17.08.2018, 09:46

Маңғыстаулықтардың «digital» болашағы

Еліміздегі ең цифрландырылған аймақтардың бірі – Маңғыстау облысы. 61 елді мекені бар бұл өңірде үлкенді-кішілі аймақтардың бәрі де цифрлық жүйеге көшпек. Мұндағы интернетке қолжетімділік – 96%, ал компьютермен қамтамасыз ету – 95%-ды құрайды. Өңірде ауыл шаруашылығын цифрландыру, білім мен денсаулық сақтау салаларын цифрлық форматқа көшіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ал халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру курстары болса мемлекеттік мекемелердің бәрінде оқытылып жатыр. Тіпті осы мақсатта мамандарды басқа қалаларға жіберіп, аталмыш сала бойынша біліктілігін жоғарылатып жатыр. Әлеуметке айтарлықтай әсер ететін аймақтағы алпауыт компаниялар да жаңа технологиялармен қызмет қылуда. Ондағы ойлары – жергілікті тұрғындарға жайлылық пен сапалы қызмет ұсыну. Осыған қатысты сұрақтардың бәрін білу үшін және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жай-күйін анықтау үшін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сакеевпен сұхбаттасқан едік.

Өзіміз білетіндей, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында «Smart City» жобасы қолға алынды. Ондағы мақсат - қала тұрғындарын жайлы өмірмен қамтамасыз етіп, өмір сапасын арттыру. Өңірде осы «Smart city» концепциясы бойынша қандай жобалар жасалып жатыр?

Бұл өте қызықты әрі маңызды сұрақ екен. Маңғыстау облысында smart city концепциясына қатысты жобалар ұзақ мерзімге арналған. Осыларды жүзеге асыру үшін «Қазақтелеком» АҚ-мен меморандумға қол қойған болатынбыз. Аталған жобаның аясында бірқатар жұмыстар атқарылады. Бұл өз кезегінде тұрғындарға жайлылық сыйлап, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Осы мақсатта Ақтаудағы 15-ші шағынаудан ақылды аудан болады. Бұл дегеніміз ауданның барлық тұрғын үйлеріне цифрлық технологиялар енгізіледі. Яғни, су есептегіш, энергия өлшеуіш сынды құрылғылар жаңа форматқа көшеді. Ең бастысы –қауіпсіздік артып, тұрғын үйге қатысты барлық қызметтер мен мәліметтерді смартфондар арқылы үйден шықпай-ақ, пайдалана алатын боламыз.

Бұл процесс қазіргі таңда қолданыста деп айта аласыз ба?

Иә, пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылу үстінде десек болады. Оны іске асыру үшін 10 тұрғын үйді таңдадық. Сәйкесінше, осы 10 үй біртіндеп ақылды үйлерге айналады.

Облыста өз тиімділігі мен пайдасын көрсетіп жатқан жобалар бар ма?

Биыл Ақтау қаласында электронды балабақшаны енгізгіміз келеді. Бұл бойынша кезекке тұру барлығы электронды нұсқада орындалады. Осының нәтижесінде сыбайлас жемқорлық фактілері азаятын болады.

Денсаулық сақтау саласындағы цифрландыруды айтып кетесіз бе?

Денсаулық саласын цифрландыру бойынша Жол картасы бар. Біз осы бағыттағы жұмыстарымызды сәуір айында бастаған едік. Ал, инфрақұрылымның дайындығы 95 пайызды көрсетіп отыр. Облыстағы барлық медициналық ұйымдар мен мекемелерде кеңжолақты интернет бар, компьютерлермен жабдықталған. Ал, медициналық қызметке келер болсақ, қызмет сапасын жақсарту бойынша және қағазбастылықтан арылу мақсатында жұмыстарды бастап кеттік. Бүгінде 650 мың тұрғынның 500 мыңы (86 пайызы) электронды денсаулық паспортына көшті.

Осы жұмыстарды жүзеге асыру барысында кедергілер кездесті ме?

Әрине, кедергілер болды. Архивте жатқан құжаттар бойынша, азаматтардың медициналық орталық толықтай келмеулеріне байланысты қиындықтар кездесті.

Медицинаны цифрландыру бойынша алдағы уақытта қандай жобалар орындалмақ?

Алдағы уақытта біз халықтың цифрлық сауаттылығын арттырғымыз келеді. Яғни, емделушілер үйде отырып-ақ, смартфондарын пайдаланып қызмет ала алады. Цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында 4 мың дәрігер оқытылды. Бұл нені білдіреді? Бұл медициналық қызметкердің ақпараттық технологияларды жетік білетінін көрсетеді. Тағы да айта кетерлігі, өңірдегі 20 мың тұрғын мобильді қосымшаға тіркелді.

Бұған қоса, ағымдағы жылдың соңына дейін электронды форматқа толықтай көшсек дейміз. Қызмет көрсетуге келер болсақ, есептердің барлығын DamuMed мекемесінің базасы арқылы электронды нұсқаға көшіретін боламыз. 128 есеп-қисап болса оның 68-і электронды формаға ауысты. Ал, қалған есеп-қисапты дәл қазіргі таңда көшіруге қажеттілік болмай отыр.

Цифрлық сауаттылықты оқыту қалай жүріп жатыр?

Облыстағы мемлекеттік мекемелерде цифрлық дағдыларды үйретенін арнайы мамандар мен кеңесшілер бар. Мекемеге келуші барлық тұрғынға ең алдымен компьютерлер арқылы ақпараттық технологияларды қалай қолдану керектігін үйретеді. Осылайша, 70 мың адам қосымша білім алды. Олар ендігі IT-технологияларды танып білді. Яғни, компьютерлік сауаттылығы артты. Айта кететін жайт, егде жастағы адамдар цифрлық технологияларға сенбейді. Олар өздерінің бұрыңғы әдетінше емханаға аяқтай келеді. Бұрыңғыдай кезекке тұрғысы келеді, дәрігердің өзінен ғана рецепт алып, диагнозын білгісі келеді. Мұны өзгерту қиынға соғуда. Ал, жастар аталған процеске түсінушілікпен қарайды.

Ауыл тұрғындарының цифрлық сауаттылығын қалай бағалайсыз?

Ауыл тұрғындары цифрлық сауаттылық тұрғысынан белсенділік танытып жатыр. Оған мысал ретінде Түпқараған ауданын айтсам болады. Сол жерге жұмыс сапарыммен барғанымда ақсақалдар мен ақжаулықты әжелер цифрлық сауаттылықтың не екенін біледі екен. Қарақия ауданында да онлайн жүйе қарқынды жүргізіп жатыр.

Маңғыстау облысында цифрлық сауаттылықты арттыру курсы 2018 жылдың 1-ші маусымында басталған болатын. Жоспар бойынша 5 мың адамды оқыту керек болған. Шілде айының басында аталған семинар бойынша 5216 адам оқытылды. Бір адамды оқыту үшін небәрі 20 минут уақыт кетеді.  Жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті ұлғайта беретін боламыз. Осыған байланысты «Қазпошта» АҚ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ қарқынды қызмет етуде.

Біздің облыс Республикадағы цифрландырылған аймақтардың бірі. Интернетке қолжетімділік – 96 пайыз, компьютермен қамтамасыз ету – 95 пайызды құрайды. Маңғыстау облысында интернет жоқ ауылдық елді мекендер жоқ. Аймақта 61 елді мекен бар. Біз оларды үлкен не кіші деп бөлмейміз. Барлығын толықтай цифрландыратын боламыз.

Ал, енді білім саласына келсек. Бұл саладағы жаңашылдықтарды атап өтесіз бе?

Бұл бағыттағы цифрландыру жұмыстары 10 жыл бұрын басталған еді (kundelik.kz. bilimal.kz, mektep.edu). Қазіргі таңда модернизациялау процестері жүргізіліп жатыр. Цифрлық технологиялардың арқасында оқушылардың мектепке келуін қадағалап отыратын хәлге жеттік. Облыстағы 127 мектептің 95 пайызы кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етілген. 101 мектепте Wi-Fi бар.

Өзіміз білетіндей, экономиканың негізгі қозғау күші – шағын және орта бизнес. Қазіргі тәжірибелерден көріп отырғанымыздай, цифрлық технологиялар өндіріс өнімін арттыруға және өнім көлемін ұлғайтуға ықпал етіп жатыр. Осыған байланысты, өңірдегі бизнес саласында жасалып жатқан жаңашылдықтарды атап өтесіз бе?

Индустрия 4.0 жүзеге асыру төңірегенде МРЕК АҚ (Маңғыстау электртораптық бөлу компаниясы) деген халыққа қызмет көрсететін ірі кәсіпорын бар. Ол бұл бағыттағы жұмыстарын 2 жыл бұрын бастаған болатын. Жаңа технологияларды енгізу үшін шамамен 9 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп, құрал-жабдық сатып алынды. Тағы да айта кетерлігі, цифрландыру жұмыстарының аясында ситуациялық орталықтар құрылды. Бұған қоса, «МАҢҒЫСТАУМҰНАЙГАЗ» АҚ компаниясы мен су тазарту кәсіпорнында цифрлық технологияларды кеңінен қолданады. Жаңа технологиялардың арқасында жұмыстың басым бөлігі автоматты түрде орындалады. Нәтижесінде, адами фактор азайып, жұмыстар жүйелі болып жатыр.

Өзіңіз айтып өткендей цифрлық технологиялар кәсіпорындардағы адами факторды азайтады. Сәйкесінше, кейбір мамандардың қызметін автомат алмастырғандықтан олар жұмыссыз қалады. Осыған байланысты  тұрғындар тарапынан наразылықтар болды ма? Цифрлық технологияларды жергілікті халық қалай қабылдауда?

Иә бұл сұрақ өте маңызды. Бәрін де алаңдатып отырған мәселелердің бірі. Біз осы жағдайларға байланысты кешенді шаралар легін қабылдап жатырмыз. Егер адамдар жұмыссыз қалатын болса тез арада оларды оқытып, квалификациядан өткізіп жұмысқа тұрғызамыз. Тұрғындар тарапынан түсінбеушіліктер жоқ. Тағы да айта кету керек, тұрғындарға өз кәсіптерін ашулары үшін және онымен айналысу үшін оқыту жұмыстарын жүргізудеміз. Осы мақсатта «Нұр капитал» бағдарламасын іске қостық. Ондағы мақсат – аймақ тұрғындарының өмірін жақсартып, жұмыс орындарын көбейту үшін ашылатын кәсіпорындарға 1 пайыздық мөлшермен несие беру. Оның көлемі 3 млн. теңгеден 30 млн. теңге аралығында. Қазіргі таңда 150 жоба қаралу үстінде. Нәтижесінде 1400 жұмыс орны ашылады деп жоспарлап отырмыз. Бұл бағдарламаға бюджеттен 2 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. 1 пайыздық мөлшермен несие алып, кәсіп ашқысы келетіндер өздерінің бизнес жоспарларын жазып қатысуларына болады.

Иә, расында қызықты жоба екен. Мұндағы мақсат қандай сонда?

Біз тұрғындардың бизнестің қыр-сырын меңгеріп, өз кәсіптерін ашқандарын қалаймыз. Осы мақсатта әкімдік тарапынан оқыту жұмыстары жүргізілетін болады. Бәріміз білетіндей, Маңғыстау облысы мұнайлы аймақ. Содан болар көпшілік осы өңірде өмір сүру жеңіл деп ойлайды. Алайда, бәрі олай емес. Біріншіден, шикізат ерте ме, кеш пе бәрібір таусылады. Екіншіден, барлық адам мұнай компаниясында қызмет ете алмайды. Сондықтан, біз «Нұр капитал» бағдарламасы өз септігін тигізеді деп сенеміз. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашып, аймақтың экономикалық потенциалын арттырады.

Аталған жобаны жергілікті тұрғындар қалай қабылдады?

Біздің тұрғындардың жаңа жобалар мен жаңа бастамаларға қатысу деңгейі жоғары. Белсенді десек те болады. Осы ретте, көптеген кәсіпкерлер әртүрлі жобаларын ұсынып жатыр. Мәселен, жақында маған жас кәсіпкерлер келіп, балабақшадағы оқу жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу туралы жаңа жобаны ұсынды. Яғни, арнайы бағдарлама жасалып, оқу жүйесі цифрлық форматта болмақ. Олардың бұл жобасы 10 млн теңгеге бағаланып отыр. Жас кәсіп иелерінің бұл ісі құптауға тұрарлық. Осы жобаларымен олар Белорусияда өткен халықаралық олимпиадада бірінші орынды алған болатын. Аталған жобаларын орындау үшін қаражат бөлінетін болады. Ауылдан шыққан осындай жас таланттарды қолдауымыз қажет.

Ауыл шаруашылығына қатысты қандай өзгерістер орын алмақ?

Ауыл шаруашылығы саласындағы цифрландыруға келер болсақ, фермерлер төрт түлікке арнайы чип орнатып жатыр. Оның мақсаты – жан-жануарлардың жайылып жүрген жерін білу әрі бақылауда ұстау. Нәтижесінде, шаруалар малдардың қайда жайылып жүргенін біліп, жоғалу мен ұрлану қаупі деңгейі азайып жатыр. Чиптің бағасы да қолжетімді (2 мың теңге). Қазіргі таңда біздің алдымызда тұрған маңызды жұмыстардың бірі – электронды сауданы дамыту. Онлайн нарықтың дамуы өз кезегінде ірі қараның көптеп сатылуына ықпал етеді. Оның өнімдері де электронды сауда да тұратын болады. Нәтижесінде, мал өнімдерін сатушылар тұрған жеріне ақы төлемейді. Үйде отырып-ақ, уақыт пен қаржысын үнемдеп жұмыс істей алатын болады. Электронды сауданы жәргілікті кәсіпкерлерге оқытып жатырмыз. Жуырда бұл нарықтың аясы кеңи түспек. Тағы да айта кету керек, болашақта бірыңғай бағдарлама құру жоспарда бар. Бұл бағдарламаның тиімділігі сол – бәрін бір арнаға тоғыстыру. Яғни, сатушылар да, тұтынушылар да бір алаңда ақпарат алатын болады, деп түйіндеді Р.Сакеев.

Назерке Еркінқызы

Telegram-каналға жазылып, бәрінен хабардар болыңыз!

Тағы да оқыңыздар:
Загрузка...
SN туралы      Жарнама

      info.skifnews@gmail.com

«SN.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 

©2016-2018 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.