$ 444.32  473.33  4.76

Қызылордалық жұмысшыларға «қысым көрсеткен» қытайлық компания өкілінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Күні бүгін Қызылорда облысындағы «Сибу-Қызылорда» компаниясында жұмыс істейтін бір топ жұмысшының жанайқайы туралы жазған болатынбыз. Өздерін компания басшыларынан, облыс әкімінен және ішкі істер органдарынан қыспақ көрдік деген азаматтар шымкенттік заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбекке шағымбанып барған екен. Айтуларынша, құзырлы органдар олардың арыздарын қараудың орнына өздеріне қысым көрсеткен.

Осы мәлімет БАҚ пен әлеуметтік желі беттеріне жарияланысымен Қызылордада шұғыл баспасөз мәжілісі өтті. Оған «Сибу-Қызылорда» ИБК ЖШС бас директоры Ван Дося, облыстық ІІД бастығының орынбасары Нұрлан Анарбаев, облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысының орынбасары Тұмар Шалбаева қатысып, оқиғаның мән-жайын өздерінше түсіндіріп берді.

Жұмысшылар бұған дейін мәлімдегендей, Әлия есімді кадр бөлімінің басшысы оларға әбден қысым көрсетіп, «қытайларға жығып береді» екен. Ал, қытайлық компанияның басшысы Ван Дося болса Әлия Егембергенованың қаңтар айының басында қызметтен қуылғанын айтып отыр. Ішкі істер органдары оның үстінен «алаяқтық» дерегі бойынша іс қозғаған екен. Мұны облыстық ІІД-нің басшылары да растап отыр.

«Қазіргі кезде Ә.Егембергеноваға («Сибу–Қызылорда» ИБК ЖШС еңбек ресурстары департаментінің директоры) қатысты  ҚР ҚК 190 бабы, 2 бөлігі, 3 тармағы «алаяқтық» дерегі  бойынша тергеу амалдары жалғасуда. Тергеу барысында біз «беттестіру» әдісімен екі тараптың уәжін тыңдап, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Аталмыш іс "Сибу-Қызылорда" инженерлік-бұрғылау компаниясы» ЖШС жұмысшыларының арызы негізінде қозғалды», - деді департамент басшысының орынбасары Н.Анарбаев.

Жұмысшылар өз арыздарында қазақтар мен қытайларға екі түрлі тамақ берілетінін де айтқан болатын. Яғни, жергілікті жұмысшыларға – 900 теңгеге, Қытай азаматтарына – 4000 теңгеге тамақтандырады екен. Компания басшысы екі ұлтқа екі түрлі тамақтың берілетінін растап отыр. Алайда, бағаларында айырмашылық жоқ дейді ол.

«Айырмашылық тек ас мәзірінде ғана бар. Қытайлық жұмысшылар қытай асханасын, біздің азаматтар ұлттық тағамдарды қалайды. Дегенмен, адам басына бөлінетін қаржы сомасы бірдей. Қайталап айтамын, қаражат сомасы бірдей», - деп ақталды «Сибу-Қызылорда»  ИБК ЖШС қызметкерлерін тамақпен қамтамасыз етіп отырған мердігер «Алтай Торгсервис» компаниясының өкілі Берікбол Жеткерген.

Облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысының орынбасары Тұмар Шалбаева Әлия Ембергенованың үстінен 46 жұмысшы арызданғанын мойындап отыр.

«Бізге "Сибу-Қызылорда" компаниясының 46 жұмысшысынан Әлия Егембергенованың заңсыз әрекеттеріне қатысты шағым түскен болатын. Арыз бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, вахталық жұмысқа баратын жұмысшылардың жұмыс кестесінің жоқтығы, сондай-ақ жыл сайынғы еңбек демалысына берілетін төлемақының уақытынан кеш берілетіні анықталды», - деп атап өтті Т.Шалбаева.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары