$ 446.49  475.38  4.79

Алматыда ұрлық қылған бір топ баукеспе ұсталды

Алматылық полицейлер пәтерлерді тонап жүрген ұрылар тобын ұстады деп жазады ҚазАқпарат.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, топ мүшелерінің үшеуі 32-45 жас аралығындағы шеттен келген ер адамдар, соның екеуі бұрын ұрлық үшін сотталған болып шықты. Оларды ұстау бойынша арнайы операция кеше Алмалы ауданында жүргізілді. 

«Анықталуынша, күндіз пәтер иелерінің үйде болмайтынын пайдаланып, күдіктілер қаланың қақ ортасындағы тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің біріне ұрлыққа түсіп, алтын бұйымдар мен ірі мөлшердегі ақшаны қолды еткен», - дейді Алматы қылмыстық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов. 

Оның айтуынша, операция кезінде ұрылар жасырынып үлгерген, бірақ олардың Тұрғыт Өзал және Қарасай батыр көшелерінің қиылысында тоқтатылған машинасынан заттай айғақтар табылған. 

«Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - дейді Е. Ысқақов. 

Басқарма бастығы осы қылмыстық топтың осы сияқты тағы үш қылмысы дәлелденгенін жеткізді. Қазір қылмыстық топ мүшелерінің бәрі ұсталып, тергеу оқшаулағышына қамалды. 

Тергеу амалдары жүріп жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары