$ 449.58  486.94  4.86

Асқар Жұмағалиев: Еңбек кодексінде мекенжай анықтамасын талап ету туралы бап жоқ

ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев өзінің фейсбуктегі жеке парақшасында еліміздің еңбек кодексінде мекенжай анықтамасын талап ету туралы баптың жоқ екенін мәлімдеді.

«Достар, менің мекенжай анықтамасынан бас тарту қажеттігі туралы жазғаным естеріңізде болар. Бұл мәселенің шешімін таптық, енді сіздерден қолдау күтем. 

Мекенжай анықтамасының қажеттілігіне күмән келтірген жазбамды жариялаған соң, өздеріңізден көптеген ұсыныс-пікірлер келіп түсті. Бұл анықтаманы біріншіден, мемлекеттік мекемелер жиі талап етеді, әйтсе де олардың сұратуға құқықтары жоқ. Екіншіден, Еңбек кодексінде мекенжай анықтамасын талап ету туралы баптың жоқтығына қарамастан, жеке ұйымдар да жиі сұратады»,-деген министр аталған анықтама түрін қажет ететін мекемелер үшін жаңа сервис іске қосылатынын хабарлады.

Министрдің айтуынша, азаматтың мекенжайы туралы анықтама қажет болса, азаматты сол үшін ХҚКО-на жұмсамай, оны өзіңіз-ақ ала аласыз. 

«Осы мақсатта пилоттық (сынамалы) жобаны іске қоспақпыз. Кадрлық қызметтің қызметкері немесе мекенжай анықтамасын сұратушылар азаматтың үшінші бір тарапқа рұқсат бергені туралы SMS хабарламаны алысымен, «egov» порталына кіріп, өздері анықтаманы жүктеп алады.

Құрметті мекенжай анықтамасын талап етушілер! Жақын болашақта ҚР Ішкі істер министрлігі және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, пилоттық жобаны іске қосу күнін белгілейміз. Осыдан соң, азаматтардан мекенжай анықтамасын талап етпей, оны үшінші тараптың сервисі арқылы өздеріңіз алатын боласыздар. Көмек қажет болса, ХҚКО қызметкерлері сіздерге кеңес беруге әрқашан дайын»,-деп қорытындылады сөзін Асқар Жұмағалиев.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары