$ 448.15  483.46  4.86

FIFA рейтингінде Қазақстан ұлттық құрамасы 17 сатыға жоғарылады

Халықаралық футбол қауымдастықтары одағы (ФИФА) ұлттық құрамалардың жаңарған рейтингін жариялады. Қазақстан құрамасы 17 саты жоғарылап, 119-орынға көтерілген деп жазады Vesti.kz.

Наурыз айының басында Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы болып Станимир Стойлов келді. Оған Астана футбол клубын жаттықтырған маман жаңа қызметін сәтті бастады. Қазақстандық футболшылар 23 наурыз күні Венгрия құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Араға бірер күн сала Болгариямен ойнап, 2:1 есебімен есе жіберіп алды. Соңғы минутта соғылған гол қазақ футболшыларын сан соқтырды. Әйтпесе доп ұстау мен шабуылда Станимир Стойлов шәкірттерінің басымдығы байқалған-ақ еді.

Жаңарған рейтинг бойынша Қазақстан құрамасы 17 орын алға жылжыды. Ал көршілес Қырғыз елінің құрамасы осы айдағы рейтингте үздік нәтиже көрсетті. Олар 40 саты жоғарылап, 75-орынға табан тіреген. Ең төменгі нәтижені Гаити құрамасы көрсеткен. Олар 23 саты төмендеп, 108-орынға түскен.

Жаңарған рейтингтің алғашқы ондығында да өзгерістер бар. Португалия құрамасы үздік үштіктен шықса, Аргентина 4-тен 5-орынға төмен сырғыған. Есесіне Бельгия құрамасы 3-орынға көтерілді. Швейцария 6-шы, Франция 7-орынға көтерілген. Чили 9-орынға жоғарылаған. Испания құрамасы 2 саты төмен түсіп, 8-орыннан көрінсе, 4 саты артқа қайтқан Польша құрамасы үздік ондықты түйіндеп тұр.

Айта кетейік, ФИФА рейтингі 1993 жылдан бері түзіліп келеді. Сол арқылы ұлттық құрамалардың өсу деңгейін, көрсетіп келе жатқан нәтижелерін бағамдауға болады. Рейтинг тарихында көш тізгінін 7 ұлттық құрама ғана иеленген. Оның бесеуі Еуропадан болса, екеуі – Оңтүстік Америка құрлығынан. Олар: Германия, Италия, Франция, Испания, Нидерланды, Бразилия және Аргентина.

2006 жылы Германияда өткен әлем чемпионатынан кейін рейтинг ұпайын есептеу жүйесіне арнайы өзгертулер енгізілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары