17.12.2016, 08:28

Арыста «Жеңіс» акциясы жалғасын тапты

Бүгінгі ұрпақты бейбіт өмірге жеткізген Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету кейінгі ұрпақтың парызы.

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы 2014 жылдан бастап Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған «Жеңіс» республикалық әлеуметтік-қайырымдылық жобасын жүзеге асыра бастаған болатын. Айтулы жоба әліге дейін жалғасып келеді.

Осы орайда, бүгін Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыс қаласының әкімі М.Қадырбек, қалалық мәслихат хатшысы А.Байтанаев, «Отан» Ауғанстандағы соғыс ардагерлі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Арынов қаламыздағы жеті Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қарашаңырағына ат басын бұрып, әр ардагерге 100.000 (жүз мың) теңгеден қаржылай сый-сияпат табыстады.

Айтулы қайырымдылық акциясы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналып отыр.

– «Біз Сіздерді шын жүректен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, Сіздерге танытқан қайсарлықтарыңыз, отаншылдық сезімдеріңіз, еркіндікті сақтағандарыңыз және бейбіт аспан сыйлағандарыңыз үшін алғыс білдіргіміз келеді! Біз Сіздерді және Сіздердің ерліктеріңізді мақтан тұтамыз! Жеңісті әр күн есте сақтаймыз. Көк туымыз ашық аспан көгінде еркіндік пен жарқын болашақ нышаны ретінде желбірей берсін! Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, ұзақ ғұмыр тілейміз!», - деп жылы лебіздерін жеткізді жергілікті билік өкілдері ауданның ардагерлеріне.