$ 445.66  474.58  4.78

Жезқазғандық таэквондошылар Kazakhstan open-2018 турнирінен жүлдемен оралды

Атырау қаласында өткен таеквандодан бірінші ашық Азия чемпионаты мен «Kazakhstan open 2018» халықаралық турнирінде мысты өлкенің намысын қорғаған жезқазғандықтар жүлдемен оралды. Жеңімпаз спортшыларды туған жерде жерлестері темір жол бекетінде бар сән-салтанатымен қарсы алды.

Аталған қос дүбірлі дода төрт күнге созылды. Еліміздің түпкір-түпкірін есепке алмағанда Корея, Үндістан, Тәжікстан мен Қырғызстан, Өзбекстан республикасынан барлығы 500-ге жуық таеквандошы келді. Аталған турнирге Жезқазған қаласының таеквандо спорт орталығынан барлығы бес спортшы қатысқан болатын. Олар өз салмақ дәрежелерінде бақ сынасып, жүлделі орындарға ие болды.

– Біздің тәрбиеленушілер артқан сенімді ақтай білді. Қарсыластарын ойсырата жеңіп, жеңіс тұғырынан көрінгені үлкен қуаныш әрі жетістік. Жеңіске жету жолында жігерлік пен табандылық танытқан шәкірттеріме және әр қадамымызды қолдайтын ата-аналарға айтар алғысым шексіз, – деді жеңімпаздардың жаттықтырушы-бапкері, таеквандо спорт орталығының директоры Арнат Сейтенов.

«Kazakhstan open 2018» халықаралық турнирінде жезқазғандық үш бірдей спортшы ақтық айналымға жолдама алды. Осылайша, Асылан Рахымбек алтын, Әлібек Ермекбай күміс, ал Айбек Имантаев қола жүлдегер атанып, ел абыройын асқақтатты. Ашық Азия чемпионатында Татьяна Чечель мен Даниил Кудашевтің бағы мен бабы қоса шауып, қола жүлдені қанжығаға байлады.

Бүгінгі күні Жезқазған таеквандо спорт орталығында 300-ден аса тәрбиеленуші шығыс жекпежектің қыры мен сырына қанығып, меңгеруде. Олар жыл бойы республика көлемінде ұйымдастырылатын байрақты бәсекелерге белсенді қатысып, жүлдегер де атанып жүр. Жезқазғандық таеквандошы жастардың биіктен көрінбеуіне негіз жоқ. Өйткені, олар кіл мықты бапкерлердің алдын көріп, жаттығуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары