$ 448.56  478.03  4.79

Оралда шенеуніктің қалай пара алатынын қызметкер видеоға түсіріп алған

Оралда шенеуніктердің қалай пара алатыны көрсетілді. Батыс Қазақстан облысының тәртіптік кеңесінде 200 мың теңге парамен ұсталған жергілікті ішкі аудит бөлімінің бастығы Меңдібек Ақмалиевтің мәселесі қаралды деп хабарлайды КТК арнасы.

Видеода жергілікті бөлімнің қызметкері қаржылық тексеріс барысында табылған заң бұзушылықтарға көз жұма қарау үшін басшысына 200 мың теңге алуға көндіріп жатқаны көрсетілген. Онда тіпті қарапайым мемлекеттік қызметкер параның 20-30 пайызын алады деп айтылған.

Ал, шенеунік болса мән-жайды толық білген соң, «ойланып көрейік» деген. Ал жасырын камераға түсіріп тұрған қызметкер жақында ғана 200 мың теңге пара алғаны үшін ұсталған болатын. Сондықтан ол осы видео арқылы тәртіптік кеңес отырысында жазықсызбын деп ақталды. Соған қармастан әкімшілік сот әйелді айыпты деп тауып, 12 миллион теңге айыппұл салған. Ал, оның бастығы сүттен ақ, судан таза болып шықты.

Дегенмен, ұлттық бюроның өкілдері әлгі шенеунікті қызметінен босату туралы ұсыныс жасады. Себебі, мемлекеттік қызметкер пара алынғалы жатқанын алдын-ала білген, әрі пара алу жолдарын басқарма ішінде емін еркін талқылаған.

“Ақмалиевтің әрекетінен заң бұзушылық анықталды. Жемқорлық мәселесіне қатысты әңгіме қозғалса, басшы қарамағындағы қызметкерді жазалау керек. Енді ішкі мемлекеттік аудит басқармасы жіті бақыланатын болады. Барлық қызметкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ал, пара алып жатқанда құрықталған қызметкер 12 миллион теңге айыппұл төлейді”,- деді БҚО мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының басшысы Серік Мұстафин.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары