$ 445.66  474.58  4.78

Жауынгер есімі ұлықталды

Мысты қаламызда XXVII рет өткізілген жауынгер-интернационалист Асылбек Мамажанов пен Виктор Тарадайды еске алуға арналған бокстан республикалық ашық турнир өз мәресіне жетті.

Турнирдің ашылуына қала әкімдігімен қатар, бокс спортының шеберлері, ауған соғысының ардагерлері қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында қала басшысы Қайрат Бегімов турнирге қатысушы спортшыларды құттықтап, жеңіс пен жоғары жетістіктер тіледі. «Жезқазған қаласының Ауған соғысының ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ақылбек Аманов жас боксшыларға әр қашан биіктен көрінсін деп ақжарма тілегін білдірді.

Ақылбек Түсіпұлына Астана қаласынан «Қазақстан Республикасы Ауғанстан соғысы ардагерлер» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ауған соғысының ардагері, бокстан халықаралық дәрежедегі АИБА төрешісі Ашимов Ерболат ағамыздың атынан алғыс хатты және естелік сыйлықты табыс етілді.

Еліміздің түпкір-түпкірінен былғары қолғап шеберлерін жинаған жарыс бес күнге созылды. Биылғы жарыстың ерекшелігі – көршілес Өзбекстан және Қырғыстан мемлекеттерінен спортшылардың қатысуы болды. Оған қоса, Астана, Алматы, Петропавл, Семей, Көкшетау, Степногорск, Щучинск, Қарағанды ОРБЖМ, Қарағандының Ә.Молдағұлова атындағы мектеп-интернаты, Сәтбаев, Жезқазған қалаларынан келген 100-ге жуық боксшы 9 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ҚР спорт шеберіне үміткер атағы берілді.

Жезқазғандық былғары қолғап шеберлері де бұл жарыста өз бақтарын сынап, жеңіс тұғырынан көріне білді. Атап айтқанда, Сейілбек Әмірхан 64 келі салмақта жүлделі І орынды және «Үздік боксшы» номинациясын жеңіп алды.

Сара ТЕМІРҒАЛИ

Суретті түсірген Ғалия ӘБДІҒАППАРОВА

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары