$ 447.4  477.55  4.76

«Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» несімен пайдалы?

Есте болса, былтыр қараша айында елімізде «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» жобасы іске қосылған болатын. ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті әзірлеген жобаның тұрғындар қауіпсіздігін сақтауға қосар үлесі мол дейді прокурорлар.

Аталған жобаның артықшылығы неде және ол қалай жұмыс істейді? Мұны Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз қызметінің өкілдері айтып берді.

Айта кетейік, «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 32 қадамын жүзеге асыру мақсатында құрылды. Аталған ақпараттық жүйеде бір апта ішінде жасалған барлық заңбұзушылықтар тіркеледі. Бұл — ішкі істер органдары жұмысының тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді дейді сала мамандары.

«Қылмыстық құқық бұзушылық картасын Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің ресми сайтынан қарауға болады. Карта үш тілде әзірленгендіктен ол туристердің пайдалануына да тиімді болмақ. Сондай-ақ, мобильді қосымшасы да әзірленді. Туристерге тиімді болады дейтінім, кеше жыл басында Алматыда өткен дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарында картаны шетелдіктерге ұсындық. Алғашқы тесттен сәтті өтті деп айтуға болады. Шетелдік туристерге пайдалы тұсы – олар осы жоба арқылы қонақ үй жалдауға ең қауіпсіз аймақтарды таңдай алады. Ертең Астанада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесі кезінде де бұл картаны сынақтан өткізіп көретін болады», - дейді алматылық прокурорлар.

Порталда полиция бөлімдері, полицияға,учаскелік полицияға арыз жазу, арызды тексеру сынды қосымша қызмет түрлері бар. Алматылық прокурорлардың айтуынша, аталған жүйе азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттырып, олардың ашық жұмыс істеуіне септігін тигізеді.

«Алматы қаласының қылмыстық құқық бұзушылық картасын ашып қараңыз. Түрлі-түсті картаны көресіз. Бұл түстер қылмыстың қаншалықты көп және аз жасалғанын білдіреді. Мәселен, қызыл түспен қылмыс көп жасалатын орындар белгіленеді. Сары түс – орташа деңгей. Ал, көк түс көрсеңіз – ол аймақ қауіпсіз. Картаның бір ерекшелігі – әлі ішкі істер органдарына тіркеліп үлгермеген қылмыстар небәрі 3-4 минут ішінде осы картадан шығып тұрады», - Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз қызметіндегілер.

Айта кетйік, соңғы екі жылдан бері Алматыда қылмыстың деңгейі төмендеп келеді. Мәселен, мегаполисте 2014 жылы 60 211 құқық бұзушылық тіркелсе, 2015 жылы бұл көрсеткіш 10 мыңға артып, 70 098-ге бір-ақ жетіпті. Ал, былтыр 66 912-ге дейін азайған. Прокурорлардың айтуынша, бұл көрсеткіш биыл да азаюы әбден мүмкін. Өйткені, жылдың басынан бергі динамика төмендеп келеді екен. Оған осы «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» әсер ететініне сөзсіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары