$ 446.49  475.38  4.79

БОКС: Джошуа – Поветкин жекпе-жегінің толық видеонұсқасы

Кәсіпқой бокстан аса ауыр салмақтағы әлем чемпионы, WBA (Super), WBO, IBF және IBO чемпиондық белбеулерінің иесі британдық Энтони Джошуа ресейлік Александр Поветкинді нокаутпен жеңіп, өзінің төрт титулын да сәтті қорғады.

Аталған бокс кеші Лондондағы «Уэмбли» стадионында өткен болатын. Жекпе-жек бастала салысымен «Витязь» лақап атымен танымал Поветкин басымдықты өз қолына алғысы кеп, қарсыласына тура соққыларын дарыта білді. Тіпті, бірінші раундтың соңында Джошуа ауыр соққыдан есеңгіреп те қалған. Тек үшінші раундта ғана «есін жиған» британдық боксшы тура соққыларымен Поветкиннің мазасын қашырып, рингтегі «қожайынның» өзі екенін көрсете білді.

Ал, жетінші раундта күтпеген жерден ауыр соққы алып қалған Поветкин шаршы алаңның «бесінші бұрышын» іздеп кетті. Алайда, ол дереу есін жиып, жекпе-жекті жалғастыруға келісіміен бергені сол екен, Джошуаның ауыр екі соққысы бұл кездесудің нүктесін қойды. Соққының ауыр болғаны сонша, Поветкин жедел жәрдемнің көмегінен кейін ғана аяққа тұрған. Қазірдің өзінде ол дәрігерлердің бақылауында.

Осылайша, Энтони Джошуа кәсіпқой бокстағы 22-кездесуін де жеңіспен аяқтады, оның 21-і нокаутпен. Ал, 39 жастағы Поветкин болса 36 жекпе-жектің 34-де жеңіске жетіп, екеуінде есе жіберген. Алғаш рет ол украин боксшысы Владимир Кличкодан 2013 жылы жеңілген болатын.

Айта кету керек, Александр Поветкин 2004 жылғы Афиныда өткен олимпиада ойындарының чемпионы болса, Джошуа 2012 жылы Лондон олимпиадасында топ жарған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары