$ 448.56  478.03  4.79

Астанада дәрігерлер салғырттығынан кішкентай сәбидің аяғындағы саусақтары кесілуі мүмкін

Астана ауруханаларының біріне түскен кішкентай қыздың аяғындағы саусақтары кесілуі мүмкін. Сәбидің анасының айтуынша, бұған дәрігерлердің салғырттығы себеп болған деп жазады Tengrinews.kz.

Жамбыл облысының тұрғыны Таңшолпан Бейсенбекованың айтуынша, кішкентай қызын ол Астанаға жүрегіне ота жасатуға алып келген екен. Алайда, Ұлттық кардиохирургиялық орталықта сәбиге суық тиіп қалған. Мұнан кейін дәрігерлер ана мен баланы №1 қалалық балалар ауруханасына жатқызғанын айтады. Ондағылар науқасқа "өкпе қабынуы" деген диагноз қойған.

22 желтоқсанда медбике қызымның оң аяғына катетер қойды. Осыдан кейін оған 2-3 екпе салынды. Катетердің дұрыс қойылғанын ешкім тексерген де жоқ. Ал, үш күннен кейін қызымның аяғы қандай жағдайға жеткенін көргенде өзім шошынып, дереу медбикеге хабарладым. Оның өзі шошынып, катетерді алып тастады да, көмекке бөлім меңгерушісі мен бас дәрігердің орынбасарын шақыртты. Олар түк болмайды деп жұбатты. Сөйтті де аяғына компресс жасай бастады", - дейді сәбидің анасы.

1 қаңтар күні ана мен бала №2 балалар ауруханасына жеткізілген. Мұндағы дәрігерлер баланың аяғын көріп сәбиді дереу интенсивті терапия бөлімшесіне жатқызған.

"Менің қызым онда екі күн болды. Аяғының үсік шалуы салдарынан дәрігерлер оның саусақтарын кесуі мүмкін екенін айтты", - деп жылайды науқас қыздың анасы.

Мұнан кейін екеуі Ана мен бала орталығына келіпті.

"Баламды сап-сау әкеліп, мүгедек қылып әкеткелі жатырмын. Бәріне №1 балалар ауруханасының дәрігерлері кінәлі: бас дәрігерінен бастап медбикелеріне дейін. Қазір Ана мен бала орталығындағы мамандар қызымның аяғын сақтап қалу үшін барын жасап жатыр. Бірақ, саусақтарын кесуге тура келеді", - дейді Таңшолпан Бейсенбекова.

Ашынған әйел Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа хат жазып, жағдайды бақылауына алуды сұраған. Оның бұл сауалына Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров жауап қатып, оқиғаның мән-жайын толыққанды тексеруге уәде берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары