$ 447.4  477.55  4.76

Жанармай мәселесінде жақ ашпаған депутаттарды Қазақстан футболының тағдыры қатты алаңдатып отыр

Елде өршіп тұрған жанармай мәселесіне қатысты жақ ашпаған депутаттарды алаңдатып отқан басқа да "маңызды" мәселе бар екен, ол фуболдан Қазақстан ұлттық құрамасы. Отандық футболшылардың жиі жеңілуі, әлемдік рейтингтегі жағдайының нашарлауы Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовқа "ұйқы бермей" жүрсе керек, халық қалаулысы бүгін ағынан жарылып, министр Арыстанбек Мұхамедиұлына депутаттық сауал жолдады.

Қазақстан футболшыларының доп ойнай алмауы жаңалық емес, оған халықтың көзі де, еті де үйренді. Ал, Магеррамовтың мұншама алаңдатып отырғаны футболға бөлініп жатқан миллиондар мен миллиардтар екен.

"ФИФА рейтингінде Қазақстан құрамасы 105-ші орыннан 126-шы орынға бір-ақ құлдырады. Бұл тізімде біздің соңымыздан Орталық Африка республикасы келеді. Ал, алдымызда Тазназния мен Солтүстік Корея. Тіпті, Антигуа мен Барбуда, Малави, Сент-Китс және Невис секілді елдер де бізден көш ілгері. Сіз екеуміз бұл елдерді картадан оңайлықпен таба алмайтынымызға да сенімдімін. Ұлттық құраманың іріктеу ойындарында сүреңсіз ойнауы мен әлемдік рейтингте құлдырауынан кейін де ешқандай ауыс-түйіс болған жоқ", - дейді Магеррамов Мәдениет және спорт министріне жазған хатында.

Ол сондай-ақ, Қазақстанда миллиондаған гонорар алып жүрген "футбол жұлдыздарының" ойыны аула футболының деңгейінен әрі аспайтынын ашып айтты. Ал, қоғам тарапынан осы желге ұшып жатқан қаражат мәселесі қанша көтерілсе де спорт шенеуніктері жұмған ауыздарын ашқан емес. Депутат осы тұрғыда отандық футболға түбегейлі өзгерістер жасау керек деп есептейді.

"Қазақстан ұлттық құрамасына бас бапкер етіп ТМД елдерінен мамандарды шақыртуды қою керек. Бұл елдердің ішкі чемпионаттары өте төмен деңгейде. Ел футболын көтеру үшін төмендегі шараларды қолдануды ұсынамын:

- футболшылардың ақылға қонымсыз гонорарларын қысқарту;
- клубтық командалардың құрамына шетелдік ойыншыларды қосуға 7 жылдық лимит енгізу;
- бір клубтағы легионерлер саны 4 ойыншыдан аспауы тиіс;
- әр ойынға бір клубтан шетелдік екі футболшыдан артық шығуға шектеу қою.

Депутаттың пікірінше, шетелге тәжірибе арттыруға жас футболшыларды емес, бапкерлерді жіберу керек. Олар кейін Қазақстанға келіп шәкірттерін тәрбиелейді дейді ол.

Бұған дейін ешқашан мардымды ойын көрсете алмаған футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының тағдыры депутаттарды енді ғана алаңдата бастағаны бізге де қызық. Отандық футболға миллиардтаған ақшаның бөлініп жатқаны бүгін ғана емес қой?! Ұлттық құрамамыз УЕФА-ға мүше болғалы футболшылардың "ұрты майланған". Жалақылары депутаттардың жалақысынан бірнеше есеге де көп. Жалақыдан бөлек әрқайсысы гонорар, бонус секілді қосымша қаражатты тағы алады. Жеңілсе де.

Ал, футболдан аса хабары жоқ Арыстанбектің Мәжіліс депутатына не жауап беретінін де болжау қиын емес. Ол ертең футболға қаражатты ұлттық компаниялар мен демеушілердің есебінен алып жатқанын айтуы мүмкін. Тіпті, бұл мәселені Қазақстан футбол федерациясына ысыра салса да таң қалмаймыз. Соңында мәселені бір-біріне сілтеп, ұмыттырып жіберетін шығар... Біздің шенеуніктердің қолынан басқа іс істеу келмесе де, ұмыттырып жіберуді олар өте жақсы меңгерген емес пе?!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары