$ 449.58  486.94  4.86

«Жыланмен емдеу жолын да білем»: Түркістан облысында қоянның қанымен, бақаның желімен емдейтін емші тұрады

Жаңа сойылған қоянның қанымен, бақаның желімен емдейтін Медетбек Сүлейменұлы Жолшиев Мақтарал ауданы Мыңжасар ата ауылында тұрады деп жазады Замана.

Ауылына емші ретінде танылған кісінің айтуынша, ол бала күнінен сынықшы болған екен. Бұл қасиет ата-бабасынан қан арқылы берілген. Кейін емшілік жолға түсіп, түрлі әдіспен науқастарды ауруынан айықтырған.

Медетбек Сүлейменұлы Сайд Юлдаш Әлидің «Мен емшімін» атты кітабын оқып, біраз мағлұмат алған. Ем-домды сол бойынша жүргізеді екен.

«Бірде әбден ауырып, құр сүлдері қалан жігіт келді. Туыстарының апармаған жері жоқ. Терісі денесіне жабысып арықтап қалған. Мен оған жабайы қоянды сойып, басын төмен қаратып қанын іш дедім. Қоянның қанын жылы күйінде ішу керек. Қоянды іліп қойып, астына жатып жұтса да болады. Науқас жігіт солай жасады. Бірнеше ай айтқанымдай жасапты. Одан бөлек асқабақты шикілей же дедім. Кейіннен туыстары жігіттің ауруынан жазылып, жақсарғанын айтты», – дейді емші.

Емші қоянның үй қоянын емес, жабайы түрін сойып, оның қанын ішу керек екенін ескертті.

«Ал, бақаның желін қалқанша без ауруын (зоб) емдеу үшін қолданамын. Мұны өз жақындарыма да істеп көрдім. Нәтижесі болды. Келінім зоб ауруымен ауыратынын айтты. Мен көктем шыққанда су бақаларын ұстап әкеліп, желін келініме жұтқыздым. Бақаны теріс қаратып, ішін басса желі шығады. Осыдан соң келінімнің ауырдым дегенін естімедім. Су бақаларының уы болмайды», – дейді Медетбек Сүлейменұлы.

Ал қатерлі ісіктің алғашқы сатысы кезінде Көлбар жыланымен емдей алатынын айтты.

«Жыланмен емдеу жолын да білем. Қатерлі ісіктен айықтыру үшін 12 жыланды тұтыну керек.  Ол өліп қалған торларды ашып, аурудан айықтырады», – дейді емші.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары