$ 449.58  486.94  4.86

Алматыда тағы бірнеше көше ұзартылады

Алматының Саин көшесі 3 шақырымға ұзартылады. Жаңа торап қаланың солтүстік батыс бөлігін орталықпен жалғайды. Құрылыс жұмыстары тиісті қаржы бөлінсе бірден басталмақ. Ал қараша айында Назарбаев даңғылының жаңа, ұзартылған бөлігі қолданысқа беріледі.

Алматының ұзын-сонар көлік кептелісін азайту үшін тағы да қарқынды құрылыс басталмақ. Келер жылы Саин көшесін Рысқұлов даңғылы мен Ақын Сара көшесі аралығында ұзарту жоспарланып отыр. Ұзындығы 3 шақырымнан асатын жаңа торап әсіресе, қаланың солтүстік батыс бөлігінен орталыққа қатынайтын тұрғындарға ыңғайлы болмақ. Жауапты басқарма өкілдері қазір құрылыс жобасын әзірлеп жатыр.

«Саин көшесі «Домиллион» сауда үйінен төмендегі айналма жолмен бітеді ғой. Соны төмен қарай, Боралдай тас жолына дейін шығарамыз. Сонда Момышұлымен қосқаннан кейін екінші Момышұлы көшесі Саин көшесі болып қалады ғой. Яғни, сіз Саин көшесімен Боралдай кентінен бір-ақ шығасыз», – деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Ернұр ӘБЖАХАН.

Өткен жылы қаладағы магистралды тас жолдардың көлік жүктемесін 20 пайызға төмендету үшін Хмельницкий көшесі мен Назарбаев даңғылын ұзарту қолға алынған болатын. Қазір қос нысанның да құрылысы 80 пайызға аяқталыпты. Мердігерлер жаңа тораптарды қараша айында қолданысқа бермек. Айта кетсек, Райымбек даңғылынан Жансүгіров көшесіне дейін ұзартылатын Назарбаев даңғылындағы көпір тың тәсілмен салынуда. Яғни, көпірдің тірек қабырғалары қалыпты бетоннан емес, Еуропаның арнайы Tensar технологиясы негізінде жасалған. Ол құрылысқа кететін шығынды әлдеқайда үнемді дейді мердігерлер.

«Ол блоктардан құралады, оның ішіне Tensar сеткалары салынады. Геоторлар салынады. Бұл технология нысанның бағасын арзандата түседі. Темір бетон тірек қабырғаларынан әлдеқайда арзанырақ әрі төзімдірек болады және құрастыру, құрылыс-монтаждау жұмыстары жылдамдайды. Сейсмикалық жағынан да тұрақты болып келеді. Жер сілкінісі кезінде 9-10 баллға дейін шыдамды», – деді мердігер компанияның жетекші инженері Ермек НИЯЗБАЕВ.

Ал Абай даңғылын батыс бағытта қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары келер жылы аяқталмақ. Бұдан бөлек, Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің, сондай-ақ Рысқұлов даңғылының Құлжа күре жолымен және Емцов көшесімен қиылысқан тұсында салынып жатқан жолайрықтар да тек 2019 жылдың аяғында қолданысқа берілмек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары