$ 447.4  477.55  4.76

Жезқазғанда ескек есуден ел біріншілігі аяқталды

22-26 тамыз аралығында Жезқазған қаласының Кеңгір суқоймасында 2003 жылы және одан жоғары жылы туған жастар арасында байдаркада және каноэда есуден Қазақстан Республикасының жеке чемпионаты өткен болатын.

Қазақстанның Астана, Алматы, Атырау, Шымкент қалалары, Алматы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарынан, сондай-ақ, Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларынан 130 спортшы, 12 команда қатысты. Еліміздің түпкір-түпкірінен келген қатысушыларға жарыстың ашылу салтанатында Жезқазған әкімі аппаратының міндетін атқарушы Ләйлә Әлкебаева сәттілік тіледі.

Байдаркада және каноэда есуден мемлекеттік жаттықтырушы Айдар Қартбаев, байдаркада және каноэда есу бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ұлттық санаттағы төреші Қайсар Нұрмағанбетов жас ескекшілерге сәттілік серік болсын деп ақжарма тілектерін жеткізді.

Төрт күнге созылған дүбірлі доданың қорытындысы бойынша, Жезқазған қаласының құрама командасы жалпы есепте 20 медаль жеңіп алды. Оның ішінде Александр Гудилов 2 алтын, Ольга Шмелева, Карина Қуанышева, Альбина Ахтареева, Евгения Банщикова, Данил Хоменко, Эдуард Рунов, Никита Дергунов, Данил Фефелов қоржынды күміс медальмен толықтырса, Александр Гудилов, Ольга Шмелева, Полина Калициненко, Валерия Копущу және Евгения Банщикова қола медальді қанжығалады.

Аталмыш чемпионат қазан айында Өзбекстан мемлекетінің Самарқанд қаласында өтетін Азия кубогіне қатысуға іріктеу кезеңі ретінде өтті. Сондай-ақ, бұл жарыста Қазақстанның 2019 жылғы байдаркада және каноэда есуден құрама командасына кандидаттар қаралды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары