$ 449.58  486.94  4.86

Мәскеу соты Жомарт Ертаевты қамаудан босатпады

Мәскеу қалалық соты қазақстандық бұрынғы банкир Жомарт Ертаевтың өзін қамауда ұстау туралы сот шешіміне түсірген апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Бұл туралы ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасаған Zona.kz интернет басылымы хабарлады.

ҚазТАГ ақпаратына қарағанда, 30 қаңтарда Мәскеу қалалық соты Жомарт Ертаев адвокатының Пресненский аудандық сотының Ертаевты 6 айға қамау туралы шешіміне апелляциялық шағымын қараған. Аудандық сот 2018 жылы 25 желтоқсанда Ертаевты 2019 жылдың 26 маусымына дейін қамау туралы шешім шығарған. Қалалық сот аудандық сот шешімін күшінде қалдырған.

Ресейлік «Тройка-Д Банк» иелерінің бірі 46 жастағы Жомарт Ертаевты былтыр мамырдың басында Ресей қауіпсіздік органдарының қызметкерлері ұстаған. 11 мамыр күні Мәскеудің Пресненский аудандық соты прокуратураның Ертаевқа қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартып, оны үйқамаққа алған.

Қазақстан Бас прокуратурасы Жомарт Ертаевты сырттай Қылмыстық кодекстің 177-бабының 4-тармағы («алаяқтық») бойынша айыптап отыр.

Қазақстан билігі Жомарт Ертаевты «қазақстандық Bank RBK-нің директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі болған кезінде банктен жалған фирманың атына 80 миллион доллардан астам займ алып беруге және оны қайтармауға көмектескен» деп күдіктенеді.

Былтыр мамырда ресейлік БАҚ Жомарт Ертаевтың адвокаты арқылы жолдаған үндеуін жариялаған. Үндеуде Ертаев Bank RBK-да ешқашан жұмыс істемегенін, бұл банктің штатында және акционерлері құрамында болмағанын айтады. Ресейлік «Коммерсантъ» газеті Жомарт Ертаевтың сотта Ресейден саяси баспана және азаматтық беруді мәлімдегенін хабарлаған. Ол өзін қудалаудың саяси астары бар деп білетінін айтқан.

Қаңтардың басында Ресей ақпарат құралдары Мәскеу қалалық соты Жомарт Ертаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарғанын хабарлаған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары