$ 498.55  524.28  4.75

Алматының ең үздік отбасылары таңдалды

2013 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық отбасы институтын нығайтып, оған жаңа леп әкелетін ұсыныс айтты. Президенттің «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын ұйымдастыру жайлы идеясы бүгінгі таңда жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін рсепубликалық сайысқа айналды.

Алматы қаласы Наурызбай ауданы бойынша байқауға қатысу құжаттары 12-19 сәуір аралығында қабылданды. Мамыр айында өткен Ұлттық конкурсқа іріктеуге жалпы 11 отбасы қатысты. Оның барлығы дерлік көпбалалы. Қазақстанның демографиялық жағдайын жақсартуға үлес қосып, ұрпақ санын көбейтуге атсалысып жүрген еңбек үздіктері. Мәселен, Мұхтаровтар отбасының ерекшелігі – отағасы мен отанасы балаларының білім мен өнерді, ғылымды қатар меңгеріп, жан-жақты болғанын қалайды. Сондықтан, олардың сабақтан, оқудан тыс уақытын тиімді пайдалануына мән береді.

«Жыл сайын өтетін «Мерейлі отбасы» байқауы отбасылық құндылықтарды ғана насихаттап қоймай, жан-жақтылыққа, заманауи жаңалықтан қалмай, заман ағымына ілесуге үйретеді. Қазақстандық үздік отбасы санының көбеюіне ықпал жасайды. Сондықтан, осындай ерекше ұлттық конкурс өткізу жайлы ұсыныс айтқан Елбасымызға алғыс айтқым келеді», - дейді Гүлшат Алтайқызы.

Төртбайлар әулеті шыншылдық пен турашылдықты бірінші орынға қояды. Қазір алпыс үш жасқа қараған Төртбай Құрманбек туған ауылында мешіт тұрғызып, халықтың батасын, алғысын алған. Тұрысбековтер жанұясы ұзақ жылдық тату-тәтті отбасылық өмірінің құпиясымен бөлісті. Жетпіс жеті жастағы ерлі-зайыпты Тұрысбековтер елу сегіз жылдық отбасылық өмірлерінде сыйластық пен адалдықты ту етіп келеді.

«Осындай ынтымағы мен бірлігі жарасқан отбасылар арасында байқау өткізу дұрыс. Тату-тәтті отбасыларды жастарға үлгі етіп көрсету керек. Сонда, мүмкін, ажырасу саны азаятын шығар», - дейді Тұрысбек Әмірхан.

Алматы қаласы Медеу ауданы да өзгелер секілді үздік отбасын таңдады. Солардың бірі – Асқаровтар, әскерилер отбасы. Адамда болуға тиісті негізгі қасиет – еңбекқорлық. Сол себепті балаларын әскери салаға баулыған.

«Патриотизм отбасылық құндылықтарды сыйлаудан басталады. Сондықтан, балалардың жастайынан жігерін жанып, әскери тәртіпті ұстанамыз», - дейді Асқаров Мергенбай Шайықұлы.

Ал Әбдірахмановтар отбасы жиырма төрт жылдан бері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Әбдірахманов Қуаныш Төлеубайұлы кез келген салада, кез келген жұмыста өзін жақсы қырынан көрсетіп, елдің алғысына бөленіп жүреді.

«Біздің отбасымызда қалыптасқан жақсы бір дәстүр бар. Туған күн, мереке, жалпы кез келген қуанышта бүкіл әулет мүшелері бір шаңырақ астында жиналамыз», - дейді Қуаныш Төлеубайұлы.

Доскеевтер математиктер әулеті. Балаларының барлығы жоғары білімі алған. Ал Сембаевтар отбасы бес бала тәрбиелеп отыр. Олар студенттік жылдарында жанұя құрып, бала сүйген. Оқу мен бала тәрбиесін қатар алып жүріпті.

Алматы қаласы Түрксіб ауданында да үздік, елге сыйлы отбасылар жетерлік. Мысалы, Молдабаевтар отбасы көпке үлгі. Молдабаев Кеңесбек білім саласында үзіліссіз 58 жыл еңбек етіп, оның 35 жылын мектеп басқару саласына арнапты. Республикалық газет-журналдарда штаттан тыс тілші, фототілші болған. «Лениншіл жас», «Қазақстан мұғалімдері», «Қазақстан мектебі», «Жетісу», «Коммунизм нұры» сынды газет-журналдарға 100-ден аса мақала мен очерктері жарияланған.

«Кез келген адам – қоғамның бір бөлшегі. Біздің ісіміз бен мақсатымыз қоғам өмірімен астасып, біте-қайнасып жатуы тиіс. Өз ісіңді жақсы көрсең, ол қоғамға, халыққа пайдасын тигізсе, одан артықтың керегі де жоқ», - дейді сексен жастағы Кеңесбек Қарсыбекұлы.

Оңғарбаевтар теміржолшылар жанұясы.  Бақтыбай Оңғарбаев 45 жыл бойы теміржолда қызмет еткен.

«Патриотизм, отанға деген сүйіспеншілік – сенің еңбегің мен сол еңбекке деген адалдығың арқылы көрінеді. Еңбек адамдары жақсы жұмыс істеп, ісіне жауапкершілікпен қарайтын болса, еліміз өркендеп, дами түспек», - дейді Бақтыбай Оңғарбаев.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысатын отбасының осалы жоқ. Ақтық кезеңге мықтылардың мықтысы ғана жіберіледі. Ал республикалық байқаудың соңғы кезеңі қыркүйек айында өткізеледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары