Қазақстанда жыл басынан бері экстремизмге үгіттейтін 2,5 мың сайт анықталған

11.11.2017, 15:54

Қазақстанда жыл басынан бері экстремизмге үгіттейтін 2,5 мың сайт анықталған

Соңғы бір жылда еліміздегі діни ахуал біршама тұрақтанды. 2016 жылдың жазында Ақтөбе мен Алматыда орын алған лаңкестік оқиғалардан кейін бүкіл республика аумағында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, діни экстремизмге қарсы халық арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген болатын. Бүгінде салафизм секілді теріс діни ағымдарға өтіп кеткен қазақ жастары дәстүрлі исламға қайта оралуда. Бұл туралы Дін істері министрлігі де, мүфтият та айтып келеді.

Дегенмен, радикалды ағым идеологтары да қарап отырған жоқ. Өкінішке қарай, елімізде салафизм-уахабизм ағымының өкілдері өз уағыздарын интернет арқылы таратуға белсене көшкен. Соңғы уақытта осы ағым ұстанымдарын насихаттайтын сайттар елімізде көбейіп келеді екен. Бұл туралы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің баспа өз қызметі мәлімдеп отыр. Айтуларынша, жыл басынан бері теріс діни контенті бар 2,5 мың сайт анықталып, бұғатталыпты.

«2017 жылы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мамандары ғаламтордағы 5527 ақпарат ресурстарына зерттеу жүргізді. Зерттеу қорытындыларына сәйкес, олардың ішінде 2487 заңсыз материалдардың бар екендігі анықталып отыр. Заңбұзушылықтар анықталған сайттар бойынша жасалған сараптамалық қорытындылар – ҚР Ақпарат және коммуникациялар  министрлігіне аталған сайттарды бұғаттау және тиісті техникалық шараларды қабылдау  үшін  жіберілді», - дейді Дін істері министрлігінің өкілдері.

Ақпарат және байланыс министрлігі тарапынан заңға қайшы мазмұны бар сайттар дереу бұғатталған.

Бұдан бөлек, Дін істері министрлігі радикалды ағымдардың кітаптар, брошюра мен буклеттер арқылы да уағыздарын таратып жүргендерін айтып отыр.

«Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі діни әдебиеттер және өзге де діни мазмұндағы материалдар мен нысандарға діни сараптама жүргізді. Атап айтқанда, 2017 жылы 3495 материал діни сараптамадан өтіп, оның ішінде 179 нысанның заң бұзушылық бағыттағы қызметі анықталған. Діни сараптама жүргізудің негізгі міндеті – Конституция нормалары мен Қазақстан Республикасының заңнамасына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына теріс әсер ететін заңбұзушылықтарды анықтап, оларға сараптама жүргізу болып табылады», - дейді ведомство өкілдері.

Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін материалдар анықталған жағдайда діни сараптама жүргізу ережелеріне сәйкес, оны республика аумағында пайдалануға және таратуға рұқсат етілмейді. 

Қазіргі уақытта діни қызметті реттейтін заңнамаға түзетулер енгізу жөніндегі құжаттар әзірленді. Оның негізінде 9 Заңға және 2 Кодекске жалпы саны 52 түзетулер енгізу қарастырылып отыр.

Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, аталған Заң жобасында ата-аналар немесе кәмелетке толмағандардың басқа да заңды өкілдерінің тәлім-тәрбие беру мақсатында пайдаланатын әдебиеттер мен материалдарын, сондай-ақ, діни білім беру ұйымдарында ресми түрде оқитын балаларға таратылатын әдебиет пен материалдарды қоспағанда, 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге діни әдебиеттерді, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды таратуға тыйым салынатын норма ұсынылған.

«Skifnews.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

E-mail: info.skifnews@gmail.com

Сайтта жарнама орналастыру

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 


©2016 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

DivideGroup — сайт әзірлеуші