$ 443.85  474.3  4.8

Наурызбай ауданының полицейлері жаңа ғимараттағы 1 жылдық жұмысын қорытындылады

Алматы қаласы Наурызбай ауданының ішкі істер басқармасы осыдан тура бір жыл бұрын жаңа ғимаратқа көшкен болатын. Бұл полицейлердің нәтижелі еңбек етуіне айтарлықтай септігін тигізіпті. Жылдық жұмысты қорытындылаған тәртіп сақшылары қылмыстың ашылу көрсеткіші ұлғайғанын айтып отыр. Әсіресе, ізін суытпай ашылатын қылмыстардың үлесі 60 пайызға жеткен.

Осыдан бір жыл бұрын Наурызбай ауданының полицейлері кіп-кішкентай ғана ғимаратта жұмыс істеп келген болатын. Қазіргі кеңселері 4 қабаттан тұрады, іші кең, жарық және жұмыс істеуге қолайлы.

2015 жылдың 16 наурызында ҚР Үкіметінің қаулысымен және ҚР ІІМ, Алматы қалалық ІІД басшыларының бұйрығымен Наурызбай аудандық ішкі істер басқармасы құрылған болатын. Басқарманың 214 штаттық бірлігі бар. Алғаш қалыптасқан жылы наурызбайлық полицейлерге лайықты ғимарат табыла қойған жоқ еді. Сондықтан олар Алматы облысына қарасты полиция бөлімшесінің шағын әрі ескірген ғимаратында жұмыс істеуге мәжбүр болды.

«Шынын айту керек, кедергісіз жұмыс істеу ол кезде мүмкін болған жоқ. Жеке құрамның кейбір қызметкерлері тіпті гаражда жұмыс істейтін. Енді жаңа әкімшілік ғимаратқа көшкеннен кейін жағдай түбегейлі өзгерді, жұмыс нәтижесі көзге көрініп тұр. Мәселен, жыл басынан бері 1 123 қылмыстық іс тіркелді. Олардың ашылу үлесі 57,1% құрап отыр. Сонымен қатар, әкімшілік жауапкершілікке 4 359 адам тартылды. Заң бұзушылықтардың басым көпшілігін учаскелік инспекторлар ашуда. Олардың күшімен жыл басынан бері 147 қылмыстық іс ашылған. Жалпы, ауданымызда 9 полиция бөлімшесі бар», - деді Наурызбай аудандық ІІБ-нің басшысы Дінмұхамед Әуелхан.

Оның айтуынша, жаңа ғимаратты қала әкімдігі материалдық-техникалық жабдықтармен 100 пайызға қамтамасыз етіп берген. Қазір аудандық басқарманың жеке құрамында заманауи техникамен толықтай жабдықталған криминалды полиция зертханасы, заманауи тир, иіссезгіш қызметтік иттерге арналған вольер, күнделікті жаттығу жасауға арналған спортзал, мәжіліс залы, қызметтік автокөліктерге арналған гараждар және көлік жуу орталығы бар. Жақын уақытта спорт алаңшасы мен жүгіруге арналған кедергілер салынатын болады.

«Бүгінгі таңда Наурызбай ауданындық ІІБ-ің әкімшілік аумағында 10 елдімекен, 113 бау-бақшалық қоғамдастық, 4 ірі базар, 2 коттедж қалашығы және 4 тұрғынүй кешені бар. Ауданда сондай-ақ, 315 көше, 654 қиылыс та бар. Олардың барлығына 1 962 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 311 қиылысқа 911 камера орнатылған. Аудан аумағында ресми түрде 170 мың адам тіркелген», - деді подполковник Әуелханов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары