Алматы қаласы – еліміздегі ең ірі туристік орталық. Мегаполистің туризм индустриясында соңғы уақытта көп өзгеріс болды. Соның бірі – 28-қысқы Универсиада ойындары. Жан-жақтан келетін туристер мен қонақтарға Алматының туристік нарықтағы салмағын көрсету үшін жаңа нысандар мен мұзы айдындары салынды.
Алматы қаласында өткен 28-қысқы Универсиада ойындары мегаполистегі туризмнің жандануына себеп болды. Туризм қызметі сапасын жақсарту үшін Универсиада кезінде «Recommended by 28-th Winter Universiade Almaty-2017» бағдарламасын бастады. Бағдарламаға сәйкес, 116 нысана мен 90 қонақүй қатаң тексерістен өткізілді.
Қысқы универсиаданың ең үлкен нысандарының бірі – Алматы Арена. Көп функциялы кешенге бір мезетте 600 мың адам сияды. Қазір мұз айдыны кәсіпқой спортшылар үшін тұрақты жаттығу нысанына айналды. Тағы бір әмбебап мұз айдыны – Халық Арена. 3000 орындық көпсалалы кешен. Ал Атлетикалық қалашық U ағылшын әрпімен орналасқан 14 ғимараттан және қызмет көрсететін 3 блоктан тұрады. Барлық нысандар жартасқа салынған суреттердегі күн адамының бейнесін көрсетеді. Алматының туристік индустриясының бетке ұстар тағы бір нысаны – «Медеу» мұз айдыны. Медеу туристер арасында жайлы ауа райымен танымал.
Ал тау-шаңғы туризмінен бөлек, Алматы туристерді ұлттық бояуы басым мерекелерімен де қызықтыра алады. Мәселен, М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық театр алдында өткен Наурыз мейрамына он мыңнан аса адам келген. «Almaty Horse and Polo Club» деп аталатын эко-этно фестивальге алыс-жақын шетелдерден 8 500 адам жиналды. Ал Іле Алатауының етегінде I халықаралық «Ұлы Дала Рухы» фестиваліне әлемнің 10 елі – Германия, Түркия, Қытай, Венгрия, Голландия, Корея, Украина, Ресей және Қырғызстаннан жалпы саны 2000 қатысушы бас қосты.
Бұған қоса, Алматыда алғаш рет «Аlmaty Mount Fest» шарасы өткізіліп, ол үш күнге созылды. «Шымбұлақ» шипажайына бұл күндері төрт мыңнан аса турист келді. Фестивальдің негізгі мақсаты Алматының халықаралық туризм нарығындағы беделін көтеру және тау-шаңғы шипажайлары мен эсктремалды спорт түрлеріне назар аударту болды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткен «25KZ FEST» шарасы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мерекелік алаңда еліміздің 25 жылдағы жетістіктері көрсетілді. Балалар туризмін дамыту да ұмыт қалмады. Мысалы, жыл сайын «Менің қалам – Алматы» балалардың туристік экспедициясы өтіп тұрады. Оған 200 бала қатыса алады. Бұдан бөлек, біркүндік саяхаттар да жиі ұйымдастырылады.
Қазіргі кезде Алматыдағы жаңа туристік нысандардың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. «Сақ қорғандары», «Шөл далаға бір қадам» сынды жобалар қолға алынған. Алматының таулы аймақтарына жолаушы тасымалдау қызметі де бір жүйеге келді. «Алматы туралы 100 естелік» атауымен 4 тілде кітап шығарылып, 4 түрлі бейнероликтер жасалды.
Қазіргідей ақпарат заманында БАҚ ықпалын тиімді пайдалана білу де жартылай жетістік саналады. Сондықтан, 2016-2017 жылдар аралығында BBC World News телеарнасының эфирінен жарнамалық ролик көрсету үшін арнайы келісімшарт жасалған болатын. Бұдан өзге де әлемдік танымал журналдарда Алматы туралы деректер беріліп тұрады.
Г.Сембиева