$ 448.15  483.46  4.86

Шымкентте тыйым салынған жерлерде шомылғандар жазаға тартылады

Шымкентте тыйым салынған жерлерде шомылған тұрғындар  заң бойынша әкімшілік жазаға тартылады. Бұл туралы қаланың Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы кезекті брифинг кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төтенше жағдайлар қызметі басшылығының айтуынша, бүгінде жедел-құтқару жасағының 20 қызметкері суға шомылу маусымының соңына дейін қызмет атқарудың күшейтілген режиміне ауыстырылған. Бұл бағыттағы жұмыстарды белсендірек жүргізу мақсатында қала әкімдігі арнайы қаулы дайындап, іс-шаралар жоспары бекітілген. Үгіт-насихат жұмыстарына ерікті студенттерді, жергілікті полиция қызметкерлері тартылады. Шомылу маусымын қауіпсіз өткізу мақсатында арнайы брифинг ұйымдастырғандар ағымдағы жылдың 4 айында қала аумағында судағы жазатайым оқиғалар тіркелмегенін жеткізді. 

«Статистикаға жүгінсек, өткен жылы осы мерзімде 4 адам суға кетіп, қайтыс болған.  Оның екеуі - шомылу бекітілмеген жерлерде ішімдік ішіп шомылған ересек адамдар. Ал екі жас бала ата-анасының қарауынсыз қалып, арыққа түсіп кеткен»,- дейді қалалық  Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Ерғали Бахаев. 

Департамент басшысының мәліметінше, қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында  қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбекұлымен төтенше жағдайлар комиссиясы құрылған. Оған   нақты тапсырмалар қойылып, қаладағы шомылу орындарымен келісімшарттар жасалған.  Яғни, әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасылардың балаларын аптасына бір рет тегін шомылдыру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұдан бөлек Спорт және денешынықтыру басқармасы мен төтенше жағдайлар қызметінің  мамандары бірлесіп, қала аумағындағы шомылу орындарында балаларды шомылуға тегін үйрету көзделіп отыр. 

«Ең бастысы, қазіргі таңда қала тұрғындарына БАҚ арқылы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Мегаполистің барлық мектептеріне бір уақытта интерактивті сабақтар өткізілді. Адамның өмірі, әсіресе жас балалардың өмірі басты орында. Сондықтан қарапайым ережелерді сақтаса, ол дегеніміз нақты белгіленген, рұқсат етілген жерлерде шомылу керек. Ата-аналарға айтарымыз, балаларын қараусыз қалдырмасын. Ал, ересектер суға түсерде ішімдік ішпесе деген ескерту айтқымыз келеді», - деді Ерғали Бахаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Шымкент