$ 449.58  486.94  4.86

«Жынымды келтірмеңізші»: Вице-министрдің журналиске берген жауабы желіде қызу талқыланып жатыр (ВИДЕО)

Ұлттық экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің журналист сауалына берген жауабы желіде қызу талқыланып жатыр. 

Вице-министр орынбасына тілшілердің бірі тарифтер туралы сауал қойды. Алайда оған бұл сұрақ ұнамай қалды. 

«Жынымды келтірмеңізші. Бұл басқа шара ғой. Не болды? Кеше парламентте айттым тарифтер туралы. Ондай болса өздеріңіз тұра беріңіздер», – деп ол бірден сұхбат беруден бас тартты. 

Алайда өзге журналист осы кезде әңгімені басқа арнаға бұрып, Жұмағаринді сұхбат беруге көндірді.

«Шара шағын және орта бизнес жайлы. Ал сіздер тариф жайлы сұрайсыздар. Маған арнайы келіңіздерші, мен сізге тариф туралы айтып беремін. Жынымды келтірмеңізші», – деп ол әлгі журналистің сұрағына жауап беруге көшті.

Видеоны әлеуметтік желі қолданушылары қызу талқылап жатыр. Бірі төртінші билік өкілдерінің сұрағынан үнемі қашқақтайтын шенеуніктерді айыптаса, енді бірі вице-министрді «қайта сыпайы екен» деп ақтап жатыр.  

Айта кетейік, шенеуніктердің журналистермен дөрекі сөйлесуі бірінші рет емес.  2013 жылы Байқоңырдағы апатқа қатысты Үкімет кеңесінен шыққан соң тілшілермен кездесу кезінде Талғат Мұсабаев «КТК» телеарнасының тілшісі Ербол Сейілханды балағаттап, кеудесінен итеріп жіберген болатын. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары