$ 448.56  478.03  4.79

Шымкентте 6 жасар баласын өлімші етіп сабаған әйел сот залынан босап шықты

Оңтүстік Қазақстан облысында 6 жасар баласын өлімші етіп сабаған анаға қатысты сот үкімі шықты, деп жазады ҚазАқпарат.

Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 37 жастағы Назира Бекбаеваны 5 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда айыпталушы сот залынан босатылды. Айта кетейік, келеңсіз жағдай өткен жылдың желтоқсан айында Сайрам ауданына қарасты Мәдени  ауылында болған еді.

Айыпталушы Нәзира Бекбаева 6 жасар баласын аяусыз ұрып-соғып, ауыр соққыдан ұлы ауыр жағдайда ауруханаға түскен болатын. Кейіннен полицейлер алты жасар баланы өлімші етіп сабаған анасын қамауға алып, оның үстінен Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-ші бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша іс қозғаған.

Тергеу барысында 37 жастағы келіншек ұлын дәптерге дұрыс жазбағаны үшін ұрғанын айтқан еді. Сот отырысы кезінде екі баласы бар Нәзира Бекбаеваның қылмысы толығымен дәлелденді. Ол тіпті өзінің баласын таяқпен ұрғанын мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтқан еді. Істі қараған сот төрағасы Қайрат Қоңырбаев айыпталушыны Қылмыстық кодекстің Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-ші бөлігі 4,11-тармақтарымен («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») және 140-бабының 2- бөлігімен кінәлі деп тапты.

«Сіз балаңызға қасақана ауыр дене жарақатын салғансыз. Оны өзіңізде сот отырысы кезінде растап, қуаттадыңыз. Сондықтан сот сізді кінәлі деп тапты, бірақ екі балаңыз бар екен. Материалдық тұрмыстық жағдайыңызды толық зерттедік. Былайша айтқанда, екі бала далада қалайын деп тұр. Сондықтан сізге түпкілікті 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындай отырып, асырауыңызда кәмелетке толмаған бір қыз, бір ұл бар екенін ескере отырып, сот Қылмыстық кодекстің 74-бабы 1-бөлігін қолдана отырып, жазаны өтеу мерзімін 5 жылға кейінге қалдырып отыр. Осы уақыт аралығында балаларыңызға дұрыстап тәрбие бересіз. Қызыңыздың жүрегіне ота жасау керек екен, соны жасатыңыз. Егер де осы мерзім ішінде аталған шарттарды бұзатын болсаңыз, осындай жағдай тағы да қайталанатын болса, онда жазаңыз бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады», - деді судья Қайрат Қоңырбаев.

Сот сондай-ақ, айыпталушыға сот тергеуі кезінде сот шығындары мен тиісті сараптамаларға кеткен 436 258 теңгені төлеуді міндеттеді. Сонымен қатар Сайрам аудандық білім бөліміне Нәзира Бекбаеваның балаларының жағдайын қадағалап, тәрбие беру мәселесін бақылауға алуды тапсырды. Сот залында айыпталушының қолынан кісен шешіліп, ол босатылды. Көзіне жас алған келіншек балаларына дұрыс қарауға уәде берді.

«Судья мырза, мен балаларыма дұрыс қараймын, дұрыс тәрбие беремін деп уәде беремін», - деді айыпталушы келіншек.

Еске салайық, қазіргі таңда 7 жасар жеткіншек Шымкенттегі туыстарының қолында тәрбиеленіп жатыр. Айыпталушы әйелдің ол баладан басқа тағы 8 жасар қызы бар. Ол жүрек талмасына шалдыққан екен. Күйеуі қайтыс болған. Басында баспанасы да жоқ жалғызбасты ана, туыстарын паналап жүр. Осыны алға тартқан әйел сот барысында судьядан бас бостандығынан айырмауды сұрап, баласы мен туыстарынан кешірім сұраған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары