09.10.2017, 11:08

Вугар Арифоглу: «Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің ұйытқысына айнала алды»

Қазақстан – 130 ұлт пен ұлысқа ортақ шаңырақ бола білген мемлекет. Кез-келген диаспора өкілі Қазақстанда тұрып-ақ өз тілін, дінін сақтап, салт-дәстүрі мен ырым-жоралғыларын ұстана алады. Мұндай бірегей институт әлемнің бірде-бір елінде әлі жоқ деп айтсақ тым асыра сілтей қоймаспыз. Біздің бұл сөзімізді елімізде тұрып жатқан этномәдени орталықтардың өкілдері де растайтынына сенімдіміз. Мәселен, Алматыдағы «Озан» әзірбайжан бірлестігі төрағасының орынбасары Вугар Арифоглу ағамыз Қазақстанды бейбітшіліктің алтын бесігі деп есептейді.

«Еліміздің татулық пен достықты ту еткен саясаты бүгінде жемісін берді. Оған дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Негізі бейбітшілік кез келген мемлекет ұмтылатын дүние. Ал біз сол бейбітшілік пен келісімнің ұйытқысына айнала алдық. Біз үшін этносаяси, этномәдени оқиғалардың барлығы маңызды. Қазақстанды түрлі мәдениеттер тоғысқан ел ретінде көремін. Мәдени жағынан көптүрлілік елдің өміріне де оң әсерін тигізіп жатыр. Әрбір ұлттың өкілі өзін қазақстандық ұлт – жаңа мәдени қоғамның қатысушысы ретінде сезінеді. Барлық этномәдени бірлестіктер үлкен еңбек пен жұмыстың арқасында құралды», - дейді В.Арифоглу.

Оның айтуынша, Қазақстанның ұлтаралық татулықты сақтаудың ешкімдікіне ұқсамайтын моделі қалыптасқан. Ол әрине – Қазақстан халқы ассамблеясы.

«Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері біздің өзіндік, ешкімге ұқсамайтын моделіміз қалыптасты. Ол қоғамдық тұрақтылықты насихаттап, этносаралық келісімді, жалпы қазақстандық патриотизмді дамытуға бағытталды. Әлемде түрлі жағдайлар болып жатыр. Соның барлығын бақылап, сараптасақ, ішінде біздің модель бүгінде ұтымды тұстарын көрсетіп отыр. Біз бақытты, бірлігі жарасқан елде тұрып жатырмыз. Дәл осы артықшылықты ерекшелігіміз деп атар едім», - дейді ақсақал.

Ал, осы ұлтаралық татулықты сақтауда ол басқаратын «Озан» этномәдени бірлестігі қандай үлесін қосып келеді деген сауалға Вугар Арифоглу былай жауап берді:

- Біз Қазақстан халқы ассамблеясының кез келген бастамасы мен шараларында белсенділік танытамыз. Қазақстандық қоғамның игілігі мен қоғамдағы татулықты арттыруға бағытталған кез келген істің басы-қасынан табылуға тырысамыз. Біздің этномәдени орталығымыз Алматы мен Алматы облысында әзірбайжан этносы арасында үлкен жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін үйретуге арналған курстар аштық. Әзірбайжан тілін де қатар үйретеміз. Жыл сайын ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды сақтауға бағытталған шараларды ұйымдастырып отырамыз. Олар өте көп. Санап тауыса алмаймыз. Біз отандастарымызға әрдайым қолдау білдіріп отырамыз. Азаматтық ұстанымымыз айқын. Әзірбайжан ұлтының кез келген азаматы Қазақстанның болашағы үшін аянбай еңбек етеді. Өз ісінің кәсіби білікті маманы ретінде еліне пайдасын тигізіп жүрген азаматтарымыз жетерлік. Жалпы қазақстандық қоғамның саяси өмірінде де алар орнымыз бар.

Сондай-ақ, Алматыдағы әзірбайжан этносының өкілдері қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін қолдайтындарын айтып отыр. Олар тіпті, осынау графикада жазу әлдеқайда ыңғайлырақ дейді.

«Біз латын алфавитіне өтуді толығымен қолдаймыз. Әлемдегі технологиялық жаңалықтарға ілесіп, заманауи көштен қалмауымыз үшін бүгін латын қарпіне көшуіміз қажет. Осы тұста кәсіпкер ретіндегі көзқарасымды білдіре кетсем, латын әліпбиіне өту бізге экономикалық тұрғыдан да аса пайдалы әрі тиімді болмақ. Біріншіден, уақытымызды үнемдейміз. Себебі, латын қарпін кирилицаға ауыстырамыз деп уақыт жоғалтып жүрміз. Ал уақыт дегеніміз – ақша. Осы жағынан бізге өте пайдалы болары сөзсіз», - дейді бүкіл алматылық әзірбайжандардң атынан сөйлеген В.Арифоглу.

Telegram-каналға жазылып, бәрінен хабардар болыңыз!

Тағы да оқыңыздар:
Загрузка...
SN туралы      Жарнама

      info.skifnews@gmail.com

«SN.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.