28.05.2017, 13:12

Алматыда «Мерейлі отбасы – 2017» байқауының қалалық жеңімпаздары анықталды

 «Мерейлі отбасы – 2017» ұлттық байқауының Алматы бойынша қалалық кезеңінің жеңімпаздары анықталып, марапатталды. 91 отбасының ішінен үздік деп танылған Жапақовтар мен Асқаровтар отбасына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев диплом мен бағалы сыйлықтарды табыс етті.

«Ұлттық тәрбиені насихаттайтын бұл байқаудың маңызы жоғары. Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Ендеше, әрбір жанұяның мәртебесі биік болса, еліміздің де абы­ройы асқақ болары сөзсіз. Бұл байқау адам жанына жылылық ұяла­татын игі бастама. Сондықтан, оған қатысуға ниетті азаматтардың қатары кө­бейіп келеді. Мәселен, былтыр байқауға қатысуға  50 отбасы құжат тапсырса, биыл олардың саны тоқсаннан асты», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырық­баев.

Еске салсақ, конкурстың аудандық кезеңі 1 сәуір мен 15 мамыр аралығында өтті. Әр ауданнан 2 отбасыдан іріктеліп алынды. Солардың ішінен ынтымағы мен бірлігі жарасқан Жапақовтар мен Асқаровтар отбасы жеңімпаз атанды. Олар күзде өтетін республикалық байқауға жолдама алды.

Жапақовтар ұстаздық етуден жалықпайтын отбасы ретінде таңғалдырады. Қаланың білім беру саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Асқаровтар әскерилер отбасы, олардың осымен төртінші буыны өмірлерін қауіпсіздік саласына арнап, осы бағытта қызмет етеді.

Жиын кезінде ҚР Еңбек ері Аягүл Миразова байқаудың маңызы туралы айтып, жеңімпаздарды құттықтады.