$ 444.32  473.33  4.76

Алматыда балаларды бұқаралық спортқа тарту мәселелері талқыланды

Қазақстанның болашағы жастар екенін ескерсек, біз қазірден бастап өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстанғанын қамтамасыз етуіміз керек. Өйткені, Қазақстанды дамыған отыз елдің қатарына дені сау, ақылы бүтін, санасы бүлінбеген, білімді жастар ғана алып кіре алады. Сондықтан, үкімет жастардың білім-ғылымды меңгеруін қамтамасыз етумен қатар, олардың денсаулығына да үлкен көңіл бөліп келеді.

Мемлекет басшысының өзі жыл сайынғы жолдауларында бұқаралық спортты дамыту қажеттігін, спорт нысандарына қолжетімділікті қамтамасыз етуді тапсырып, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға үгіттеп келеді. Соның арқасында соңғы 5 жыл көлемінде қалалардағы көпқабатты үйлердің аулалары спорт алаңқайларына айналып үлгерді. Балалар спортын дамыту мақсатында жаңа нысандар бой көтеруде. Үкімет тарапынан мемлекеттік бағдарламалар әзірленіп, шалғай ауылдардағы жастарды спортпен қамтудың жолдары қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, спортқа қызығушылығы бар жеткіншектерге арнап спорт интернаттары салынған және мұнда балалардың білім алуына да, үздіксіз спортпен шұғылдануына да бірдей жағдай жасалған.

ҚР Мәдениет және спорт министрілігінің мәліметінше, елімізде спортпен айналысатын жастардың қатары артып келеді екен. Мұны Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов те растап отыр. Бүгін мегаполистегі «Нұр Отан» партиясының баспасөз орталығында басқарма басшысы мен «Спорттық Алматы» бағдарламасының жетекшісі Ержан Мұхаманов «Алматыда баланы қалай спортқа тарту керек?» деген тақырыпта брифинг өткізіп, журналистерге балалар спорты саласындағы мән-жайды баяндады.

Мәжіліске сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасының орынбасары, қалалық мәслихаттың депутаты Станислав Канкуров қатысып, алматылықтардың үштен бірі салауатты өмір салтын ұстанатынын айтты.

«Қазіргі кезде мегаполистегі бұқаралық спортты дамыту мақсатында 4 перспективалық бағдарлама жүзеге асырылуда: «Спорттық Алматы», «Спорт менің ауламда», «Батыл бол», «Белсенді ұзақ өмір сүру». Қалада дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санының тұрақты өсу үрдісі байқалады. Ол 500 мыңнан астам адамды немесе тұрғындардың 30%-ын құрайды, - деп атап өтті Станислав Канкуров.

Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша, Алматыда 1839 спорт нысаны тұрғындарға қызмет етеді екен. Мәселен, былтыр Алатау ауданында жеңіл атлетика стадионы пайдалануға берілген болатын. Мұндай алып спорт нысаны қалада 40 жылдан кейін алғаш рет салынып отыр.

Ал, осы жылы Әуезов ауданында «Эйс» теннис орталығы ашылды. Сонымен қатар, Орталық стадионның қосалқы алаңын қайта жаңарту, Медеу ауданында 5 мың орын­ға арналған жеңіл атлетикалық манеж­дің құрылысы және Алатау ауданында теннис орталығын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

2017 жылғы Уни­версиада аясында салынған «Халық Арена» және «Алматы Арена» мұз сарайларында 10 хоккей клубы жаттығады, 4 мәнерлеп сырғанау мектебі, керлинг секциясы және шорт-тректен спорт мектебі жұмыс істейді. Мұнда барлығы 632 бала спортпен айналысады.

Сондай-ақ, бұл нысандарда 15 спорт секциялары ашылды, онда 983 адам (825 бала және 158 ересек) шұғылданады. Спорт кешендерінің бассейндерінде «АРДИ» (Мүгедек балалардың ата-аналарықауымдастығы) орталығымен бірлесіп, «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жүзу тобы» әлеуметтік тегін жобасы жүзеге асырылуда.

Ал, Алматы ипподромында жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Онда балалар мен жасөспірімдерді олимпиадалық ат спорты мен ұлттық ат спорты түрлерінен оқыту жүргізіледі. 2018 жылдың басынан бастап мектеп спортшылары қалалық, облыстық және республикалық маңызы бар 10 жарысқа қатысып, 14 жүлделі орынға ие болды.

 Алдағы уақытта велосипедшілерді дайындайтын велотректің және «Спутник» стадионының қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында 10-ға жуық ірі іс-шараларды өткізу жоспарланған. Сарай базасында 400-ге жуық адамды қамтитын 5 спорт секциясы жұмыс істейді және «Айсұлу» әйелдер хоккей клубы спорттық-жаттығу процесін жүзеге асырады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары