$ 448.89  477.93  4.76

Мұратхан Тоқмәди қылмысын мойындауға дайын - прокуратура

Алматы прокуратурасының өкілдері Мұратхан Тоқмәдидің ісіне қатысты жүріп жатқан тергеу барысы бойынша пікір білдірді деп жазады Tengrinews.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы ("Қорқытып алу") және 287-бабы ("Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру") бойынша айыпталған Мұратхан Тоқмәдиге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

"ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 70-бабының 5-бөлігіне сәйкес, қорғаушы оған жария болған мәліметтерді айта алмайды. Ал осы кодекстің 201-бабында сотқа дейінгі тергеуге қатысты деректерге жария етуге жол берілмеуі тиіс екені және мәліметтердің тек прокурордың рұқсатымен жария етілетіні айтылады", - делінген хабарламада.

"А.Оралбай мен Д.Өтебеков мұндай жауапкершілікті алудан бас тартты. Осыған байланысты күдіктінің адвокаттары А.Оралбай мен Д.Өтебеков биыл 29 және 31 тамызда қылмыстық істен алып тасталды", - деп хабарлады Алматы прокуратурасының баспасөз қызметіндегілер.

Ресми мәліметтерге қарағанда, қазіргі уақытта адвокаттарды ауыстыру мәселесі қарастырылып жатыр.

"5 қыркүйекте Мұратхан Тоқмәди прокурормен кінәсін мойындау туралы мәмілеге келгісі келетінін айтты. Оның бұл өтінішін процессуалдық прокурор қарап, шешім шығаратын болады. Қылмыстық істі тергеу жұмыстарын Алматы қалалық прокуратурасы бақылайды", - делінген прокуратураның хабарламасында.

Еске сала кетейік, Мұратхан Тоқмәди 12 маусымда ұсталған болатын. Алматыда арнайы қызмет "Депутаттық корпус" атты қылмыстық топты ұстау бойынша операция өткізген еді. БАҚ-та шыққан ақпарат бойынша, бұл қылмыстық топты "ҚазШыныҚұрылыс" зауытының иесі Мұратхан Тоқмәди басқарған. Сондай-ақ, прокуратура мәліметінше, оның үйін тінту кезінде қару-жарақ пен оқ-дәрі табылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары