Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз», – деді.
Бұл сең Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінен кейін қозғалды. «Латын әліпбиіне көшу мәселесін қарайтын кез келді. Бұл мәселені кезінде кейінге қалдырған едік. Қалай болғанда да, латын әліпбиі бүгінде телекоммуникациялық салаларда басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан бұрынғы кеңестік елдердің көпшілгінің латын әліпбиіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар осы мәселені зерттеп, нақты ұсыныстарын жасауы тиіс» деп қадап айтқан болатын.
Ал 2012 жылғы желтоқсан айында жарияланған «Қазақстан-2050» стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін мәлімдегені есте. Міне, содан бері латын әліпбиіне көшудің тиімді не тиімсіз жолдары таразыға тартыла бастады. Ерте ме, кеш пе, еліміздің латын әліпбиіне көшетіні анық. Өмірдің өзі соған мәжбүр етіп отыр.
Демек, қазақ тіліндегі латын әліпбиін дайындау ісін кейінге шегере бермеу керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл маңызды шараға кіріскен арнайы комиссия жыл соңына дейін латын әліпбиінің нұсқасы дайын болатыны туралы айтты. Ал оқулықтарды, кітаптарды латын қарпіне ауыстыру ісімен тікелей айналысатын Білім және ғылым министрлігі. Министр Ерлан Сағадиев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының әлеуметтік және білім салаларында жүзеге асырылуына арналған брифингте: «Бұл маңызды жоба болғандықтан барынша абай болу қажет, қателіктерге бой алдырмау керек. Ағымдағы жылы жасалуы тиісті мәселе – бұл көңілге қонымды барлық әріпті қабылдау. Бірнеше нұсқа әзірлеп, оны талқылап, әліпбиді қабылдау қажет. Содан кейін латынға көшу жұмыстарының жоспарын түзу керек. Бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр», – деді.
Белгілі тіл ғалымы Дандай Ысқақтың айтуынша, әліпби ауыстыру мәселесінің қыры көп. Мұның саяси, ұлттық, экономикалық және түркілік жағы бар. Осы уақытқа дейін саяси жағы кідіріс тудырды. Біз «әліптің артын бақтық». Ол да дұрыс шығар. Тілді қолға аламыз деп бүлініп жатқан елдер де бар. Қазір саяси билік бұл жағдайды қолға алды. Әлемдік жағдай дер кезінде күн тәртібіне қоюға түрткі жасады. Қазір бірнеше нұсқалары айтылып жатыр. Ең негізгі нұсқа – қазақтың барлық төл дыбыстары енген ұлттық әліпбиі болуы керек. Екінші, қазіргі техника жетістіктеріне байланысты ағылшынның дайын әліпбиін алып, қазақтың бар дыбысын салайық дейтіндер де бар. Бірақ мұнда ұлттық дыбыстар қалып қояды. Үшінші, қазақтікі де, ағылшындікі де емес, түркі халықтарының бірлігін қамтамасыз ететін түркі әліпбиін жасайық дегендер болды. Түркі кеңесі 1990 жылдары 34 әріптен тұратын ортақ әліпби жасады. Сондықтан латынға көшкен елдердің тәжірибесін пайдаланып, түркілік ортақ әліпби жасайық деген де пікір айтылуда. Мысалы, түріктер латынға көшкенде екі-үш дыбысты жоғалтып алыпты. Олар осыны ескеруге кеңес берді. Түрік ғалымдары: «Қазақстан ортақ түркілік әліпби жасаса, жаһандануға жұтылып кетпес үшін біз де қолдар едік» дейді. Бүгінде 100-ден астам жоба ұсынылып жатыр екен», – десе, белгілі саясатттанушы Айдос Сарым: «Ең басты мәселе – ұлттық бірлікті сақтау. Бұл сөзсіз саяси, өркениеттік таңба. Әріп кішкентай ғана нәрсе сияқты. Бірақ көшедегі жазбалар, кітап атауы латынша болса, балабақшаға барған, мектеп бітірген ұрпақ ұлттық рухта тәрбиеленеді. Бұл – мақсат. Оның артында құн төлемі бар. Біздің буын үшін комфорт мәселесі туындап үлгерген. «Кезінде жазған бірталай мақалаларым бар еді. Бәлкім, латын қарпіне кейінірек көшсек болар еді…» деп жүре берсек, онда бұл мәселе сөзсіз кешеуілдей береді. Әр буын өзінше өзімшіл. Осы жылдың аяғына дейін бір нұсқаға келсек деймін. Әзірбайжандар «ә» деген әріпті «ә» емес дейді. Түріктерде де сондай түйткіл бар. Сондықтан түркі әлемін, өркениетті жарылқаймыз деген әңгіме емес, бұл – өзімізді-өзіміз құтқару жолы. Мәселен, жаман ауруға қарсы химиятерапия жасалады. Былай қарағанда, адамның жанын қажытып, ағзасын тоздыратын нәрсе сияқты. Бірақ шын айыққың келсе, оны амалсыз орындайсың. Белгілі тәртібі бар. Бұл да – сол сияқты ұлт ағзасын жөнге келтірудің, кезінде шалдыққан дерттен емдеудің жолы. Екінші мәселе, негізгі қарсылық орыстілді баспасөзден келеді. Бізге үнемі Өзбекстанды алға тартып, «солар сияқты қиналасыңдар!» дегенді айтады. Бірақ әзірбайжандар, түркімендер еш қиналмай латынға өтіп кетті. Кейде тіл мамандарының ішінде де ерекше фанаттар болады. «Рунаға көшу керек, Ахаңның төте жазуына өтсек» деген ойларды естідік. Мұндай таңдау жасаған кез келген ел осындай реформаны жайбарақат, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда жүргізген емес. Әзірбайжандар да, түркімендер де соғысып жүріп өтті. Өзбектер де экономикасы қиын кезде ауысты. Біз қайта жағдайымыз біршама жақсы кезеңде өткелі отырмыз» дегенді айтады.
Қазір тіл ғалымдары латын әліпбиі жобаларын дайындау ісіне кірісіп кеткен. Тіпті, шымкенттік өнертапқыш Қуаныш Рысқұлов латын қарпіне көшу кезінде кездесетін қиындықты жеңетін әдісін ұсынды. Қуаныш Тұрсынқұлұлы ақпараттық технологиялар саласында 8 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол бұған дейін бірнеше компьютерлік бағдарламалар әзірлеп, Алматы, Астана қалаларындағы өткен республикалық додаларда топ жарған. Байқау қазылары Қуаныштың жобасын дер кезінде әзірлеген қажетті бағдарлама деп таныпты. Алдағы уақытта кириллицаны латын қарпіне лезде ауыстыратын бағдарламаға қаржы бөліп, кең көлемде қолданысқа енгізу жоспарланып жатыр.
Алайда, жақында «Алтай өркениеті мен Алтай тілі отбасы және туысқан халықтар» халықаралық форумында Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев кирилл әліпбиін қолдап сөз сөйледі. «Кириллицадан кету халықтың өткенімен байланыстың ажырауына алып келеді. Өткен ғасырда араб әліпбиінен латын қарпіне, одан кириллицаға көшу Орталық Азия елдерін «алтын ғасыр» мұраларынан айырылып қалуға әкеліп соқты. Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Әуезов сынды жазушы, ғалымдардың барлығы кириллицада жазды. Оларға бұл әліпби қолайлы болды. Иә, дамыған елдердің барлығы латын әліпбиін пайдаланады. Біз де оған ауыссақ экономикалық тұрғыдан дамитын шығармыз. Бірақ Жапония, Корея, Қытай сынды елдер латын әліпбиіне ауыспай-ақ дамыған елдердің қатарына кіріп отыр. Егер де латын әліпбиіне ауысудан дамып кететін болса, онда неге Африка мемлекеттері әлі күнге дейін кедейліктен шыға алмай келеді», – деген болатын. Алайда, мамандар да, саясаттанушылар да бұл асығыстық айтылған пікір және оның бір елді басқарып отырған президенттен шығуы әбестік дегенді айтады.
Мәселен, саясаттанушы Айдос Сарым мырза: «Латын қарпіне өту туралы мәселеде әлі де болса қобалжу бар сияқты. Осыған орай баспасөзде, Интернет пен әлеуметтік желілерде айтылған сыни пікірлерге, нақты сұрақтарға, жұрт ішіндегі күдік пен күмәнге нақты жауап беріп, латын қарпіне көшуді қолдайтын қауым атынан нақты пікір айтатын кез келді деп ойлаймын. Кирилл әліпбиі де қазақтың төл әліпбиі болып табылмайды. Жалпы алғанда, кирилл әліпбиі қазақ халқына 1940 жылдан бері қызмет етіп келді десек те, оны қазақ ұлтының саналы таңдауы деуге болмайды. Кеңес заманында кирилл әліпбиі негізінен қазақ халқын одан бетер отарландырудың, ашығын айтқанда, орыстандырудың басты құралдарының бірі болды. Кирилл қарпі таңдалған мұра емес, күшпен, зорлықпен таңылған мұра! Кейбір азаматтарымыздың «ортақ кирилл қарпі орыс-түрік мұрасы» деген сөздерінің астарында ешқандай ғылыми негіз жоқ. Бұны тек саяси-публицистикалық аргумент, риторикалық айла десек әбден болады. Кирилл қарпі кезінде православ шіркеуі әулие деп тапқан Кирилл мен Мефодий атты монахтардың славян халықтары арасында христиан дінін насихаттау, оны славян елдеріне түсінікті қылу үшін ойлап тапқан жазуы еді. Бүгінгі күні славян халықтары арасында кирилл қарпін тек православ дінін тұтынатын орыс, украин, белорус, болгар, македон, сербтер ғана тұтынады. Қалған славян халықтары негізінен діни себептерге қатысты латын қарпіне өтіп кеткен болатын. Оның ішінде поляк, чех, словак, словен, хорват т.б. халықтар бар. Яғни әу баста кирилл қарпі, әліпбиі славяндарды католик шіркеуінің ықпалынан сақтап қалу құралы болды. Оның үстіне кирилл қарпі тек қана православ славяндарын ғана емес, түркі, фин-угор халықтарын Батыстың ықпалынан сақтау, жақындатпау, оларды саяси-ғылыми оқшаулаудың құралы болды. Бұған әрбір түркі тілін күрделендіру, әрбір түркі этносына бөлек-бөлек әліпби, тіл заңдарын жасау саясатын қосу керек» деді.
Демек, «кириллицаға адамдар үйреніп алды, латынмен қатар жүре тұрсын» десе, онда алысқа бармаймыз. Әуелі әңгіме латын тілін үйреніп, содан кейін көшеге жазу емес, алдымен мекеме атауының бәрі латынша жазылып, жұрт содан үйренуі керек. Арамызда кері тартатындар бар. Мәселе туындаған сайын, ондай пікір айтушылар қылаң береді. Қиыншылық болады. Бүкіл халық, билік болып жұмыс істейтін кез осы.
Ерлан Асылов