Жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары

Қазақстан, Қазақ, Жаңалықтар, Тіл, Қазақша, Қазақша жаңалықтар, Әдебиет, Телеарналар, Газеттер, Радиолар, Електронды бақ, Дін, Ақпарат, Билік , Хабар,Азаттық, Қаз ақпарат , жаңалықтар бүгінгі, жаңалықтар бүгінгі, жаңалықтар қазақстан, жаңалықтар 2015, жаңалықтар қазақша, бүгінгі жаңалықтар қазақша, қазақстан жаңалықтары, жаңалықтар кз, Қазақша жаңалықтар

27.06.2017, 09:44

Жақсылық Омар: «Рухани жаңғыруды» науқаншылыққа айналдырмауымыз керек

Sputnik Казахстан

Биыл сәуір айында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы шығып, бүкіл саяси элита мен қоғам қайраткерлері, қарапайым мұғалімдер, тіпті, қатардағы жұмысшыларға дейін оны жік-жікке талдап, хал-ахуалы жеткенше түсіндіріп берді. Түсінгеніміз, Қазақстан биылдан бастап жаңа тарихи кезеңге аяқ басады. Саяси-экономикалық жаңғыру өз алдына, енді елдің рухани өмірін де үлкен серпіліс күтіп тұрғандай. Бастысы, Елбасы бастамасын жүйелі түрде жүзеге асыруымыз қажет.

Жалпы, рухани жаңғыру – кезең-кезеңімен атқарылып жатқан елдегі реформалардың жалғасы іспетті. Рас, бұл біздің қоғамға аса қажет дүние. Технологиялық жаңарумен шектеліп қоймай, адамның сана-сезімін қатар жетілдіруге мемлекет баса мән беріп отыр. Елбасы мақаласының мазмұны осы төңіректе.

Енді бұл жаңғыру не үшін қажет болды? Қазақстандықтардың санасын не үшін және қалай өзгертеміз? Оны өзгерту мүмкін бе? Бұл жобаны жүзеге асыруға кімдер жауапты? Осы және өзге де сауалдардың жауабын білу мақсатында Алматы облысы әкімінің идеология саласына жауапты орынбасары Жақсылық Омармен сұхбаттасқан болатынбыз.

- Жақсылық аға, баршамыз қазір бірнеше айдан бері рухани жаңғыруымыз керек деп атойлап жүрміз. Рас, экономикалық, саяси жаңғырулар зайырлы елде жиі болып тұруы керек. Ал, рухани жаңғыру не үшін қажет болды? Бұл қоғамның деградацияға ұшырағанын білдіре ме, әлде өзге себептері бар ма?

Кез келген мемлекетте, әсіресе дамушы мемлекеттерде экономикалық, әлеуметтік, рухани реформалар болатыны заңдылық. Қазақстан үшін де тәуелсіздіктің ширек ғасырын артқа тастап жатқан тұста осындай рухани жаңғырудың бағдарламасы керектігі бәрімізге белгілі. Қазір дүние алма-кезек, күн сайын өзгерістер болып жатыр. Әлемдік мәдениет, әлемдік руханият пен әлемдік геосаяси процестер Қазақстанға әсерін, ықпалын тигізбей қоймайтыны анық. Сондықтан, біз қазіргі заманға лайықталып, дүниежүзілік өркениетке ілесу үшін, бүгінге дейінгі жетістігімізді ары қарай алып жүру үшін бір серпілістен өтуіміз қажет, бұл – рухани серпіліс, сананың жаңғыруы. Кез келген уақытта, кез келген реформаны жүзеге асыруда бүкіл жауапкершілікті өзіне алатын Елбасымыз бұл жолы да сол жүрісінен таңбай, халықты рухани жаңғыруға өзі бастап шықты. Зиялы қауым өкілдерінің және алыс-жақын шетелдердегі саяси сарапшылардың пікіріне қарағанда, бұл жоба өте дер кезінде қолға алынды және оның масштабы да айтарлықтай үлкен.

- Елде осыған дейін де идеологиялық жұмыстар жүргізіліп келді емес пе, олар сонда дұрыс нәтиже бермеді ме?

Әр кезеңді, онжылдықты не ширек ғасырды, жүз жылды алғанның өзінде идеологиялық құндылықтар өзгеріп отырады. Әр жыл сайын өзгеруі де мүмкін. Қазақстан өте интенсивті, жылдам дамып келе жатқан мемлекет болғаннан кейін идеологиясы да, ондағы істелінген жұмыстар да жүріп жатқан процестерге ілесу үшін кейде өзінің бағыт-бағдарын анықтап, айқындап, жаңарып отырады. Біздің ұлттық идеологиямыздың негізгі бөлшегі қалыптасқан. Соны жүзеге асыру үшін, әр жылдары әртүрлі қажеттіліктер болады. Міне, «рухани жаңғыруды» бұрынғы жұмыстардың нәтижесіз болуы деп қабылдамау керек. Бұл – бұрынғы және болашақтағы жұмыстардың басын қосатын Мемлекеттік құжат деп қараған жөн. Яғни, бұрынғы жасалған көп жұмыс осы рухани жаңғырудың тууына, идеяның айтылуына және оның іске асырылуына алып келді.

- Сонда, бұл келесі жылы да «Рухани жаңғыру» секілді жобалар жариялануы мүмкін деген сөз бе?

Бұл алдағы үш немесе бесжылдыққа жасалған жоспарлы құжат емес. Бұл – бүкіл халықтың ұлттық сана-сезімі мен тарихи жадысына негізделген, бүгін мен болашақты нақты бағдарлап отырған, келешекке сөйлейтін ұзақ мерзімге арналған үлкен бағдарламалық құжат. Біздің болашақтағы, ширек ғасырдағы бағытымыз осы «Рухани жаңғырумен» тікелей байланысты.

- Бүгінде өзіңіз бір облыстың идеология саласына жауапты негізгі тұлғалардың бірісіз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асу үшін Алматы облысы қандай үлес қосады? Нақты бекітілген жоспарларыңыз бар ма?

Алматы облысы да еліміздің өзге өңірлері секілді аймақтың ерекшеліктеріне қарай жобалар дайындап отыр. Дегенмен, іске кіріспес бұрын ең әуелі халыққа түсіндіру жұмыстарынан бастап отырмыз. Бұл тұрғыдан облыс жоспарды толық орындады деп айта аламыз. Бұл бағдарлама аудандардың, ауыл мен әр отбасыға не береді? Не артықшылық әкеледі? Біз осы сауалдардың жауабын айта келе, тұрғындарға жіті түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. БАҚ арқылы да кең көлемде насихаттадық.

- Халық түсінді ме? Қолдады ма?

Иә, толық сеніммен айта аламын. Халық түсініп, қолдап отыр. Бұл бағдарламаның не үшін керек екенін біледі. Өзіміздің мемлекеттік айшығымызды қалыптастыру үшін, әлемдік беделімізді жоғалтпау үшін керек екенін және жас мемлекет ретінде «қазақ ұлты» болып, отырған орнымызды сақтап қалу үшін жасалып отырған шара екенін облыс жұртшылығы жақсы біледі. Бағдарламада Президенттің өзі бағыттаған қатар-қатар мәселелер бар. Сондықтан, халық бейтарап пікірде емес. Қос қолдап қолдап отыр.

- Халық жақсы қабылдап, түсініп жатса, жұмыс басталады деген сөз. Ары қарайғы жоспар қандай?

Біздің облыста «Рухани жаңғыруда» көрсетілген тапсырмалардың барлығы орындалуы тиіс. Алматы облысы өте үлкен өңір. Сол себепті, көптеген жобаларды іске асыруға мүмкіндік жеткілікті. Ең әуелі, біздің Алматы облысының, оның ішінде Жетісу жерінің тарихы, ондағы әр ауданның немесе елді мекендердің сан-алуандығы жобаның жүзеге асуын жеңілдетеді. Табиғат жағынан және ұлттық құрамы жағынан, әдебиеті мен мәдениет тұрғысынан да Алматы облысы сан-алуан.

Аймақта Қазақстанның экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып отырған іргелі компаниялар мен ірі кәсіпкерлер бар. Енді, барлығының басын қосып, оларды бағдарламадағы әр бағытқа бөліп іріктеп жатырмыз. Басты мән беретін нәрсе, бұл бағдарлама науқаншылдыққа ұласпауы керек. Санаулы уақыттан кейін ұмытылып қалмайтындай, халыққа қажеті болатындай дүниелерді қолға алуды көздеп отырмыз.

Президент мақаласы жарияланғаннан кейін, көп ұзамай Жамбыл ауданында кәсіпкер өз қаржысына ауыл паркін жаңартып, футбол корты мен қосымша білім орталығын ашуға ниет білдіріп, құрылысын бастаған. Бұйыртса, 6 шілдеде – Астана күні қарсаңында осы жобасы пайдалануға берілмек. Одан кейін де жамбылдық кәсіпкердің ізін суытпай, Кербұлақ ауданындағы белгілі кәсіпкер өз қаржысына ауылында мектеп салып жатыр. Бұл – дұрыс қабылдау мен оң насихаттың нәтижесі. Мұндай ниет білдіріп жатқандар жетерлік. Мұның бәрі «Рухани жаңғыруда» көрсетілген «Туған жер» бағдарламасының жүзеге асуының көрінісі. Яғни, Алматы облысы Елбасының бастамасын көп созбай-ақ бастап кетті.

Айта кететін тағы бір жай, біз тамыз айында облыстан шыққан ірі кәсіпкерлердің басын біріктіріп, инвестициялық «Туған жер» форумын өткіземіз. Жоба «Менің Жетісуым» деп аталады. Қазір әр ауданнан көмекті қажет ететін проблемаларды жинақтап жатырмыз. Осы арқылы кәсіпкерлер аталған форумда меморандумға қол қойып, өз туған өлкесінің дамуына көмектесетін болады.

Ғылым жағына да айтарлықтай көңіл бөліп отырмыз. Латын әліпбиіне көшудің алғышарттары жасалып жатыр. Облыс бойынша ғылыми топ құрдық. Олар кезінде «кириллицадан» латын әліпбиіне көшкен елдерге барып, тәжірибе жинақтап, бізге нақты жоба алып келмек. Осы арқылы әліпби ауыстыруды жеңілдетпекпіз.

Ең басты айтатыным, өзге өңірлермен жарысатындай жағдайға да түспеуіміз керек. Мұны да назарда ұстаймыз. Жарыссақ нағыз науқаншылық сонда басталады.

- Жақында ғана Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке: «Бағдарлама әзірлеу, керемет етіп құжат әзірлеу бәріміздің қолымыздан келеді, бірақ оны орындау бөлек әңгіме, біздің бағдарламалар сол қағаз күйінде қалып қояды», - деп айтып салған болатын. Сенат төрағасының сөзінде жан бар. Елімізде расымен де мемлекеттік бағдарламалар дүрілдеп басталады да, соңында жым-жырт болады. Немесе жауапты шенділер сотталып кетіп жатады. Қазір «Руxани жаңғыру» аясында да әр облыс өз бағдарламасын әзірлеп жатыр. Олардың 100% жүзеге асып, пайдасы тиетініне кепілдік бар ма? Жай ақша игеруге арналған науқаншыл жоба болып қалмай ма деген қауіп жоқ па?

Бір сөзбен «жоқ» дер едім. Менің еліміз бойынша анализ жасағаным әбестік болар. Алматы облысында Елбасы тапсырмасы 100% толық жүзеге асатынына кепілмін. Біздің облыс іргелі, үлкен аумақты алып жатыр. Бір жағынан Елбасының туған жері болғаннан кейін де біз өзге өңірлерге үлгі болуға тиіспіз. Асығатындай, жарысатындай жағдай емес. Бәрін өз уақытымен, өз ретімен іске асырамыз. Бастысы, діттеген мақсатқа жақсы нәтижемен жетуіміз керек.

- Айтпақшы, осы «Руxани жаңғыруға» қатысты Астанада жуырда ғана семинар өтіп, оған Алматы облысының делегациясын өзіңіз бастап барыпсыз. Семинарда не айтылды? Ұйымдастырған кім? Қысқасы, не үйреніп келдіңіздер?

Иә, өңірдегі басқарма басшылары мен өзім де осы семинарға қатысып қайттық. Республика көлемінде әріптестерімізден жиналып, әр өңірлік жобалардың басын біріктіруге күш салудың жолдарын талқыладық. Ұйымдастырушылар уақытты тиімді пайдалану мен нақты жоба, жоспарлар жасауды басты мақсат етіпті. Дамыған мемлекеттердің руханият жолындағы тәжірибелерімен де танысуға мүмкіндік болды. Меніңше, бұл тренинг-семинарлар мамандарға үлкен бастама. Соны ескере отырып, облыста да Рухани жаңғыру бойынша мамандарды курстардан өткізіп, семинарлар ұйымдастыруды қолға алмақпыз.

Бізге сөзден іске көшетін уақыт баяғыда келген. Тіпті, облыс көлемінде біраз бастамаларды да жүзеге асырып жатырмыз. Бұл үшін әрине ең керегі нақты қадамдар. Жүйелі жоспар, байыпты сараптама бізді ұзаққа апаратынына сенімдімін.

- Уақыт тауып, сұxбаттасқаныңызға раxмет!

Сұхбаттасқан Динар Нахыпбек

Telegram-каналға жазылып, бәрінен хабардар болыңыз!

Тағы да оқыңыздар:
Загрузка...
SN туралы      Жарнама

      info.skifnews@gmail.com

«SN.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.