$ 447.4  477.55  4.76

Ауыр атлетика: ел спортшылары Тайландтағы чемпионаттың алтын, күміс және қоласын еншіледі

Тайландтың солтүстігіндегі Шиаңгымай қаласында ауыр атлетикадан өтіп жатқан халықаралық ЕГАТ чемпионаты мәресіне жетті. Чемпионаттың бүгінгі соңғы күні қазақстандық ауыр атлеттер үш медальге қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ауыр атлетикадан өтіп жатқан халықаралық чемпионаттың бүгін соңғы күні өтті. Аталмыш чемпионат - 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарының лицензиясын сарапқа салатын сайыстардың бірі. Чемпионаттың соңғы күні ауыр атлеттеріміз қоржынға екі күміс және бір қола медаль салды. 

Еске сала кетсек, кеше 81 келіге дейінгі салмақтағы санатта Қазақстан құрамасының қоржыны алтын медальмен толыққан болатын. Нұрлыбек Сәменов қоссайыс бойынша 333 келі (жұлқи көтеруде 153 келі, серпе көтеруде 180 келі) салмақты көтерді. Сонымен бірге, Нұрлыбек жұлқи көтерудегі жаттығуы үшін кіші алтын медальге және серпе көтерудегі жаттығуы үшін кіші алтын медальге қол жеткізген еді. 

Ал бүгін ұлттық құрама сапында ел намысын қорғауға барған Әлихан Шайхидинов пен Ибрагим Берсанов күміс медальге ие болса, Селімхан Абубакаров үшінші орыннан көрінді. 

Федерациядан хабарланғандай, 109 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Ибрагим Берсанов қоссайыс бойынша 372 келіні (жұлқи көтеруде 172, серпе көтеруде 200) көтеріп, екінші орынға ие болды. Ал Қырғызстанның ауыр атлетіне ғана есе жіберген Әлихан Шайхидинов қоссайыста 325 келі (145 - 180) салмақты бағындырып, қоржынға екінші күміс медальді салды. Ал 109 келіден жоғарғы салмақ бойынша өнер көрсеткен Селімхан Абубакаров қоссайыста 370 келі (170 - 200) салмақты бағындырып чемпионаттың қола медалін еншіледі. 

«Бұл чемпионатта бұрын халықаралық сайыстарда өнер көрсетпеген спортшылар ел намысын қорғады. Алғашқы халықаралық старт болса да, жастарымыз өзін жақсы көрсетті. Біздің құрама ерлер арасында жалпыкомандалық есепте үшінші орынмен қайтып барады», - дейді ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельников.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары