Алматыда колледж студенттері мен педагогтар латын әліпбиіне көшудің мән-жайын талқылады

Жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары

Қазақстан, Қазақ, Жаңалықтар, Тіл, Қазақша, Қазақша жаңалықтар, Әдебиет, Телеарналар, Газеттер, Радиолар, Електронды бақ, Дін, Ақпарат, Билік , Хабар,Азаттық, Қаз ақпарат , жаңалықтар бүгінгі, жаңалықтар бүгінгі, жаңалықтар қазақстан, жаңалықтар 2015, жаңалықтар қазақша, бүгінгі жаңалықтар қазақша, қазақстан жаңалықтары, жаңалықтар кз, Қазақша жаңалықтар

19.10.2017, 16:59

Алматыда колледж студенттері мен педагогтар латын әліпбиіне көшудің мән-жайын талқылады

Қазақ қоғамы латын әліпбиіне көшу мәселесін әлі талқылап жатыр. Ана тілімізге жасалғалы жатқан осынау реформаның маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Сондықтан да оны әбден ой елегінен өткізіп алуымыз керек дейді отандық тіл мамандары мен ұлт зиялылары.

Еске салайық, биыл сәуір айында Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялаған болатын. Сол уақыттан бері еліміздің түкпір-түкпірінде латынға көшуге қолдау білдірген түрлі жиындар өтті. Ал, осы қазан айының басында Мемлекет басшысының қарауына латын әліпбиінің жаңа нұсқасы жіберілгелі бері қоғам белсенділері осы жоба төңірегінде жиындар өткізе бастады. Көпшілік қауым талқыға түскен екі нұсқаның соңғысы көңілге қонымды дегенді айтып отыр.

Дәл осындай талқылау Алматыдағы Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол академиясында өтті. Оқу орнының ұстаздары мен белсенді студенттері дһңгелек үстел басына жиналып, «Қазақ  әліпбиін  латын әліпбиіне  көшіру» тақырыбы төңірегінде пікір алмасты.

Жиынға қатысқандар латын әліпбиіне көшудің маңыздылығына тоқтала отырып, реформаны қолдайтындарын айтты.

– Кең байтақ өлкеміздің барлық аймақтарында, ұжымдарында, ғаламтордың сайттарында кеңінен талқыланып жатқан бұл мәселе – сіз бен біздің бүгініміз, ал ұрпағымыздың келешегі екенін есте сақтаған жөн Сондықтан, баршаңызды өз ойларыңызды ортаға салуға шақырамыз. Қазақ әліпбиін латын жазуына көшіру – жалпы  білім беру  жүйесінде,  қазақ тілі ғылымында орын алатын үлкен өзгеріс. ҚазАДИ ұжымы да  латын  әліпбиіне көшу мәселесін қолдай отырып, осы мәселеге байланысты ой бөлісу  мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырып отыр, – деді колледждің кафедра меңгерушісі Төлеужан Нұрпейісова.

Жиында аталмыш оқу орнының тіл мамандары, ұстаздары мен белсенді студенттері баяндама жасады.

«Тілі жойылған халық ұлт болудан қалады» деген ұстаным ұстанған ұжым тілге қатысты мәселе бүкіл ұлтқа қатысты мәселе дей келе,  осы жайтқа байланысты пікірлерін ортаға салды. Ал, баяндамадан кейін студенттер латын әліпбиінің қай нұсқасы дұрыс деген тақырыпта өзара дебат өткізді.

«Тіл – тірі болсын десеңіз, азаматы – ірі болсын» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ұлтының болашағына үлкен жауапкершілікпен қарайтын ұрпақты тәрбиелеу біздің борышымыз дейді ұжым өкілдері.

Айта кетейік, бүгінде республиканың барлық аумағында қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне қатысты түрлі жиындар өтіп жатыр. Бұл ретте жастардың белсенділігін ерекше атап өткен жөн. Әсіресе, Алматыдағы ЖОО мен колледж студенттері ана тілімізге жасалып жатқан реформа жайында түрлі талқылаулар өткізіп, бұл мәселеге келгенде өздерінің бейжай қарамайтындарын жеткізуде. ҚР Білім және ғылым министрі болса жыл соңына дейін латын әліпбиінің қазақстандық жаңа нұсқасы дайын болып, бекітілетінін айтып отыр.

Мөлдір Бегімбет

Пікір қалдыру үшін әлеуметтік желі арқылы кіріңіз

     
SN туралы      Жарнама

      info.skifnews@gmail.com

«SN.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

DivideGroup — сайт әзірлеуші

©2016-2018 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

    Яндекс.Метрика