$ 448.15  483.46  4.86

Илья Ильин үлкен спортқа қайта оралды (ВИДЕО)

Қазақстанның даңқты ауыратлеті Илья Ильин үлкен спортқа қайта оралды. Олимпиада ойындарын екі рет, әлем чемпионатын 5 рет жеңіп алған спортшыны алдыңғы жылы WADA (Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік) допинг қолданды деп айыптап, Олимпиада чемпионы деген атағынан айырған болатын.

Біраз уақыт демалған Ильин қазір жаттығуды қайта бастағанын айтып отыр. Ол Токиода өтетін келесі олимпиадаға қатыспақ ниетте.

"Мен қазір нағыз бабыма келген жоқпын, дайындығым тек 40% ғана. Өйткені, ауыр атлетикамен енді ғана айналыса бастадым, 10 күн болды. Негізінен жалпы спорттық бабымды жоғалтып алмау үшін жүзумен, жүгірумен, футболмен айналысып келдім осыған дейін. Ал, ауыр атлетикамен әдейі айналыспадым. Өйткені, жаңадан бастаған спорт жолымды қарапайым атлеттің деңгейінен бастағым келді. Қазір бабыма тез келіп жатырмын, ағзамды да қаншалықты дайын екенін тексеріп жатырмын, әзірге бәрі ойдағыдай. Ауыр атлетикамен 32 жасқа дейін айналысуды бұрыннан мақсат еткенмін", – деді Ильин Kazakh TV телеарнасындағы Sports nation бағдарламасына берген сұхбатында.

Ол Токио олимпиадасын жеңіп алуды бұрыннан армандағанын жасырмады.

"Әрине, мен Олимпиада ойындарын 4 рет жеңіп алған алғашқы ауыратлет болғым келді. 10 жыл бұрын жоспар да түзіп қойғам. Қазір сол жоспармен келе жатырмын. Бұл біріншіден. Екіншіден, мен бұл іспен шұғылданғанды жақсы көремін, белсендімін және қазір нағыз нәтиже көрсететін жастамын. 29 жас - бұл спорт үшін нағыз шың: шеберлік те бар, даналық та бар, дайындық та бар, бап та бар", – деді даңқты спортшы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары