$ 449.58  486.94  4.86

Шымкенттегі оқушылардың қай жердегі газдан уланғаны белгілі болды

Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы, еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Шымкенттегі оқушылардың неден уланғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. 

«Балалардың басы айналып, жүрегі айнып, есінен танып ауруханаға түскен. Барлығы ауырлықтың жеңіл дәрежесімен түскен. Алғашқы көмек көрсетіліп, детоксикациялық терапия жүргізіліп, ата-аналарымен сөйлесті. Балалардың басы, іші ауырған. Бұл түстен кейін болған жағдай. Әлбетте балалар аш болған. Оларға тамақ берген соң, жағдайы жақсарған», - деді Жандарбек Бекшин үкіметте журналистердің сұрағына жауап бере отырып.  

Оның айтуынша, алғашқы бір сағатта 30 оқушы ауруханаға түскен, түнде - тағы тоғыз адам. Сонымен, 41 оқушы және төрт ересек адам ауырлықтың жеңіл дәрежесімен ауруханаға жеткізілді.  

«Бұл жағдай мектепке 600 метр жерде орналасқан табиғи газ таратушы станциядан шыққан иістен болған. Шымкенттің газ қызметі дер кезінде ақаудың көзін жойды. Соңғы зерттеу жұмыстарын жүргізген уақытта станция маңында және мектеп аумағында зиянды заттардың жоғы анықталды», - деді мемлекеттің бас санитарлық дәрігері.  

Айта кетейік, кешенді шаралар жүргізілгеннен кейін, ата-аналарға психологиялық көмек көрсетіліп, ауруханадан шығарылған.  

Еске салайық, 18 наурызда Шымкенттегі № 54 мектепте оқушылар белгісіз заттан уланған. Барлығы да мекен-жай бойынша дәрігерлердің қарауында болатыны айтылған. 

Осыған дейін, Шымкент әкімшілігінің өкілдері № 54 орта мектептегі жаппай улануға қатысты пікір білдірді. 

«18 наурызда 16:53-те № 54 орта мектепте белгісіз нәрседен жаппай улану тіркелді. Дереу түрде төтенше жағдайдың мән-жайын анықтау үшін комиссия құрылды. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің жедел тобы, жедел жәрдем бригадасы, әкімшілік қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері келді. Жапа шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетілді», - деді әкімшіліктегілер. 

Белгісіз заттан 4-7 сыныптың 22 оқушысы, бір мұғалім, мектептің бір техникалық жұмысшысы уланған. Олардың бәрі де № 6 Шымкент қалалық поликлиникасының токсикологиялық бөліміне жеткізілді. 

«Оқушылардың ата-аналарымен жұмыс нәтижесінде тағы 15 баладан улану белгісі анықталды, олар да қазір ауруханада. Жапа шеккендердің бәрінде де - жеңіл дәрежедегі улану. Мектептің барлық оқушысы мен мұғалімі бақылауға алынды. Ауруханаға жеткізілген 39 адам қажетті медициналық көмекті алған соң үйлеріне жіберілді», - делінген хабарламада. 

Олардың бәрі енді тұрғылықты жері бойынша учаскелік дәрігердің бақылауында болады. Жұмыс тобы төтенше жағдайдың себебін анықтау бойынша жұмысты жалғастырады. Мектептің және оның айналасындағы ауаның сынамасы алынды. Мектепте табиғи газдың шығуы жайлы ақпарат расталған жоқ. Жағдайды қала әкімі өз бақылауына алды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары