Қазақ дипломатиясының ханшайымы - Жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары. Skifnews.kz ақпараттық портал

Жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары

Қазақстан, Қазақ, Жаңалықтар, Тіл, Қазақша, Қазақша жаңалықтар, Әдебиет, Телеарналар, Газеттер, Радиолар, Електронды бақ, Дін, Ақпарат, Билік , Хабар,Азаттық, Қаз ақпарат , жаңалықтар бүгінгі, жаңалықтар бүгінгі, жаңалықтар қазақстан, жаңалықтар 2015, жаңалықтар қазақша, бүгінгі жаңалықтар қазақша, қазақстан жаңалықтары, жаңалықтар кз, Қазақша жаңалықтар

Қазақ дипломатиясының ханшайымы

14.11.2016 17:53
Қазақ дипломатиясының ханшайымы

Тәуелсіз мемлекет мәртебесін алғаннан кейін Қазақстан халықаралық қатынастар саласында көптеген биік табыстарға қол жеткізді. Әрине, бастапқы кезең біз үшін оңай болған жоқ, себебі, жаңа егемен елге әлемдік қоғамдастыққа кірігу тұжырымдамасын әзірлеу қажет еді. Егемендік жылдары Қазақстан Республикасы бейбітшіл, сараланған және болжамды саясат жүргізгені үшін халықаралық қоғамдастықтан тиісті бағасын алды. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы осының айғағы болып табылады. Дегенмен, отандық дипломатияның өте маңызды осынау жеңісінің іргетасы осыдан әлдеқайда бұрын қаланған еді.

Қазақ дипломатиясының бастауларында Нәзір Төреқұлов, Төлеген Тәжібаев, Қайырғали Байғалиев, Асқар Зәкәрин, Әди Шәріпов, Балжан Бөлтірікова, Мәлік Фазылов, Мүсілім Базарбаев, Михаил (Хакім) Есенәлиев және басқа да көрнекті мемлекет қайраткерлері тұрды. Сол ардақты тұлғалар сыртқы саясат ісіне белсене қатысып, Қазақстан дипломатиялық мектебінің негіздерін қалады.

Аталған тұлғалар арасында Балжан Бөлтірікқызының аты, орны және атқарған рөлі ерекше. Ол Қазақ КСР-інің тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеген Тәжібаев сынды, БҰҰ Бас Ассамблеясы сессияларының жұмысына белсене қатысып, оның мәртебелі мінбесінен сөз сөйлеген ең алғашқы қазақ дипломаты болды.

Біздің елімізде 1960-жылдары-ақ әйелдер арасынан Сыртқы істер министрі тағайындалды. Сол маңызды лауазымды Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Балжан Бөлтірікова аса абыроймен атқарды. Ол заңды түрде қазақтың тұңғыш әйел Сыртқы істер министрі болып табылады. Бір мысал келтірейік, 1923 жылы құрылған Түрік Республикасында тұңғыш әйел сыртқы істер министрі бізден 30 жылдан кейін – тек 1996 жылы ғана тағайындалды.

Балжан Бөлтірікқызы 1921 жылғы 15 қарашада Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Қасық елді мекенінде дүниеге келген. 1937-1941 жылдары Алматы педагогикалық институтында оқу кезінде Сталин атындағы шәкіртақының иегері атанып, байыпты студент болған. Тіпті, институтта білім алу кезінде-ақ Б.Бөлтірікова Алматы қаласы Фрунзе (қазіргі Медеу) ауданының депутаттар кеңесіне сайланды. Сол кездің бір күнінде ерлі-зайыпты Бақытжан Байқадамов (болашақ композитор) пен Валентина Панфилова (әйгілі әскербасы, генерал Иван Панфиловтың қызы) оны Ескендір Қожабаевпен таныстырады. Олар бір-біріне ғашық болып үйленеді және ұзақ жыл бойы, Есекеңнің өмірінің соңына дейін бірге болады.

Е.Қожабаев тамаша заңгер ғалым болған, қазақ арасынан ең алғашқылардың бірі болып құқықтану мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған, «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген заңгері» құрметті атағын иеленді және КСРО Журналистер одағының мүшесі болды. Өмірінің соңғы жылдарына дейін Ескендір ата «Білім» қоғамының құрметті және белсенді дәріскері болып, өзінің бай ғылыми және кәсіби тәжірибесін жастармен бөлісті.

1943 жылы Балжан Бөлтірікқызы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын қызыл дипломмен бітіргеннен кейін Алматыдағы әйгілі №12 қазақ орта мектебінде мұғалім, оқу бөлімінің меңгерушісі, директоры болып жұмыс істеді. 1949-1955 жылдары Қазақ КСР-інің Бастауыш және орта мектеп кәсіподақ қызметкерлері орталық комитетінің төрайымы болды. 1956-1966 жылдары Қазақ КСР-інің Әлеуметтік қорғау министрі болып қызмет атқарды. 1966-1971 жылдары Қазақ КСР-інің Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі лауазымын атқарды. 1971-1974 жылдары Қазақ КСР-інің Білім және ғылым министрі, ал 1974 жылдан 1980 жылға дейін Кәсіби- техникалық білім жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары болды. 1980 жылы зейнетке шығып, Кеңес Одағының дербес зейнеткері мәртебесін алды.

Сөйтіп, Балжан Бөлтірікқызы небәрі 13 жылда мұғалім және мектеп директорынан Әлеуметтік қорғау министріне, кейін Министрлер Кеңесі Төрағасының әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасарына дейін өсті. Вице-премьерлік лауазымымен бір мезгілде ол 5 жыл бойы Сыртқы істер министрі қызметін қоса атқарды. Сол жылдары Кеңес Одағының Сыртқы істер министрлігін әлемдік дипломатияда аты аңызға айналған алыптарының бірі А.Громыко басқарды. Б.Бөлтірікова, БҰҰ Бас Ассамблеясының 23-ші (1968 ж.) және 25-ші (1970 ж.) сессияларының жұмысына қатысу үшін Кеңес Одағының делегациясы құрамында Нью-Йоркке жасаған сапарлары, Андрей Андреевичпен кездесулері мен бірлескен жұмыстары туралы журналистерге ерекше жылы сезіммен баяндайтын еді.

БҰҰ-ның рәсімдік ережелеріне сәйкес, сол кездері Бас Ассамблеяның барлық ресми отырыстары стенография әдісі арқылы жазылғанын атап өту қажет (қазіргі уақытта дыбыс және бейнежазу қолданылады). БҰҰ Кітапханасының техникалық қолдауымен Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің кызметкерлері Балжан Бөлтірікқызының атақты жасыл мінберден Кеңес Одағының атынан жасаған баяндамаларын тауып алған.

Алайда, стенограммалар дипломатиялық қызметтің барлық қыр-сыры мен құпияларын толықтай көрсете алмайды. Мысалы, Б.Бөлтірікованың өзі кейінгі жылдары айтқан оқиғаны қандай да бір ресми стенографиялық жазбадан табу мүмкін емес. 1970 жылы ол БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 25-ші сессиясына қатысқан Кеңес Одағы делегацияның құрамында Бас Ассамблеяның әлеуметтік және гуманитарлық мәселелермен айналысатын Үшінші комитетінде Кеңес Одағы делегациясына жетекшілік етті.

Сол кезеңдегі «қырғи-қабақ соғыста» Кеңес Одағының басты қарсыласы болып табылатын АҚШ әлемнің барлық тұрғындарының шағымдарын қарастыру міндеті бар «Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар» лауазымын құру туралы құжатты қабылдауға ниеттенген еді. Ондай лауазымды құру КСРО мүдделеріне сәйкес емес еді және Кеңес Одағы делегациясына бұл мәселені күн тәртібінен алып тастау тапсырылды. Жаңа лауазымды құруға мүдделі Батыс елдерінің коалициясы сол сәтте жоғарыдағы мәселе бойынша көптеген дамушы елдердің қолдауын таба алды. Алайда, америкалықтар Жоғарғы комиссар лауазымына Иран ханшайымын, ал британдықтар мен француздар Конго өкілін ұсынды.

Б.Бөлтірікова Батыстың ұсынысына қарсы әрекет ету бойынша Азия және Африка елдері арасында жұмыс атқарды. Батыс лагеріндегі қайшылықтарды пайдалана отырып, Б.Бөлтірікова үміткерлердің біріне оның қарсыласы жеңісті тойлап жатқаны туралы сырларымен бөлісті және кеңестік делегация осындай шешімге қарсы шығуға дайын екенін айтты. Осындай жұмыстың үлкен бөлігі Бас Ассамблеясының ресми залдарынан тыс, соның ішінде, кейде экзотикалық ұлттық тағамдар ұсынылатын бейресми қабылдауларда жүргізілетін. Кейінірек, Балжан апай сол қиын келіссөздер барысында табысқа қол жеткізуге кеңестік делегация ұйымдастырған қабылдаудың мәзіріне енгізілген, өз қолымен әзірленген ет тағамы белгілі бір рөл атқарғанын баяндап берді. Бұл тағамды Азия мен Африка елдері делегаттары ұнатқаны белгілі болып шықты. Кездейсоқ па, әлде жоқ па, бірақ Кеңес Одағының мүдделеріне қайшы Батыстың бастамасына тосқауыл қою туралы түпкілікті уағдаластыққа сол қабылдаудың нәтижесінде қол жеткізілді.

Келесі күні-ақ коалицияның ыдырағаны және Батыстың ұсынысы көпшілік дауыс жинай алмайтыны туралы хабарланды. Осындай шебер дипломатиялық жұмыстың нәтижесінде Жоғарғы комиссарды сайлау болдырылмады және Кеңес Одағы ұзақ мерзімді дипломатиялық күрестің осы кезеңін жеңіп шықты. Айтпақшы, БҰҰ Бас Ассамблеясы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссардың басқармасын 1993 жылы ғана құра алды.

Б.Бөлтірікованың дипломатиялық тапқырлықтарын жоғары бағалаған КСРО Сыртқы істер министрі А.Громыконың ұсынысы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы 25-ші сессиясы шеңберіндегі жұмыс барысындағы жетістіктері үшін ол Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Б.Бөлтірікова халықаралық пішімдегі бірқатар форумдарға қатысып, Жапония, АҚШ, Корея, ІІІвейцария, Чехословакия, Сирия, Мысыр, Цейлон (Шри-Ланка), сондай-ақ басқа да елдерге сапарлармен барып, барлық жерде Қазақстан атынан лайықты түрде өкілдік етті. Өзінің ұзақ жыл бойғы қызметі үшін ол үш орденмен, жеті медальмен, соның ішінде «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасының және одақтық қоғамдық ұйымдардың дипломдарымен марапатталды. Балжан Бөлтірікованың аты мен өмірбаяны Кембриджде басып шығарылатын «Әйелдердің арасында кімнің кім екені» халықаралық анықтамалығында, Қазақ КСР-і энциклопедиясында, одақтық және республикалық басылымдарда жарияланды.

Б.Бөлтірікова жетекшілік еткен әлеуметтік және мәдени өмірдің барлық салалары үлкен күш-жігер, мемлекеттік материалдық және қаржылық қолдауды талап етті. Бұл мәселелерді беделі және Қазақстан басшылығы, жергілікті билік органдары, әріптестері мен қызметкерлері тарапынан құрметке ие болуының нәтижесінде сәтті шешу мүмкін болды.

Балжан Бөлтірікованың балалары мен немерелері оның өмір бойы адамға деген сүйіспеншілік пен құрметті, қарапайымдылық пен білімге талпынысты тәрбиелегенін еске алып отырады. Осындай тәрбиенің арқасында оның қызы Лаура Мәскеуде университет бітіріп, қытай және жапон тілдерінің жоғары кәсіби оқытушысы болып танылды, кіші қызы Бағлан Қазақ ҰПУ-дің (бұрынғы ҚазПИ) профессоры. Ұлы Руслан Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары қызметін атқаруда.

Балжан Бөлтірікова 1998 жылғы 11 мамырда қайтыс болды. Биыл ол 95 жасқа толатын еді. Біртуар әйел – педагог, дипломат, мемлекет қайраткері туралы естелік ұрпақтарының жүрегінде әрдайым сақталады.

Ерлан ЫДЫРЫСОВ,
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі

«Skifnews.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

E-mail: info.skifnews@gmail.com

Сайтта жарнама орналастыру

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 


©2016 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

DivideGroup — сайт әзірлеуші