13.04.2017, 04:35

Алматы облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің әлеуеті зор

Алматы облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі жақсы жолға қойылған. Мәселен, бүгінгі күні жалпы құны 20,5 млрд. теңге болатын 11 жоба бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр деп жазады облыс әкімдігінің ресми сайты.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Талдықорған, Қапшағай қалалары мен Ұзынағаш ауылында 3 балабақша ашылса, Қарасай ауданында және Текелідегі Қора өзенінде  подстанциялар, 5 сервистік дайындау орталықтары және Ақсу қант зауыты жобасы іске асырылмақ.   Бұл мәліметті бүгін Президент Жолдауының жүзеге асырылу барысы туралы облыстық актив жиынында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Ж. Омар айтты.

Ж. Омардың хабарлауынша, өңірде өткен жылы МЖӘ негізіндегі құны 2,1 млрд. теңге болатын жобалар бойынша 8 келісімге қол қойылған. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы бойынша сервистік дайындау орталықтарын құру және білім саласында балабақша ашу туралы келісімдер жүзеге асырылған.

Бұл мәселеге байланысты облыс әкімі А. Баталов тарапынан МЖӘ негізінде іске асыру мүмкіндігі бар жобалардың тізімін айқындап, белсенді жұмыс істеу тапсырылды.