$ 445.66  474.58  4.78

Алматыда «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» жан-жақты талқылануда

М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа арналған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін талқылауына арналған профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста «Нұр Отан» партиясы Алмалы қалалық филиалының өкілдері мен «Жас Отан» жастар қанаты мүшелері қатысты.

Жиынды ашып, жүргізген тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Гүлнәр Мерзадинова «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуінің жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыратынын атап өтті.

– Бағдарламалық маңызды құжатта студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесіне арналуы жастарды қуантып отыр. Білімді жастар – жарқын болашақ кепілі. Сондықтан да әлеуметтік тұрмысы жақсарған еліміздің жастары барлық салада өз үлестерін қосатынына сенімдіміз, - деп айтты Г.Мерзадинова.

Сондай-ақ, отырыста «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы Гүлнәз Сабырбаева өз көзқарасын білдірді.

– Мемлекет басшысы бес әлеуметтік бастамасында барлық маңызды мәселелерді, атап айтқанда жеке баспана, сапалы жоғары білім алу, еңбек­а­қы­сының жоғарылауы, кәсібін ашуға мүмкіндік беру сияқты маңызды салаларды қамтыған. Бұл құжат әрбір қазақстан­дық отбасы мен азамат үшін өзекті, көкейкесті мәселелердің шешім табуына ықпал етеді, - деп атап өтті Г.Сабырбаева.

Кеңес барысында қатысушылар үндеудегі жүктелген міндеттерді сапалы жүзеге асыру бойынша өздерінің ой-пікірлерімен алмасып, баяндама жасады. Олар «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін бірауыздан қолдап, ондағы тапсырмаларды іске асыруға барлық күш-жігерін салатынын атап өтті.

Еске салайық, биыл наурыз айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 5 әлеуметтік бастамасын ел назарына ұсынған болатын. 

Президент халықты қолжетімді баспанамен қамту, салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, шағын несие беруді көбейту және елді газбен қамтамасыз етуді ұсынды. Атап айтқанда, әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру мақсатында Ұлттық банк арнайы ұйым құру арқылы жаңа ипотекалық «7-20-25 бағдарламасын» дайындайтын болады. Оның негізгі шарты несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 проценттен, бастапқы жарнасы 20 проценттен аспайтын болады. Несие мерзімі – 25 жылға дейін.

Ал жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін азайту  үшін Ұлттық экономика министрлігіне 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатын жұмыскерлерге салынатын жеке табыс салығының мөлшерін 1 процент ету тапсырылды. Бұл ретте, салықты азайтудан шығатын қаржының олардың жалақысын көбейтуге бағытталуы тиіс.

Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесі де Елбасы назарында Осы орайда, Білім және ғылыми министрлігіне жаңа экономикада сұранысқа ие мамандардың қажеттілігін талдау негізінде 2018-2021 оқу жылдарына арналған жоғары және жоғары білімнен кейінгі кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту туралы Қаулы жобасын дайындау жүктелді.  Сонымен қатар жоғары білім саласына қосымша 20 мың грант бөліп, 2020 жылдың соңына дейін ең кемі 75 мың орындық студенттерге жатақхана салу көзделіп отыр.

Сондай-ақ Елбасы шағын және орта бизнес үшін несие көлемін 20 миллиард теңгеге арттыру бастамасын көтерді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары