$ 446.49  475.38  4.79

Швейцария банкі Ресейге қатысты 5 миллиард долларды бұғаттады

Швейцарияның Credit Suisse банкі Ресеймен байланысты 5 миллиард доллардың активін бұғаттады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, банк Ресей активтерін АҚШ санкциясына ілігіп кетпеу үшін бұғаттап отыр.

Бұғатталған банк есепшотының иесі кім екені айтылмайды. Reuters-тің мәліметінше, Швейцария ауқатты ресейліктер қаржысын сақтайтын негізгі елдердің бірі саналады. Ресей Мемлекеттік думасы банк шешімін "долларға және қаржы институтының беделіне соққы жасау" деп атады.

22 тамызда АҚШ-тың Ресейге Ұлыбританияда ресейлік экс-агент Сергей Скрипальді улағаны үшін салған жаңа санкциясы күшіне енген. Вашингтон Мәскеуді АҚШ-тың химиялық және биологиялық қару-жарақты бақылау және оны әскери мақсатта қолдануға тыйым салу туралы заңын бұзды деп айыптайды.

АҚШ Мемлекеттік департаменті 8 тамызда жариялаған санкция бойынша, Ресейге азаматтық және әскери мақсатта бірдей қолданылатын өнімдер мен АҚШ ұлттық қауіпсіздігі саласымен байланысты тауар және технологияны экспорттауға тыйым салынады. Бұған қоса, Ресейге мұнай-газ саласына қатысы бар электроника, технология мен қосалқы құрылғылар жеткізуге де шектеу қойылады.

Ресей егер химиялық қару бойынша халықаралық сарапшылармен жұмыс істесуден бас тартса, онда үш айдан соң тағы да санкция салынады. Ол санкцияда "Аэрофлот" компаниясы ұшақтарының АҚШ-қа ұшуына тыйым салып, екіжақты сауданы барынша азайту қарастырылған.

Вашингтон жариялаған санкцияға байланысты рубль бағамы күрт арзандап кетті. Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев АҚШ санкциясын экономикалық соғыс ашу деп бағалаған.

Дерекөз: Азаттық

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары