$ 443.85  474.3  4.8

Терроризмді насихаттады деп айыпталған шымкенттік жігіт "Асыл арнадан" оқылған сүрені жүктеп алғанын айтты

16 наурыз күні Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотына "Гарант" дүкендері аумағында "деструктивті ағым мүшесі" деген күдікпен ұсталған Бақытжан Ізтілеуовтің ісі бойынша айыптауға негіз болуға куәлік еткен төрт адам сот отырысына тағы келмеді деп хабарлайды Азаттық.

Сот отырысында судья Еркебұлан Төлешов Бақытжан Ізтілеуовке қылмыстық іс қозғауға себеп болып, куәлік еткен төрт куәгер белгісіз себептермен сот отырысына келмей қалғанын айтты. Прокурорға келесі сот отырысына куәлердің келуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Айыпталушының адвокаты Нұржан Төлегенов судья Еркебұлан Төлешовке куәлердің айыптауға еш дәлелі жоғын, сотқа шақырудың қажет емесін айтты. Судья куәгерлерден сұрау өзінің міндеті екенін жеткізді.

Адвокат Нұржан Төлегенов Бақытжан Ізтілеуовтен "Айыпты мойындайсыз ба, әлде мойындамайсыз ба?" деп сұрады. Ізтілеуов тағылған айыпты ішінара мойындайтынын, бір телефонға "Асыл арна" телеарнасы арқылы оқылған Құран сүресін жүктеп сатқанын айтты.

Содан кейін адвокат Төлегенов Оңтүстік Қазақстан облысының прокурорына процессуалдық келісімге келу туралы өтініш бергенін айтты. Адвокат өтініште прокуратура Қылмыстық кодекстің тек 174-бабы 1-бөлігімен айыпты деп таныса ғана процессуалдық келісім жасасуға болатынын көрсеткенін айтып, прокурордың жауабын күтуге шақырды.

Сот куәлердің сотқа келмей қалуына байланысты істі кейінге қалдырды.

Адвокат бұдан бұрын да прокуратураны процессуалдық келісімге келуге шақырған. Бұл іс бойынша сот 20 ақпан күні басталған.

Бақытжан Ізтілеуов 2017 жылы 22 қыркүйекте ұсталып, қамалған. Ол Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлімі ("Жария түрде немесе ақпарат құралдары арқылы діни араздықты қоздыру"), 256-бабының 1-бөлімі ("Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру") бойынша күдікті деп танылған. Бұған дейін оны қамауға алу мерзімі бірнеше рет ұзартылған.

Бақытжан Ізтілеуовпен бірге бір күнде, Сарыағаш қаласында ұсталған Алпамыс Жүсіпбеков пен Жетісай қаласында ұсталған Самат Борашев Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігімен ("Жария түрде немесе ақпарат құралдары арқылы діни араздықты қоздыру") айыпты деп танылып, бас бостандығы үш жарым жылға шектелген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары