«Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» ЖҚ Талдықорған қаласының Жастар саябағында 8 мыңға жуық жастың қатысуымен «DREAM CITY» фестивалін ұйымдастырды. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Облыстық жастар саясаты басқармасы мен Ресурстық орталық, «Жас Отан» ЖҚ-ның белсене атсалысуымен ұйымдастырылған мереке өте әсерлі өтті. Фестиваль бағдарламасы аясында өткен түрлі сауықтыру концерттері, аспанға шар ұшыру, су атысу, ашық аспан астындағы би алаңы мен өзге де қызықты сайыстар жастарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
- Осындай шаралардың негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, өскелең ұрпақты жағымсыз әрекеттерден алыс болуға үндеу, - дейді облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Айдын Нұрмұхамбетов.
«Жас Отан» жастар қанаты жыл сайын дәстүр бойынша өтетін бұл қызықты шараға барынша жастарды белсенді қатысуға шақырады.
- Біз жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, ақылы мен білімі тең жас ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Ол үшін біздің жастар бос уақытын пайдалы өткізулері керек, - дейді жасотандықтыр.
Қаланың жас спортшылары өз мүмкіндіктерін стритбол, мини-футбол, «STREET SOCCER» және басқа да спорт түрлерінен өз бақтарын сынады.
- «Дрим сити» - өте керемет, қызық шара. Мұндай шаралар бізді бірігуге, ұйымшылдыққа, отаншылдыққа үндейді. Елімізде, жасыл желекті Талдықорғанда, жалпы әлемде бейбіт заманда өмір сүруіміздің өзі бақыт. Болашақ - біздің қолымызда, - дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Айдана Айтуғанова.