$ 446.49  475.38  4.79

Қарызға белшесінен батқан «Ақтөбе» ФК жанкүйерлерден қаржылай көмек сұрап жатыр

Клубтың бас директоры Самат Смаков ақшаны достарынан қарызға алуды бастаған деп жазады Aktobenews.kz тілшісі. Клуб жанкүйерлері команданы қиын сәтте қолдау үшін шот ашу керектігін айтып жатыр.

«Жиналатын қаржы жөніндегі ақпарат ашық болуы тиіс. Түскен қаржыны тек Самат Кабирович (Смаков — ред.) қана басқара алатын болады. Клубтың жалғыз еместігін көрсетеміз. Соңында көмектескен адамдардың тізімін жариялаймыз», — деп жазылған жанкүйерлер тобының бірінде.

Жуырда жанкүйерлерден түсетін қаржыны қабылдайтын шоттың ашылатындығын клубтың өкілі растады. Алайда, ол мұның әзірше бейресми ақпарат екендігін тілге тиек етті. Оның сөзінше, мұндай тәжірибе шетелдік клубтарда бар.

«Мәселен, «Галатасарай» клубы дағдарысқа ұшырағанда жанкүйерлері қаржы жинап, клубты аман алып қалды», — деді ол.

Дегенмен, клубтың қыруар қарызы бар екені анықталды. Бұл туралы «Ақтөбе» футбол командасының бас директоры Самат Смаков мәлімдеді. Оның айтуынша, клуб кемінде 10 шақты ойыншыға қарыз екен. Бір ғана Неманьи Николич клубтан 150 миллион теңге талап етіп отыр. Ал Виторға қарызды қайтару үшін Самат Смаков дос-жарандарынан ақша сұрапты.

«Клубтың шоты арестке алынды. Төлем жүргізе алмай қалдық. Достар арқылы қолма-қол ақша табуға мәжбүр болдық. Мен өзім барлық достарыма шықтым, қаржыны жинадық. Ақшаны таптық та, Виторға жібердік. Бірақ, ол байланысқа шықпайды…», — деген ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары