$ 443.85  474.3  4.8

Шымкентте қоғам белсендісі ұсталып, үйіне тінту жүргізілді

ОҚО ішкі істер департаменті 15 наурыз күні кешкі сағат 17.00-де шымкенттік белсенді Ардақ Әшімнің қолхатпен үйіне босатқан. Бұл туралы белсендінің өзі Азаттыққа хабарлады.

Ардақ Әшімнің айтуынша, тергеушілер одан "Қазақстан демократиялық таңдауы" қозғалысына қаншалықты қатысы барын сұраған және 21-24-наурыз аралығында ешқайда шықпау туралы қолхат алған.

15 наурызда Ардақ Әшімді полициялар ОҚО ішкі істер департаментіне алып кеткен. Ардақ Әшімнің қызы Айнұр Әшім Азаттыққа полицейлер үйді тінтуге таңғы сағат 9-30 шамасында келгенін, тінтуді полиция формасындағы және азаматтық киімдегі оннан астам адам жүргізіп жатқанын айтқан. Тінту кезінде белсендінің үйін қарулы полиция қызметкерлері күзетіп тұрған.

Абай аудандық сотының судьясы Еркен Отарбаев Азаттық тілшісіне Ардақ Әшімнің үйін тінтуге санкция берілгенін растаған. Отарбаевтың айтуынша, 14 наурызда судья Сержан Айнабеков Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің тергеушісі Сыдықовтың сұрауы бойынша Ардақ Әшімнің үйін тінтуге санкция берген. Судьяның айтуынша, сот тергеуі кезінде Ардақ Әшім есімді қолданушы Facebook желісінде "билікке қарсы түрлі мазмұнда теріс мақалалар жарияланғаны анықталған". Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша іс қозғалған.

Ардақ Әшім қазір шымкенттік тағы бір белсенді Сүйін Абулданың "жала жапты" деген шағымы бойынша сотталып жатыр. Сүйін Абулда Ардақ Әшімді Facebook-те өзіне қатысты "Марал Құрылтай" және "Қазақ қаны қазақ" атты аккаунттар ашып, тапсырыспен жұмыс істейтіні" туралы жазғаны үшін сотқа берген. Сүйін Абулда бұл аккаунттарды ашпағанын айтып, Ардақ Әшімді "қадыр-қасиетім мен ар-намысыма тіл тигізді" деп айыптайды. Сот Сүйін Абулданың бір миллион теңге моральдық шығын өндіру туралы арызын өндіріске қабылдап, Қылмыстық кодекстің 130-бабы ("жала жабу") және 131-бабы ("қорлау") бойынша қарауға алған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары