$ 445.66  474.58  4.78

Түркістан 6 айдың өзінде туризмнен 1,5 млрд теңге пайда тапты

Ағымдағы жылдың алғашқы 6 айында Түркістанға барлығы 678 683 турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 100 мың адамға көп. Олар қала қазынасын 1 млрд 496,5 мың теңгемен толықтырған. Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев Шымкенттегі Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты.

Жиын барысында шаһар басшысы «Көне Түркістан» концепциясының жүзеге асырыла бастағанын мәлімдеді. Аталған жоба Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени орталық ретінде дамыту үшін әзірленген. Концепция 3 кезеңде жүзеге асатын болады. Көне шаһардың 99,6 гектар жер аумағын қамтитын жобаның басты бағыттарының бірі – туристік индустрияны дамыту болып белгіленіп отыр.

«Қазір «Көне Түркістан» концепциясының алғашқы кезеңін іске асыру мақсатында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қарсы бетінде орналасқан 12,8 гектар жер аумағында бұзылуға жататын 129 тұрғын үйді мемлекеттік қажеттілікке сатып алу үшін бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сатып алу шаралары  заң талаптарына сай іске асырылатын болады. Бұл жобаның жалпы құны шамамен - 7 850,6 млн. теңгені құрайды. Оның ішінде – 1 290 млн. теңге 129 үйді сатып алуға, 800,0 млн. теңге инфрақұрылымға қаралған», - деді Әліпбек Шәріпбекұлы.

Сондай-ақ қаланың оңтүстік шығыс бетіндегі 45,0 гектар жер аумағына этносаябақ салу жоспарлануда. Этносаябақта ұлттық нақыштағы ойын-сауық орындары, ұлттық тағамдар мен сусындар ұсынатын нысандар, ашық аспан астындағы демалыс орындары мен киіз үйлер орналасатын болады. Осы этносаябақта туристерге орта ғасырлық көшелердің көріністерімен сол кездің мәдениетін тамашалай алатындай мүмкіндіктер жасалады. Сонымен қатар, облысымыздағы тарихи-мәдени ескерткіштер жөнінде мағлұмат беретін ашық аспан астындағы макеттер орналастырылады. Саябақта ескі тарихи көлшік қайта қалпына келтіріледі.

Ал, үшінші кезеңде орталық Есімхан алаңымен Әмір Темір көшесі аралығында С.Қожанов, Байбұрт көшесі, жаяу жүргіншілер арбатты қайта жарақтандырып, жаңалау жоспарда бар. 

Бұдан бөлек, қаладағы табиғи қорды пайдаланып емдік-сауықтыру туризмін дамыту көзделуде.  Өйткені Түркістан қаласы аумағында жер асты термалды су жүйелерінің мол қоры бар.  Осы су көздерінің қатарында құрамы «Трусковец» (Украина), «Витаутас» (Литва) және Ново-Ижевская (Удмуртия) емдік  жер асты суларына теңдес «Шипа-су» шипажайы орналасқан.  Бүгінгі таңда шипажай басшысымен келісіп, мекеменің жұмысын жандандыру үшін тиісті шаралар жүргізілуде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары