арналған ғылыми конференция өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясының Жезқазған қалалық қоғамдық келісім кеңесі, Жезқазған бизнес және көлік колледжінің ұйытқы болуымен өткен «Қазақстанның киелі жерлері – көненің көзі, тарихтың өзі» атты республикалық ғылыми конференция апта ішінде қаламызда ұйымдастырылған айшықты шаралардың бірі болды. Конференция жұмысына «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, көрнекті алаштанушы Берік Әбдіғалиұлы қатысты.

Филология ғылымдарының кандидаты, Жезқазған бизнес және көлік колледжінің директоры Светлана Жумкина төрағалық еткен конференция барысында Жезқазған қалалық мәслихатының хатшысы Советбек Медебаев алғашқы болып сөз алып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Мәслихат хатшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың былтыр жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы еліміздің мәдени өмірінде ғана емес, қоғамдық дамудың барлық саласында тың серпіліс туғызғанын атап өтті.

– Қоғамдық сананы жаңғыртудың ең төте және тиімді жолы рухани құндылықтарымызды кеңінен насихаттау, азаматтардың таным көкжиегін кеңейту екендігі Елбасы мақаласында анық көрсетілді. Ел азаматтарының бойында прагматизм мен білімғылымға деген ашықтықты қалыптастыру, туризмді дамыту, киелі жерлерді насихаттау бойынша кешенді шаралар қолға алынуда. Бұл жобалар біздің Жезқазған-Ұлытау аймағы үшін ерекше маңызды, - деді Советбек Тұрсынұлы өз сөзінде.

Конференцияда сөз алған Берік Әбдіғалиұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шаруалар, «Қасиетті Қазақстан» ғылымизерттеу орталығының жұмысы туралы кеңінен баяндады.

– Қазақ жері тарихи ескерткіштерге, киелі орындарға бай. Бұл бай мұраны танып, білу, насихаттау жұмыстары бұған дейін де жүрген. Ал, Елбасымыздың былтырғы мақаласы мен онда айтылған міндеттер бұл бағыттағы жұмыстармен кешенді түрде айналысуға мүмкіндік беріп отыр. Рухани жаңғыру дегенді тек мәдени жобалар деп түсінбеуіміз керек. Біз осы рухани жаңғыру арқылы халқымыздың ежелден келе жатқан өмірлік құндылықтарын жаңғыртуды, дүниеге деген жаңа көзқарас қалыптастыруды ойлауымыз керек. Сондай-ақ, тарихи тұлғаларымыздың есімдерін насихаттап, олардың ел тарихындағы орнын анықтап қана қоймай, ұлттық рухымызды көтеретін темірқазық ете білуіміз қажет. Бір ғана Әл-Фарабиді алайық. Әлемдік деңгейдегі тұлға. Ал, ол кісі біздің бабамыз екені тек мақтаныш қана болмауы керек. Біз Әл-Фарабиді туғызған халық ретінде интеллектуалды ұлтқа айналуды ойлауымыз керек. Сонымен бірге, бізде тарихи тұлғалардың есімдері жөнді насихатталмайтынын да мойындауға мәжбүрміз. Әл-Фарабиге үлкен қалаларда неге ескерткіш қойып, көше аттарын бермеске? Шыңғыс ханды моңғолдар, Әмір Темірді өзбектер қалай насихаттап, ұлықтайды? Біз де өз тұлғаларымызды солай дәріптеуіміз керек, - деді Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде.

Сондай-ақ, «Қасиетті Қазақстан» киелі жерлер картасына енген нысандар мен ол жерлерде атқарылатын жұмыстар туралы да мол мағлұмат берілді. Конференцияда сөз алған «Нұр Отан» партиясы Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Қаженова, тарихшы Надежда Дисекенова, Жезқазған тарихиархеологиялық музейінің басшысы Раушан Қапарова, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Зинаида Чумакова киелі жерлердің ұлттық рухты оятып, тарихты танудағы рөлі, елімізде туризмді дамыту бойынша қолға алынып жатқан ілкімді жобалар туралы баяндады. Сондай-ақ, конференция үстінде Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, қалалық қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Сағындық Қожамсейітов сөз алып, киелі жерлер картасын жасақтауға, оларды насихаттауға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

– Күні кеше Қарсақбайда алғашқы мыс балқымасының алынғанына 90 жыл толғанын атап өттік. Керемет мереке болды. Ал, енді сол Қарсақбайдың қазақ мысының қарашаңырағы екені, ХХ ғасырдың басында талай қазақ сол өндірістің арқасында аман қалғаны туралы білеміз, айтып жүреміз. Кеңестік тарихтың бір беті болғанымен Қарсақбай елді мекенінің біз үшін маңызы зор. Сондықтан да, осы тарихи орындардың тізбесіне Қарсақбай да енуі керек деп ойлаймын, - деген Сағындық Үсенұлы осы орындарды жан-жақты насихаттап, зерттеу жұмыстарын елге кеңінен жеткізу үшін арнайы телеарна ашу керек те шығар деген ұсынысын айтты.

Конференция соңында Берік Әбдіғалиұлы Сағындық Қожамсейітовке ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Үздік өлкетанушы» кеуде белгісін табыс етті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары