Елімізде соттарға жылына 1,5 миллионға жуық арыз-шағым мен өтініштер келіп түсетінін, бір дау бойынша кемінде екі тараптың болатындығын ескерсек, шамамен 2-2,5 миллион адам сотқа жүгінеді. Осы ретте судьялардың жүктемесімен қатар, сот ғимараттарының сыртқы және ішкі безендірілуіне қойылатын талаптардың артқанын аңғару қиын емес. Қоғамдағы ішкі тұрақтылықты сақтап, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын сот органдарының инфрақұрылымын дамытып, технологиялық мүмкіндіктерін арттыру – заман талабы. Себебі, сот жүйесін материалдық-техникалық тұрғыдан нығайту – заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған ең маңызды қадамдардың бірі.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республика судьяларының VI сьезінде:
«ХХI ғасырдағы ұлт дамуының маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлттық сот төрелігі жүйесі. Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі. Онсыз әлемнің бірде-бір елінде, тіпті ең дамыған мемлекеттерде қолайлы инвестициялық ахуалдың да, азаматтардың әл-ауқатының жоғары деңгейінің де, қоғамның табысты дамуының да болуы мүмкін емес», – дей келе, соттар мен судьялардың тиімді жұмыс істеуі үшін оларды барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында Жоғарғы Сот отандық сот жүйесінің инфрақұрылымын дамыту және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізіп келеді. Бұл – отандық соттарды халықаралық стандарттарға сәйкес дамытудың ең басты алғышарттарының бірі.
Қоғамның сот төрелігіне деген ұдайы сұранысының үдесінен шығу ең алдымен, тараптарды сот процесінің өтетін орны мен мерзімі туралы уақытылы хабарландыру, қажетті сот құжаттарымен таныстыру, ыңғайлы күту және сот отырысы залдарының болуымен тікелей байланысты. Осы орайда соттардың жаңа ғимараттарын салу, қолданыстағы ғимараттарды жөндеу және қалпына келтіру – сот жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың ең басты бағыттарының бірі.
Елімізде Ұлт Жоспарына сәйкес сот жүйесін дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, юрисдикциядағы соттармен қатар, мамандандырылған соттардың жаңа түрлері – экономикалық, әкімшілік, инвестициялық, қылмыстық, әскери, ювеналдық соттар пайда болды. Осы ретте әрбір сотқа өзіндік талаптар қойылады. Мәселен, қылмыстық істер қаралатын соттарда темір торлардың болуы міндетті болса, балалардың құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдардың ұсынымдарына сәйкес, ювеналдық соттарда темір торлар болмауы, керісінше, балалар бөлмесі мен психолог кабинеті болуы тиіс. Қазіргі қолданыстағы сот ғимараттарының басым бөлігі Кеңестік кезеңде салынған. Олардың көпшілігі сот төрелігін жүзеге асыру бойынша заманауи әлемдік стандарттарды былай қойғанда, қарапайым функционалдық талаптарға сай келмейді. Осы орайда соттардың инфрақұрылымын нығайту бойынша атқарылатын іс-шаралардың ауқымы кең. Алайда бұл бағыттағы жұмыс ең алдымен, мемлекеттен бөлінетін қаржыға тәуелді болғандықтан республикалық және жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Судьялардың VI сьезі өткен 2013 жылдың қарашасынан бергі уақыт ішінде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарында сондай-ақ Астана қаласында әлемдік стандарттарға сәйкес келетін 45 мыңнан астам шаршы метрді құрайтын 8 жаңа ғимарат салынды.
Судьялар мен мамандардың жұмыс жасауына барлық жағдай жасалған жаңа сот ғимараттары сот дауларын қарайтын ғимараттар санаттарына қойылатын барлық талаптарға сай келеді. Сәулет-жобалау және техникалық шешімдерді әзірлеу барысында жаңа ғимараттардың азаматтар үшін қолайлы болуына баса мән берілді. Жобалау кезінде өңірдің климаттық ерекшеліктері ескерілді. Жаңа сот ғимараттарын әрлеу үшін беріктігі жоғары экологиялық таза материалдар пайдаланылып, тіршілікті қамтамасыз етуге бағытталған және телекоммуникациялық желілермен жарақтандырылды.
Соттардың жаңа ғимаратында сот төрелігін сапалы жүзеге асыру үшін сот залдары, кеңесу бөлмелері, адвокаттардың, прокурорлардың, медиаторлардың жұмыс бөлмелері, күту залдары және тағы басқа бірқатар кеңсежайлар қарастырылған. Мәселен, елордамыз Астанадағы қалалық соттың жаңа ғимаратында сот отырысына арналған 50 зал көзделген. Осылайша, елімізде заманауи сот ғимараттарының бой көтеруі сот отырыстарының кешігіп басталуы секілді әуре-сарсаңның түбегейлі жойылып, процестің уақытылы басталуына жағдай туғызды.
Биылғы жылдың өзінде республика бойынша 9 сот ғимаратының құрылысы басталды. Бұл ғимараттар Қарағанды, Қостанай облыстық соттарына, Алматы облысының Текелі қалалық сотына, Ақмола облысының Жарқайың аудандық сотына, Жамбыл облысының Жуалы аудандық сотына, Маңғыстау облысының Мұнайлы аудандық сотына, Ақтөбе обысының Мәртүк аудандық сотына, Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотына және Қызылорда облысының Қазалы аудандық сотына тиесілі.
Сонымен қатар 6 сот ғимаратының құрылыс жобасы әзірленуде. Болашақта салынатын бұл ғимараттар Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе және Тасқала аудандық соттарына, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш аудандық сотына, Алматы қалалық сотына, Ақтөбе облыстық соты мен осы өңірдегі Әйтеке би аудандық сотына беріледі.
Сот ғимараттарына деген қажеттілік мұнымен шектелмейді. Қазіргі таңда республика бойынша 24 сот ғимаратын салу бойынша инвестициялық ұсынымдар әзірленуде. Сот ғимараттарының эстетикалық келбеті мен инженерлік жүйелерін ретке келтіру, 89 сот ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында үнемделген қаржы есебінен 1 млрд 245,5 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Сонымен қатар 44 сот ғимаратының жылу және есептеу құрылғыларын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Мүмкіндігі шектеулі адамдардың сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз ету, оларға қолайлы жағдай жасау мақсатында да кешенді жұмыстар қолға алынуда. Осы орайда жергілікті 18 сот ғимаратының пандустары арбамен қозғалатын мүгедектердің ғимаратқа кедергісіз кіруіне ыңғайлы етіліп жасалуда. Қазіргі таңда республикадағы сот ғимараттарында БАҚ өкілдеріне қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы баспасөз залдары қарастырылуда. Бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында қызметтік автокөліктердің басым бөлігіне газ баллон құрылғылары орнатылды. Бұл жанар-жағармайға жұмсалатын қаржыны шамамен 50 пайызға азайтуға мүмкіндік берді.
Бұқараның кең ауқымды бөлігінің сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында сот ғимараттарын әкімшілендіру жұмыстары жүргізілді. Сот ғимараттарына талап арыз үлгілері, сот залдарына мемлекеттік рәміздер, БАҚ өкілдеріне арналған хабарландырулар, телефон анықтамалары, ұсыныстар мен шағым жәшіктері кеңсежайлардың эвакуациялық жоспарлары, аудио-бейнетіркеу құрылғылары, бейнебақылау камералары, сот істерінің кестесін көрсетуге арналған мониторлар, сот залдарында бейнематериалдарды көрсететін теледидарлар, су диспенсерлері, банкоматтар, көпқұрамды соттарда төлем терминалдары орнатылған.
Сот органдарында адамдардың жеке қауіпсіздігі мен ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында 400-ге жуық бақылау және қолжетімділікті басқару жүйесі, басқа да атқару техникалары орнатылды.
Қорыта айтқанда, Ұлт Жоспарына сәйкес жүргізіліп жатқан институттық реформа шеңберінде сот жүйесінің материалдық-техникалық базасы нығайып, инфрақұрылымы дамуда. Атқарылған осы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, азаматтардың сот төрелігіне қол жеткізу деңгейі мен құқықтық мәдениеті, халықтың сот жүйесіне деген сенімі артуда.
Нұрсерік ШӘРІПОВ,ҚР Жоғарғы сотының жанындағыСоттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы.