$ 446.49  475.38  4.79

Таразда әріптестерін пышақтаған шенді полицейдің Бас прокуратурада өзін өртеген әйелге қатысы бар (ВИДЕО)

Таразда екі адамды пышақтап тастаған Жамбыл облыстық ІІД Криминалды полиция басқармасының басшысы Мұрат Үмбетәлиевті іздеу шаралары әлі жалғасып жатыр. Ал, былтыр желтоқсан айында Бас прокуратура ғимаратының алдына келіп өзін өртеген Майра Рысманованың қызы Үмбетәлиевтен бұған дейін қысым көргендерін айтуда.

Ақмарал Ахметованың айтуынша, М.Үмбетәлиев оның інісі Ербол Ахметовтың ісін қараған екен. Кейін жас жігітті есірткі сақтады деген айыппен бірнеше жылға соттатқан. Ал, анасы Майра Рысманова ұлының жазықсыз екенін дәлелдегісі келіп араша сұраған екен. Бірақ,ешкім құлақ аспағаннан кейін Бас прокуратураның алдына барып, өзін өртеген.

Айта кету керек, Мұрат Үмбетәлиев әріптестерін пышақтағаннан кейін дереу жұмыстан қуылды. Өзі болса оқиға орнынан қашып кетіп, әлі табылар емес. Ақмарал Ахметованың пікірінше, экс-полицейдің таныс-тамырлары өте көп болғандықтан, ол жазадан сытылып кетуі мүмкін.

"Үмбетәлиев бүкіл қаланы өз бақылауында ұстайды. Одан тек менің анам мен бауырым зардап шеккен жоқ, ол екі әріптесін пышақтап тастады. Енді сатып алып, жазасыз қала ма деп қорқамын. Оның ақшасы өте көп", - дейді Ақмарал Ахметова.

Ол сондай-ақ, Үмбетәлиевтің осы күнге дейін не үшін ұсталмай жүргеніне таң қалып отыр.

"Менде сұрақ бар, оны неге дұрыстап іздемейді? Егер оның орнында өзге адам болса, мәселен менің бауырым болса сол күні ұстап алар еді", - дейді шындық іздеген әйел.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары