$ 447.4  477.55  4.76

ШҚО-да күйдіргіден қайтыс болған азамат дәрігерге емес, тәуіпке барып уақыт өткізіп алған

Шығыс Қазақстан облысында  күйдіргіден  көз жұмған ер адам бір апта бойы тәуіпке қаралып, дертін асқындырып алған. Кейін ауруханаға жатқанымен, одан қашып кетіп, тек тәртіп сақшыларының араласуымен ғана оралыпты. Бүгін арнайы брифинг өткізген облыс әкімі осылай деп мәлімдеді. Ал марқұм ауру мал сойғаннан күйдіргі жұқтырып алған деп мәлімдеді КТК телеарнасы.

Қазір мамандар қауіпті дерттің ошағын анықтап, қоршауға алған. Яғни аурудың таралуына Малонарымка ауылынан бес шақырым жердегі ескі қорым себеп болған. Сол жерге осыдан елу жыл бұрын күйдіргіге шалдыққан малдардың өлекселері көміліпті. Эпидемиологтар қауіпті дерттің қоздырғышы жер асты суларымен топырақ бетіне көтерілген болуы мүмкін деген жорамал жасап отыр. Естеріңізге салсақ, өткен аптада 47 жастағы ер азамат күйдіргіге шалдықты деген күдікпен ауруханаға түсіп, ертеңіне көз жұмған еді. Қазір марқұммен араласқан және ауру малдың етін жеген 37 адам бақылауға алынды. 37 келі ет жойылған. Мал сойған жер залалсыздандырылып, ауылда карантин жарияланды.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

- Қазір біз дерт таралуы мүмкін деген жерлерді анықтап қоршадық. Ол жерлерге адам мен малдың кіріп-шығуына тыйым салып, індетке қарсы шараларды бастадық. Бұған мамандар да, тиісті дәрі-дәрмектер де жеткілікті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары