Үздік әңгіме - Жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары. Skifnews.kz ақпараттық портал

Үздік әңгіме

Үздік әңгіме

namys.kz

«КҮНӘ»

— Ақжарқын, ай Ақжарқын, Ақжарқын деймін, мына қатынның құлағы естімей тас керең болып қалған ба? — деп, айқайлап, жан-жағына қараған Әсіл әйелінің үйде жоқтығын білгеннен кейін қыздарының атын атап шақыра бастады.

АУЫЛ КЕШІ

Ауылға бардым. Күні ертең «баяғыда» деп бала күнімізді еске алып отыратын достарыммен кездестім. Арамызда асып кеткен ешкім жоқ. Әйтеуір бәрі бір-бір кәсіпті иеленіп, майда тірлікпен айналысып жүргендер. Ештеңе істемейтін Төлеубектің өзі «таза ауаның директорымын» деп қалжыңдай көкірек қағады.

БЕС МЫҢ...

Міне соңғы қоңырау да келді. Соңғы қоңырау... Бұл армандаған, қиялдаған, аңсаған соңғы қоңырау. Әлі есінде... бірінші сыныпқа барғаны. Сонда, құдай-ау, сол кезде он жыл деген тіпті, бітпейтіндей көрінетін. Мектепті қашан бітіреміз деп ойлайтын, сонда...

ҚҰРАЛАЙ-ҒҰМЫР!..

Үмітімді үзгім келмейді, үзе алмаймын да. Ол үзілсе мен қалай өмір сүремін. Бақытты болуым үшін, мына аурудан жазылуым үшін... Қаламымды тастамауым керек, онсыз менің сырласым болмайды.

(Күнделік дәптерімнен).

neke.kz

АҚКЕНЖЕНІҢ КЕЛІНІ...

Ақкенже кемпір түнімен дөңбекшіп шықты, қаланың у-шу тірлігі ме, әлде кәріліктің салдары ма, соңғы кездері түн баласына көз ілмей шығатын өнер шығарған. Өзі жатқан кішкене бөлменің терезесін ашық тастайды. Бастапқы әзірде үй іргесінен арылдап тынымсыз ағылған машиналар, ақылынан арақ айырғаны, әлде Құдай айырғаны белгісіз, түні бойы үй іргесіндегі кафедегі айқай, ол аздай қазір қалада толып кеткен иесіз ит пен мысықтың ұлығаны, мияулағаны, мауығып қыңсылағаны – бәрі, бәрі де жанына түрпідей тиіп, мазасын алғасын әлгі терезені тарс қылып жауып тастайтын.

blogtime.kz

МҰСАБЕКТІҢ КҮНӘСІ...

Мұсабек – кластасым. Біріншіден оныншыға дейін бірге оқыдық. Интернатта жаттық. Мектепте жүргенде бұзықтығы жоқ, біртоға бала болатын. Әлі де сол қалпы, достар кісі өлтіретін қалжыңдарымен қажап жатқанда ыржиып күліп тұра береді. Ақырында қалжыңқойлар өздері шаршап қояды. Осы уақытқа дейін Мұсабек біреуге қиянат жасапты дегенді естіген ешкім жоқ. Осы уақытқа дейін Мұсабек біреумен төбелесіпті дегенді естіген ешкім жоқ. Осы уақытқа дейін Мұсабек біреуді боқтап, балағаттапты, сыртынан ғайбат айтыпты дегенді естіген ешкім жоқ. Жүк көлігін жүргізетін досымның саясатта, басқада шаруасы шамалы, алдындағы жұмысын біледі, бала-шағасын асырағанды біледі.

baq.kz

САҒЫ СЫНҒАН ШАЛ

– Менің атам жайлы жазыңызшы, – деді ол.
– Ал, айта бер, атаң не бітіріп тастады, – дедім мен оған сынай қарап.
– Атам әне отыр. – Ол күншуаққа арқасын тосып, көзін сығырайта алысқа қарап, қалың ойдың құшағында отырған қартты иегімен нұсқап көрсетті. – Білесіз бе, менің атам бұрында осы ауылдың аузы дуалы ақсақалдарының бірі еді, – деді де мұрты енді ғана тебіндеп келе жатқан бозбала үнсіз қалды.

personadrive.ru

ҚАСІРЕТ ЖАСЫ

(Болған оқиға ізімен)
Жалғыз өзі үйде пешке арқасын беріп жатқанына да біраз уақыт болды. Сонда да сүйегі құрғыр ортасынан жарылып сынғандай шыдатар емес. Қуаты қайтқан қолдарымен сипап, сылаған болады. Үй ішінің жылуы кетіп бара ма, әлде бойынан қаны кеткен кәрі сүйегі жылуды сезінуден қалып бара ма, әйтеуір соңғы кезде бойы жылымай-ақ қойды. Сүйретіліп жүріп күніге үш мезгіл көмірін салып, отын жағады. Күйбеңдеп жүріп от басын тазалаған болады. Бір жағының топсасы кетіп, аузы дұрыс жабылмайтын шай сандықтың ішіндегі ыдыс-аяғын реттеген болады. Одан әріге көп ұзамайды. Аяғы ұйып, белі сырқырағасын пеш түбіндегі көрпе үстіне қисая кетеді. Жаңағы сәл қозғалғанға, даладан барып жарты шелек көмір әкелгенге, еңкейіп сыпырғы ұстағанға жүрегі құрғыр алқынып, кеудесін сығып барады. Ар жағынан тұншығып жеткен жөтел қиқылдатты да тастады.

forum.awd.ru

ҮЗІЛМЕГЕН ҮМІТ

– Осы күнгі жастарда имандылық деген атымен жоқ. Баяғы тәлім - тәрбиенің жұрнағы да дарымаған, кіл дүбәра.

– Қателесіп отырған жоқсыз ба, ағасы? Алтынға да бергісіз шаңырақ қасиетін, ошақ қадірін, жанұя бірлігін құрандай қастерлеп өткен жастарымыз да жетерлік қой. Көрмейтін шығармыз.

Айнагүл қыстың ұзақ түнін ұйықтамай өткізді.

Жаюлы жатқан төсегіне де қисайған жоқ. Бір-біріне жабыса құшақтасып жатқан екі сәбиіне қарап, көзінен парлай аққан жасын да сүртпестен отыр. Түпкі бөлмедегі атасының анда- санда көкірегі айырыла күрсінгенін естіген сайын егіле түседі. Төрінен көрі жақын,кәрі қойдың жасындай жасы қалған, азғана ғұмырларында алданышы болған, кішкене сәбилерді бауырларынан жырып алып кететініне өкініп, жаны езіліп барады. Бірақ, амалы қайсы. Осы үйдің табалдырығын аттағанда «А, құдай, жамандығыңды көрсете көрме, маған көрсетер рахатың түтіні түзу шығар шаңырақ болғай» деп тілеп еді. Сол кезде жасы он сегізге жаңа толған мұның аузына сол сөздің түскеніне бұрындары өзі де таң қалатын. Әлде, түбі бір шайқалар шаңырақтың жайын Құдай сездірді ме, әлде бауырында өскен ырымшыл әжесінің берген тәрбиесі ме, әйтеуір сол сөз аузына түскен еді. Обалы не керек, байғұс атасы мен енесінің бұл дегенде шығарда жандары бөлек болды.Қолдарынан келгенше дүрілдетіп тойын да өткізді. Ешкімнен кем қылмай құдасын да жөнелтті. Жаңа түскен келін әсіресе, атасы мен әкесінің бір-біріне деген шынайы көңілдерін көріп, марқаюмен болатын. Жыл сайын наурыз туа атасы жасы үлкен болса да «ойбай-ау, қыз берген жер ғой, жолы үлкен» деп сыбағасын артынып, кемпірін қасына ертіп, сонау құм бойындағы құдасына сапар шегеді. Келесіде алдын-ала әкесі хабар жіберетін. «Қайрекең биыл қозғалмасын, жасы үлкен адам ғой. Наурызды құда-жекжаттардың ортасында қарсы алам» деп. Содан әкесі мен шешесі келіп, үш-төрт күн аунап-қунап қайтатын. Бірін-бірі сағынып қалғандары таусылмайтын әңгімелерінен,құдаларына арналған жиылмайтын дастарқанынан-ақ белгілі болатын. Жөн-жоралғысын семкесіне салып, болып жатса арнайы машинаға, болмаса автобусқа мінгізіп, қашан көрінбей кеткенше артынан қарап тұрғаны. Келім-кетім кісіден сәлем айтып жатқандары. Бір-біріне деген ықыластары немерелі болғаннан кейін тіпті күшейді. Өмірге келген кішкене Асхатты төбесіне көтерумен болды.Көз тоқтатып адамға қарағаны да, шалқып күлгені де, оларға үлкен мереке болды. Әсіресе, бұрын қора-қопсы жақта көбірек жүретін, құрдас шалдарына еріп, садақа, тойлардан қалмайтын атасы енді бесікті жағалайтынды шығарды. «Қыңқ» еткен дыбысына да жалтақтап қарап, ұзағырақ жатып қалса «Келін-ай, шешетін уақыты болған жоқ па?» деп отырғаны. Емізіп отырған бұл бәрін де іштей сезеді. Қашан жаялыққа орап қолына бергенше шыдамы таусылып-ақ отырады. Қолына немересі тигеннен қаудырлап, сөйлесе бастайды. «Әй, күшік, осылай түрегеліп отырсаңшы. Ертең нағашың Алпысбай келгенде алдынан тұра жүгірші» деп әлі мойны қатпаған баланы отырғызып әлек. Мұндайда енесінің жаны мұрнының ұшына келіп, «қақбас-ау, баланың мойнын үзерсің» деп қолына жабысып, быж-тыжы шығады. Өзінің қолапайсыздығынан кемпірінің қолына кеткен немересін қызғанған шал бір сәт балаша бұртиып отырады да әйтеуір есесін қайтарғысы келгендей «ана шұбатылған жаулығыңды кейін ал,тұншықтырарсың» дейді. Оған көне қоятын енесі ме?

– Әй, мен бес баланы туып, өсіргенде қасымда жүргендей болма. Жыл он екі ай айдаладағы бұраубайыңның темірін сыласаң, сылаған шығарсың. Ал, балаларыңның барлық тауқыметі менде болды. Өтірік десең айтшы, кәне, – дейді. Үдеп бара жатқан кемпірін қойдырудың жалғыз і жолы үндемей құтылу екенін білген атасы «Әй, Алла-ай, бергеніңе шүкір» деп қапталындағы жастығына қисая кетеді. Кемпірі де:

– Е, бәсе, сөйтсеңші, шүкірміз ғой, шалым, шүкірміз,- деп манағысының бәрін сол бойда ұмытып, немересіне еміреніп жатқаны.

– Шал-ау, – дейді бір кезде жұмсарып,- өз балаңды өскенше бағасың, немереңді өлгенше бағасың демейтін бе еді. Енді көзіміз жұмылғанша осы шараналарды бағу маңдайымызға жазса, одан артық не керек?! Тек Құдайым көп көрмесін.

– Е, – дейді атасы енді түзеліп отырып, - Мен Құдайдан басқа не тілейді дейсің. Басымыздағы бағымыз да, байлығымыз да осылар ғой. Тәңірдің көзі түзу болсын.

Айнагүл қауқылдаса сөйлескен ата-енесінің сөзін естіп отырып ішінен «айтқандарыңыз келсін, осы қызығымыз таусылмасын» деуші еді. Бірақ, Тәңірі көп көрді ме, тігісінен сөгілген көйлектің жеңіндей боп бірте-бірте қолтықтарынан салқындық кіре бастады. Жексен бұрын арақ дейтінді тіпті де аузына алмайтын. Әлі есінде, үйлену тойларында құрдастарының қолпаштауымен төрт-бес рөмке шампан ішіп, бойын билей алмай, жан-жағына қарап, ыржаңдаумен болған. Үнемі күлімсіреп жүретін жігіттің онысын ешкім де мастыққа сайғармай, құрдас келіншектер қайта- қайта ортаға сүйрелеп, одан сайын діңкелеткен еді. Қақ-соқпен ісі жоқ. Артық-ауыс әңгімеге де үйірсектігі шамалы еді.¬Өзі сөйлегеннен гөрі біреуді тыңдағанды жақсы көретін. Анда-санда мұның әкесі келгенде құданың шашбауын көтереміз деп көрші шалдар жиналып, түнімен отырып, өткен-кеткенді айтып отырғанда, Жексен үн-түнсіз солардың қасында болатын. Онысын ауылдың шалдары да жақсы көретін. «Апыр-ай, мына Қалдыбайдың Жексені сөз қадірін біледі. Осы күнгі балалар құсап даңғырлаққа әуестігі жоқ. Әне, болар бала боғынан деген осы. Әкесі қыстың боранында да, жаздың төбеңді тесер ыстығында да үйде болып жарытпайды. Дүрсілдеген бұраубаймен жағаласып жүргені. Әңгімеге шеберлігі де шамалы. Ал, мына бала ондай емес. Шамасы,кәрі әкесі, нағашы жағы да биліктен құр алақан емес деуші еді. Не де болса солардың шапағаты тиген шығар» дейтін.

Бірақ, ұйыған тірлікке қызғанышпен қараған әлдебіреулердің көзі өтті ме, әлде тентек суға жақындардың сөзі өтті ме, әйтеуір, түтіні түзу ұшқан ошақтан береке кете бастады. Бастапқы әзірде араққа қызып келгенін білдіргісі келмегендей «басым ауырадыны» сылтауратып жата қалатын. Ондайға ата-енесі де, өзі де бәлендей мән бермеген. «Қатарымен бір шөлмекті бөліп ішкен шығар. Ештеңе етпес, қояр» дейтін бәрі де. Бірақ қояр Жексен болмады. Бірте-бірте күшейе түсті. Бұрынғысы аздай, енді осындағы елге ішкіштігімен белгілі, көп алдындағы беделінен, бала-шағасы алдындағы абыройынан айрылған әлдебіреулерді ертіп келетінді шығарды. Айнагүл талай рет беттері арақтан көлкілдеп ісіп кеткен әлгілерден қаралай жиіркеніп, қуып та жібергісі келген. Бірақ, азаматым ғой, үйім деп ертіп келгенде әлдебіреулер құсап, шаңқылдап назарын сындырмайын деп Жексеннің сұраған арағын қинала алдарына қоятын. Зорлана күліп, қосағына көп ішпеу керектігін ескертетін. Содан үйдің ішін көк ала түтінге бөктіріп, дарылдап өлең айтып, енесінің айқайынан кейін ғана бір-бірін сүйрелеп далаға кететін. Аула ішінде қырық жыл қырғынға бара жатқандай құшақтасып, қайта-қайта қол алысып, ертеңге дейін бірін-бірі қимай тұрғандары. Олардың осы жүрісіне есік алдында жататын Саққұлақ, ит екеш ит те қарсы. Қашан ауладан шығып кеткенше ырылдап тұрғаны. Өткенде алдынан арсалаңдап жүгіргенде «қаңқ» еткізіп бүйірінен тепкеннен бері Жексенге де жақындамайды. Сөйтіп жүріп жұмыстан да қуылды. Енді бүкіл отбасы ата-енесінің аз ғана зейнетақысына қарап қалды. Оған да шүкіршілік етер еді-ау. Қазір мына заманда кімнің маңдайы шылқып жүр дейсің. Баяғы атасының сау кезінде, жұмыста жүргенінде қанша екенін де санамай, додалап кемпірінің алдына лақтыра салатын, көп ақшаның көрген түстей көңілден кеткеніне не заман. Не істейді, не алады, кімге береді, онда атасының шаруасы болмайтын. Билік кемпірінде. Шындығында Қалдыбай ол ақшаны не істесін?! Он бес күн вахтаға жұмысқа кетерінде үй алдынан алып кететін машинасы дайын, болмаса поселкенің шетінде ноқталаулы тұрған вертолеті дайын, мінеді де кетеді. Барған жерінде тамағы, қисая кететін төсегі де өкіметтің мойнында. Анда-санда Ақтауда өтетін мұнайшылар күнінде ме, әлде бір жоспардың орындалғанында ма, болмаса ол кезде жиірек болатын партия жиналыстарында ма, әйтеуір, кейде қалаға сапар шегетін. Сол кезде ғана кемпірі екеуінің әбігерге түсетіні бар. Мұртын бастырып, костөм-шалбарын тазалап, әр жылдары алған моншақтарын тағып жатады. Әлгі жиналысқа бастап жүретін мекеме басшысы да ертең сөйлер сөзін дұрыстап айтуды пысықтап, қайта-қайта телефон соғып жатқаны. Барғанда да ол жерде қонақүйі есігін ашып, төменгі қабаттағы мейрамханасы Құдайдың кіндігінен түскендей маңғаздана басқан «передовиктерге» қызмет етіп, абыр-сабыр болып жататын. Зейнеткерлікке шыққанда өкіметтің тағайындаған ақшасы ол кезде едәуір, бір үйдің ішіп- жеміне толықтай жететін еді. Бірақ, мына алақұйын заманда күнде өзгеріп жатқан, газеттерде көп жазып, көп айтатын «нарық» кезінде әлгі пенсиясы далада қалдырды. Үйдегі ойыңды базардағы нарық бұзады деген осы. Сол қалт-құлт етіп, әзер жетіп отырған аз ғана ақшаның шетінен енді милицияға түскен Жексеннің айыппұлын, сырахана ішінде мас болып бүлдірген нәрсесін түгендеуге келген, сол жердің қожайынына беруге тура келді. Әй, түздің түлкісіндей мың құбылған заман-ай. Әлде баяғы шалдар айтып отыратын, дүние бірде бетін, бірде артын көрсетеді деген осы ма. Бұрындары ертеректе, бұлар атақты мұнайшы атанып, аудан орталығына немесе облысқа жиналысқа барып «бесжылдықтың озаты» деген жылтырақ темірді, ия болмаса омырауын түгел жауып, иығынан төмен қарата алтынмен жазылған «чемпион мұнайшы» деген лентаны тағып, түкірігі жерге түспей жүргендерінде қатарларына көп ере алмайтын, елге жағымсыздау замандастары болатын. Елге пайда қылудан гөрі өзіне тасуды, шамасы келсе қармап қалуды ойлайтын олар сол жымысқы әрекеттерімен ұнамайтын. Мына заман солардың тілегеніндей-ақ дегендері болды. Бұрынғыдай «ананы қалай алды, мынаусы қалай» деп үйдегі малын, ошақ басына келер табысты есепке алып, артын сұрайтын өкімет жоқ, жырғады да қалды. Зыңғыраған үй де, көп адамның қолы жете бермейтін әлгі «иномарка» дейтін де солардың астында. Жеке кәсіп ашып, қарауындағы адамға қанша ақша берем десе де, қанша жұмсаймын десе де өз еркі. Солардың бірі осылардың әріден қосылар бір ағайындары. Бұл Құдайдың құдіретіне не шара, соның осы Жексенмен құрдас, мектепте оқып жүргенінде сабақ білмейтіндігімен, тентектігімен талай мұғалімді зарлатқан жынды Саяты, енді желкесі күжірейіп, әлгі әкесі ашып берген жеке кәсіптің қожасы. Өткенде Айнагүл ит те болса құрдасы ғой, әрі ағайын аты бар емес пе деп соған барған. Ақылыңды айтып ұрсып, ана құрдасыңды қарауыңа алсайшы деген. Саятта үн жоқ. Алдыңдағы компьютерді шиқылдатып, оның бетіндегі мұздай қаруланған екеуді бір-бірімен атыстырып әлек. Бір уақытта барып, Айнагүл енді есіне түскендей дөңгелек столын шыр айналдыра денесімен бұрылып:

– Жексен мұнда істей алмайды. Біз әрбір тиынымызға есеп жасайтын адамдармыз. Бас керек. Ренжіме, бара бер, – деген сызданып. Орнынан зорға көтерілген Айнагүл:

– Ең болмаса жүкші қылып алсайшы, – дегенінде Саят әбден жылтырап, семірген беті қып-қызыл боп, мәз бола күлді. Көзінің жасын сүртіп:

– Ау, ілулі тұрған еттің ық жағын иіскеп,қағып кетуді ойлаған бұралқы иттей, арақ көрсе сілекейі ағатын Жексенің мені бір күнде қара тақырға отырғызар. Шырағым, жүкші дейтін бізде екінің бірінің қолы жете бермейтін жұмыс. Болды. Енді, бара бер, уақытым жоқ, – деген.

Айнагүл далаға шыға көз жасына ерік берді. Бәрінен бұрын «бұралқы ит» дегені жанына батты. Баяғыда мектепте жүргенде мұғалімнің тақтаға жазған есебін шығара алмай, алдындағы Жексеннен ұрлана көшіріп отыратыны есіне түсті. Енді мынау. Бұл ел не боп барады өзі?! Сеніп барған замандасының қайырсыздығына, бір кездегі қыз мінезді, мақтаулы Жексеннің қазір «бұралқы ит» атанғанына налыған келіншек енді өзі тірлік істемесе болмайтынына анық көзі жетті. Кешке дейін жүріп, әр мекеменің есігін қақты. Бәрі де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «жоқтан» басқа ештеңе айтпады. Ұзақ күндер сабылып жүріп ауруханаға жарты айлықпен аяқ-табақ жуушы болып істейтін болды. Бұған да шүкіршілік. Әйтеуір, ата-енесінің кішкене зейнетақысына сеп болады ғой. Осы күні адам неге шүкіршілік етпейтін болды. Бұрын Жексенге «арақ ішпе, атаңнан қалған ас емес. Мұндай азғындық біздің тұқымда, тіпті сонау жеті атамызда болған емес» деп ұрсушы еді атасы. Енді «Істемесең жұмысы құрысын, қарағым арақ ішсең де жөніңе іш, жұрт алдында өзіңнің абыройыңды төгіп, бізді жерге қаратқаның аздай, аз ғана тиын- тебенімізді сен бүлдірген затқа төлемейік. Соған шүкіршілік етейік, қойсайшы қарағым» деген атасы соңғы кезде жанары кете бастаған көзінен жасы парлап.

Келінінің жұмысқа тұрғанына қуанған енесі, ол алғашқы ақшасын әкелген күні «саудаға» шықты. Дүкенге барып, азын-аулақ темекі, сағыз, кәмпитін әкеліп, жол жиегінде, жәшіктің үстіне жайып, күн ұзаққа шоқиып отыратын болды. Бірдеңесі өтсе балаша қуанып, әлгі саттыққа алған кәмпитінің шетінен тістеп, терлеп отырып шайын ішеді, жұдырықтай келініне өткен-кеткенді айтады. Бірақ, бұл да ұзамады. Жексен бұрын бір-жар қорап темекіні алғаны аздай, енді шешесінің «өтімді товары» арағын ұрлайтынды шығарды. Қашанғы басына жастанып жатсын. Қай бұрышқа тықса да иісшіл иттей, зар қақтырады да кетеді. Әсіресе, бір күні Айнагүлдің нағашысы келіп, көл-көсір дастархан жаюға дәрмен сірә жоқ, ер адам ғой, ең болмаса елдің ішіп жатқан бір шөлмек сыбағасын ішсін деп тықпасының асты-үстін төңкеріп, арағын таба алсайшы. Жігері құм болып, қонағына құла су беріп аттандырған енесі, ол кеткеннен кейін «А, Құдай, бар болсаң көзіме күйік қылмай осы итті алсаңшы» деген қолын жайып. «Қойшы ене», деген-ді сонда Айнагүл енесінің әбден күн қағып, қап-қара болып кеткен бетіндегі жасын сүртіп. Бір реті болар, ел ішіндеміз ғой.

– Қарағым-ай, осы өмірде талай жақсыны да, жаманды да көріп едім. Бірақ, мынадай қолдан жасап алған қасірет мені шаршатты. Шал болса анау, жығылғанға жұдырық дегендей көзінен айырылды. Бала болса мынау, ащы судың соңынан ерген. Телевизордан «ойбай, абайлаң қолдан жасаған улы арақтан пәлен жерде адам өліпті» деп сарнап жатады. Сол елді бүлдіріп жатқан көп удың ең болмаса бір тамшысы осы итке тап болмауын қарашы. Әй, бірақ, Құдайға да жақсы керек дейтін еді ғой. Бұл кімге керек дейсің? Бұл ма, бұл көр де тұр, көп ұзамай жын қағады. Кеше ана кішкентай Асхатты тепкілеп жатқанында зорға айырдым. Әй, есі ауысқан адам болмаса бауырынан шыққан нәрестені сөйтіп ұра ма екен. Ішім біледі, сенің де күйің мәз емес. Бұл ит саған да қол көтеріп жүр.Бізді қимай, екі оттың ортасында жүргеніңді мен сезбейді деймісің. Тек Құдайдан сұрарым, қайда жүрсең де бағың жанғай. Соқыр шалды дәретханасына жетектеп, ауру кемпірдің көрпесін қымтап, арақ жеңген жындымен кім арпалысып жүр дейсің? Ондай түгілі, кетті ғой кеше Баймұрзаның келіні күйеуімнің бір шапалағы маған артық тиді деп. Байғұсты шабылдырды, шаптырды. Тайтақай келіні кетті, отырып қалған Баймұрза болмаса. Енесі солқылдап одан сайын егілді. – Кейде тіпті өзіміз-ақ саған батамызды беріп, рұқсат еткіміз келеді. Бірақ, шыны, Құдайдан жасырмағанды сенен несіне жасырамыз, қолтығымыздан демеп жүрген сені, тіпті қимаймыз. Сен кетсең осы шаңырақ жалп етіп құлайтындай, ошағымыздағы от қазір-ақ сөнетіндей көрінеді де тұрады.

Енесі солқылдап отыр. Айнагүл дәрісін беріп, сүйемелдеп төсегіне жатқызды. Төр үйде атасының қақырынғаны естілді. Қасына барып түкіргішін ауыстырып, қайтадан орнына қойды.
– Жұмысыңнан қалма, қарағым, – деген атасы қалбалақтап. Маған қарайлама. Кемпірдің үйреншікті ауруы ғой, тұрар. Кешкі шайды сосын ішерміз. Қараңғыда абайлап жүр. Баяғыда мал торыған даланың ит-құсы көп болса, осы күні адам торыған қарақшы көбейді ғой. Бір жеріңе зақым етіп жүрер. Ең болмаса жұмысыңнан күтіп алып, қасыңда көлеңке боп жүруге жарамады ғой әлгі ит. Бар, айналайын, – деді атасы. Содан жұмысына барды. Күндегідей аяқ-табағын жуып, еденін тазалап шыға бергенінде, машинадан түсіп жатқан бір келіншектің жүзі таныс сияқты болып көрінді. Ұқсас біреу шығар деп қасынан өтіп бара жатқанында әлгі келіншек:

– Мәссаған, міне кездесу, Айнагүл, мені шынымен-ақ танымадың ба? –дегені.

Қараса, ия сол, баяғы Жарқын. Шашын қып-қызыл ғып бояп, қымбат әтірді аямай жаққан. Құндыз жағалы пальтосының омырауы ашық. Жұрттың таба алмай жүрген көйлегін киіпті. Бірге оқыған құрбысымен кездесіп, екеуі мәз болып, өткен-кеткенді айтты. Бір-бірін көрмегелі талай жылдың жүзі болыпты. Ауруханаға кез-келгеннің келе бермейтінін білетін Айнагүл:
– Жақын біреулерің жатыр ма еді, – деп сұрады.

– Ия, любовник жатыр. Жарқын мәз бола күлді.

– Әзір байға тие қойған жоқпын. Жас емеспіз бе? Қадіріміз бар уақытта қалталы шалдарды арбалған торғайдай қылып, қолда ұстап жүрміз. Ана терезеден телміріп отырған дәу де болса менің рыцарым шығар. Сен оның қайтіп маймаңдағанын,қазір мен ішке барғанда көрсең. Білесің бе, Айнагүл, жасы келген адамның сені айналып, аймалағаны да қызық. Ал, пока! Айтпақшы, Жексен қайда? Мен өткенде қасыма мына әукемді ертіп, бір отырысқа дайындалып, коньяк алайын деп дүкенге барғанымызда Жексеннен аумайтын біреуді көрдім. Қасында өзі құсаған бір сүмелек. Барматухаға тиын жеткізе алмай тұр. Бейшара. Даже қараудың өзі противно! Бірақ сенің Жексенің баяғыда есепке күшті еді ғой. Бір жерде отырған шығар, главный экономист болып. Онда оның несі жетпей жүр, саған жуынды жудырып. Қой, жолыңнан қалдырмайын. Анау да тағатсыздана күтіп отырған шығар. Бар болса шалыңа менен сәлем. Пока! – деп желдей есіп сөйлеп, құйын боп дөңгелене ішке кетті.

Айнагүл басқан аяғы кері кеткендей ілбіп келе жатыр. Бұрын Жексеннің айқай-шуын да, үсті-басы көшенің шаңы мен топырағына былғанып келетін сұрықсыз түрін де, болмаса босағада тұрғандарды қаңғырлата теуіп, үйдің берекесін алар қасиетін де тек үйден көретін. Өзі көшеге шықпағасын көңіліне Жексеннің осы істерін көп ешкім білмейтіндей сезінетін. Енді, міне, жұмысқа шыққалы күніге ол туралы жанын ауыртар бір сөзді естіп қайтады.Бәлкім, қалаға көшіп келмегенде бұлай болмас па еді, кім білсін. Осындағы апалары жабылып жүріп, қаланың шетіндег арзандау, ескі үйді алып, көшіріп алып еді. Жұмыс та табылар деген. Бірақ, оны ақтаған інілері болмады.Қайта оған жақсы болды. Бұрыш-бұрышта арақ сататын, сыра сататын жері көп. Көп ешкім тани бермейді. Елде болса сөзім өтеді-ау дейтін біреу болмаса біреу ақылын айтар еді, ұрысар еді. Жаңағы сұм келіншек те өтірік білмеген болып, әдейі айтып тұр ғой. Жарқынның адам танымай көзін шел қаптап па? Масқара-ай. Күн сайын бір өліп тұратын хабар естумен келе жатыр. Кеше түскі асты үлестіріп беріп жатқанында қасындағы орыс келіншегі:

– Саған біреу келіп тұр, шығып келші, -деді. Кім дегеніне иығын қиқаң еткізіп білмеймін, күйеуің шығар, - деді.

Жүрегі атқақтай соққан бұл қолын алжапқышына сүртіп далаға шықса о, тоба, әлгі Жексенмен бірге арақ ішіп жүретін Төреғұл. Бет-аузы көгеріп кеткен.
– Неменеге келдің, – деді бұл ышқынып. Жүрегі әлі дүрсілдеп тұр.

– Айнагүл, – деді Төреғұл тілі зорға бұралып, – маған Жексеннің бережақ жүз теңгесі бар еді. Көп болды. Қайтарар емес. Сотқа берейін десем қатар жүрген жолдас. Ұят болады ғой. Сонымен тәжікелесіп жүрем бе? Сенен алып тыншиын деп келдім, – дейді әлгі.

Айнагүлдің қаны басына шапты. Жан-жағына қарап еді, айнадай қылып сыпырған ауладан қолына ілігер ештеңе көрінбеді.

– Мә, саған, жүз теңге, – деді қолын шығарып. Саған жүз теңге түгілі бір тиын да жоқ мен беретін. Қорқытқан түрін. Сен неге оны сотқа беріп итжеккенге айдатпайсың? Сен неге оны қырық құлаш зынданға тастаттырмайсың? Сен неге оның денесін отқа қақтап,етін итке тастамайсың? Өзің неге сонымен қоса құрымайсың, арсыз? Ұят болады, жолдас дейді-ау. Ay, сендердің ана көлкілдеген беттеріңде сірә, ұят тоқтайтын бір бұдыр қалды ма? Жолдас дегеннің мағынасын айыратын ми қалды ма сендерде? Жоғал, көзіме көрінбей! Неғып тұрсың, әлде ана қылтамақ болғыр, ындыны кепкен өңешіңді суырып алайын ба? -деп ашынған келіншек баспалдақтан төмен түсе бергенде «ойбай, мына қатын жынданған шығар» деп Төреғұл тұра қашты. Шынымен қорықса керек, ауладан шыға бере артына қараймын деп етбетінен құлады. Қуып келе жатқан ешкім жоғына көзі жеткесін шарбақтың арғы жағынан алақанымен шынтағын ұрып, бір қолын бұлғаңдатып айбат шекті.

Содан кейін де бірнеше айдың жүзі өтті. Араға ағайындарды салып, өзін қорқытайын деп жапқызып та көрді, емдетіп те көрді. Оңған Жексен болмады. Ендігі жыны Айнагүл болды. Жан жарасы аздай, оған тән жарасы қосылды. Оған да шыдаған. Бірақ болмады. Бұлардың керегесін қаусыра ұстаған жіп ақыры қажала- қажала барып үзілді.

Әуелден жаны қажыған, түнімен ұйқы көрмей дел-сал болған Айнагүл шәйнекті газға қойды. Қайтадан пысылдап ұйықтап жатқан балаларының қасына келді.

Бастарынан сипап жатып, тағы да көз жасына ерік берді. Неге екенін білмеді, көз алдына қауырсыны қатпай ұядан құлаған балапан елестеді. Қос қанатын көтеріп, қанша жүгірсе де әуеге көтеріле алмай, жауынан құтылар дәрмені жоқ, аузын ашқан кәдімгі сарыауыз балапан. Оның енді өз ұясына қайта оралуы екіталай. Ия, қайырымды қол керек, ия мейірімді жүрек керек. Оның бірі болмаса қатарға қосылуының өзі екіталай нәрсе.

Acүйден бұрқылдай қайнап шәйнек төгілді. Орнынан тұрған Айнагүл үн-түнсіз дастарханын жайды. Балаларын оятып,киіндірді.

Өздеріне ғана тиесілі киімді ала сөмкеге салып, бұрышқа қойды. Бір нәрсені сезгендей Асхат та, Анаргүл де үн-түнсіз, томпиып шешелерінің қасына келіп отырды. Төр үйден қол ұстасьіп ата-енесі шықты. Алдарына келген шәйді үн-түнсіз сораптап отыр. Шәй ішіп отыр деген аты ғана. Екеуі де қазір айтылар сөзді, бұлар үшін түбі бір айтылмай қоймайтын қатал шешімді күткендей. Айнагүлге бір сәт мына бірін-бірі сүйемелдеп отырған қос қария қорғанышы жоқ, жел өтінде қалған ағаштай көрінді.

Жапырағынан айырылып, қурай бастаған діңін ертең-ақ қара қолды біреу келіп, балталай бастайтындай жаны түршігіп кетті. Жылуы жоқ, азынаған көрдей қараңғы үйде ашылған есікке жалтақтап, мына кішкентайларды іздейтіні есіне түсіп, егіліп, өксігін зорға тежеді.

– Атажан, – деді булығып. Бұдан жеті жыл бұрын келін боп, қасиетті табалдырығыңды оң аяғыммен аттағанымда осы әулеттің көпті көрген қариялары батасын беріп еді. Ақ жаулықты үлкендері май түтетіп, от жағып омырауымды, бауырымды сипап, пәле-жаладан сақтағай, өсіп-өркендегей деп ескінің жолын көрсеткен. Сол кезде ішімнен «Әй, құдіреті күшті жасаған, мен үшін қасиетті мекен болғай, ұрпақтарымның көген желісі осы шаңырақтан бастау алғай» деп ішімнен Тәңірге жалынып едім. Қанаттарым жайылып, есейіп бөлек кетсем де ата- енемнің батасын алармын, босағамды өз қолдарымен майлатып, керегемді өздеріне кергізіп барып кетермін деп ойлаушы едім. Бірақ біз ойлағандай болды ма? Тәңірдің жылы көзі бізге түскен жоқ. Сол қырын қарауымен әлі келе жатыр. Бірақ, түбі бір жақсылықтың болатынына сенетін сияқтымын. Мына отырған екі кішкентай сендердің ұрпақтарың, өмір жалғастарың. Оларға өздерінің шыққан тегін де, әу бастағы жылы ұясының қай жерде екенін де ұмыттырмаспын. Әзірге осылай істемесем болар емес. Мүмкін, Жексенге ақыл сонда келер. Құдайдан сұрарым, жүрегімді суытпай осы шаңыраққа қайта оралсам деймін. Құлазыған түзге тастап барады деп теріс баталарыңды бере көрмең. Желісін сағынған аруана құсап, жүрегімді сағыныш кернеп, боздап жеткенімде алдымда қауқиып отырсаңдар арман не?! Жып-жылы ұям еді, кетеуі кеткесін әр жерінен азынай соққан ызғырық шыдатар емес.Енежан, атажан, мен уақытша төркіндеп келейін, қайтадан бүтін ұяма келем деп кетейін. Әзірге аман отырың, – деді Айнагүл екі баласын бауырына қыса егіліп.

Қария кемсеңдеп отырып батасын берді, қара кемпір иығы селкілдеп қос сәбиді бауырына құшырлана қысты.

Айнагүл орнынан тұрды. Қос сәбиін жетектеп есік алдына барып төрде отырған ата-енесіне қайырыла қарады. Қос қария қос төмпешік болып төмен қарап қалыпты. Лықсып келген жасын да сүртпестен:

– Қадірлі босағам едің. Қызыққа толы күндерім де осында өтті. Бас-аяғым бүтін ғой. Қорлық көрдім демейінші. Оны атекемнің жалғыз тентегінің еркелігі деп кетейін. Ақыл кіріп онысын да қояр. Үмітімді үзбейін. Қайта оралар киелі жер деп шығайын, – деп есікті ашып сыртқа беттеді.

Қазір іргесін бөліп кетіп бара жатса да, ертең алаңдап өзінің тамырын жайған топырағын іздейтінін білген Айнагүл балаларын жетектеп аялдама жаққа бара жатты. Қаңтардың қатыгез аязы бірте-бірте күшейіп, өзінің долы мінезіне басты. Жайқалып өсер жазды сағынғандай жол жиегіндегі сидаң ағаш мұңды әуенге басыпты.

Отыншы КӨШБАЕВ

baq.kz

АЙТЫЛМАЙ КЕТКЕН АМАНАТ

Размағанбеттің сыз, күлімсі иіс аңқыған қуықтай бөлменің ішіндегі ағаш нардың үстінде жүресінен отырғанына көп болды. Астындағы мақтасы бұрқырап түте-түтесі шыққан төсеніштің жиырылған жерлерін түзеп, қайта-қайта алақанымен сипап қояды. Жоғарыдағы сығырайған кішкене терезесымақтан түскен сәуле тым әлсіз, қанша үңілсе де қолындағы уақ харіптермен жазылған құран сүрелеріне көзі жетер емес. Бүгін бұл үшін соңғы түн. Соңғы түн емес-ау, соңғы кеш. Түні бойы қинап, жанын жаралаған азапты тексерістің аяқталғаны кеше ғана. Аштық пен азаптан денесін зорға билеп тұрған мұны орнынан сүйемелдеп тұрғызып, алдында отырған үшеуі үкімін оқыған. Бәрі де орнынан тұрды. Гимнастеркаларының жиырылған жерін кері ысырып, тамақтарының ілгегін салды. Стол үстінде жатқан фуражкелерін киюді де ұмытпады. Әсіресе, ана ортадағы Якубов тым сақ. Қасындағы қобыраған жалаға толы қағаз үстіндегі пистолетінің шүріппесін қайырып, қолына алды. Бойында титтей де жылуы жоқ жылан көзі әлі де тесірейіп алдындағы ғұламаға қадалған. Әккі неме өмірінің соңғы, санаулы минуттарын әр адамның әрқилы қабылдайтынын талай көрген. Біреулері отыра қалып, көз жасын көлдете рақымшылық сұраса, біреулері соңғы күшін жинап, алдындағы жауының кеңірдегіне жабысады. Бірақ оған көбінің қолы жете бермейді. Серіппедей атылып ұмар-жұмар жағаласа кетуге талай-талай соққыдан әлсіреген денесі икемге келмейді. Бола қалған күнде де атылған оқ дегеніне жеткізбей жолда сүріндіреді. Ал, үшіншілері алдындағылардан қаралай жиіркеніп, бетіне түкіреді.

СТУДЕНТТІҢ БІР КҮНІ

Аға буынның кейінгі жастарға көңілі толмауы қашаннан келе жатқан «үрдіс». «Заман азып бара жатыр...» дегенді адамдар тіршілік пайда болғаннан айтып келе жатқан сияқты. Ғалымдар Египеттен табылған папирус қағаздардың бірінен «жастар бұзылып бара жатыр» деген сөйлем оқыған...

relax.com.ua

ӨНЕРГЕ ЖАНЫ АШУ...

Ол елдің көз алдында өсті. Әкесі марқұм колхоз бастық еді. Әділін айтайық, әкесі өзінің кезеңінде жаман бастық та болған жоқ. Ол басқаратын колхоз ауданда ғана емес, облыста да алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі болды.

Әкесіне бақты берудей берген Құдай ұл перзентке келгенде сәл тарылған сияқты. Әйелі жылда қыз туатын. Табиғатынан нәті жуас әкесі төртінші қызы дүниеге келгенге дейін сыр бермепті. Тек төртінші қызы туылғаннан кейін ғана қыңқылдай бастапты. «Артымда мына дүние-малға ие болатын ешкім қалмай ма?» деп...

http://filov.net

ОҢҒАРБАЙ Болат: ӨКІНІШ

Тоқсанның төрiне жақындаған сайын Махан қарттан маза кете бастаған. Өмiр бойы еңбегiнiң өтеуi үшiн алған үшiншi қабаттағы үш бөлмелi пәтерiнiң өзiне кiрiп-шығу қиынға соқты. Сондықтан, күнұзақ үйден шықпайды. Бар ермегi көгiлдiр экран. Әртүрлi хабарларды, соңғы жаңалықтарды көрiп, тыңдайды. Одан қалса көзәйнегiн киiп газет-журнал оқиды. Мына төрткүл дүниеде болып жатқан жаңалықтардан да тыс қалмайды. Ойша топшылап, өзiнше болжам жасайды.

i-news.kz

Дәурен Қуат. Мысық пен Маруся

(әңгіме)

«Жоқ болды жоқтауың асқыр. Мүләйімсіп, тәлімсіп қасымнан шықпаушы еді, қайда ғана құрыды екен, а? О, Құдай Ана, құрсағыма біткеннің мойнын теріс бұрғызып қойып едің, енді мынауың не? Не қылғаның тағы да? Апыр-ай, осынша қатыгез, осынша мейірімсіз, осынша аяр деп кім ойлаған оны? Оңбаған нағыз найсаптың өзі екен барып тұрған!»

«Skifnews.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

E-mail: info.skifnews@gmail.com

Сайтта жарнама орналастыру

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 


©2016 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

DivideGroup — сайт әзірлеуші