$ 443.85  474.3  4.8

Ресейде президенттік сайлау басталды

Жексенбі күні Ресейде президент сайлауына дауыс беру алдымен Қиыр Шығыс аймағындағы сайлау учаскелерінде басталды. Алғашқы болып Камчатка аймағы мен Чукотка автономиялық округінде сайлау учаскелеріне келген ресейліктер дауыс берді деп хабарлайды Азаттық.

Ресейдің орталық және солтүстік-батыс аймақтары мен Солтүстік Кавказда сайлау учаскелері Мәскеу уақытымен таңертеңгі сағат 8-де ашылады. Ал елдің батыс аймағы Калининград облысында сайлауға дауыс беру өзге өңірлерден кеш басталып, ең соңында, Мәскеу уақытымен сағат 21-де аяқталады. Содан кейін бүгінгі сайлаудың алғашқы алдын ала нәтижелері белгілі болмақ.

Ресейде президент сайлауы жетінші рет өтіп отыр. Конституцияға сәйкес 35 жасқа толған, ел аумағында кемінде 10 жыл тұрақты тұрған Ресей азаматы алты жыл мерзімге Ресей президенті болып сайлана алады. Дауыс беруге қатысқан адам санына қарамастан сайлау өткізілген болып саналады.

Ресей президенті сайлауына дауыс беруге арналған сайлау учаскелері шет мемлекеттерде, соның ішінде Қазақстанда да ашылған. "Новости" ақпарат агенттігі мұндай сайлау учаскелері Қазақстанның 17 қаласында ұйымдастырылған деп хабарлады.

Бұл жолғы Ресей президенті сайлауына түсіп жатқан сегіз кандидаттың аты-жөні дауыс беру бюллетеніне алфавиттік тәртіп бойынша енгізілген: Сергей Бабурин ("Российский общенародный союз" партиясынан), Павел Грудинин (Ресей Федерациясы коммунистік партиясынан), Владимир Жириновский (Ресей либерал-демократиялық партиясынан), Владимир Путин (өзін өзі ұсынған), Ксения Собчак ("Гражданская инициатива" партиясынан), Максим Сурайкин ("Коммунисты России" партиясынан), Борис Титов ("Партия роста" саяси ұйымынан) және Григорий Явлинский ("Яблоко" партиясынан).

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары