Оңтүстіктен солтүстікке ағылған көш тоқтап қалмайды. Елбасының тапсырмасымен еліміздің оңтүстік облыстарынан солтүстік аймаққа қоныс аударатындар саны алдағы уақытта арта түспек. Басты мақсат – халқы тығыз орналасқан ОҚО-да жұмыссыздық көрсеткішін төмендетіп, солтүстіктегі тұрмыс-тіршілікке жан бітіру.
Иә, аталған бағдарлама ешкімді мәжбүрлемейді. Оңтүстікқазақстандықтар өз қалауларымен жаңа мекенге қоныс аударып, «жаңа өмңр» бастауға ниеттенуде. Бүгінде жүздеген отбасы солтүстік облыстарына көшіп, сол жақта кәсіп етуде. Олардың біразы мұғалім, дәрігер, полицей болып жұмыс істесе, өзгелері шағын және орта бизнес өкілі атанған.
Аталған көш одан әрі де жалғаса беретін болады. Мәселен, жақын күндері Түркістан қаласынан теріскей облыстарға бірден 60 отбасы көшіп бармақшы. Жұмыс күші мол облыстардан жұмыс күші тапшы аймақтарға жұмысшы тобын тарту мақсатында жуырда солтүстік өңірден арнайы делегация келіп, түркістандық тұрғындармен жеке-дара кездесулер өткізді. Нәтижесінде, көшіп-қону кезіндегі жәрдемақылардың дер кезінде төленетініне және жұмыспен қамтылып, баспаналы болатынына көз жеткізген 60-тан астам отбасы қоныс аударуға ниет білдірген.
Түркістан қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің айтуынша, бүгінгі таңда 27 адам, оның ішінде 10 адам медицина саласы бойынша, 5 адам білім саласы бойынша, қалғандары тракторист-механизатор, ауыл шаруашылығы саласы бойынша өтініш білдіріп отыр екен.
Қоныс аударушыларға мүмкіндік зор. Қызметтік тұрғын үй болмаған жағдайда азаматтың коммуналдық төлемдері мен басқа да шығындары өтеледі. Субсидия көлемі Екібастұз қаласына баратындарға 25 айлық есептiк көрсеткiшпен есептелсе, Железинск ауданында 40 мың теңге көлемінде. Арнайы келісімге сәйкес, 5 жыл бойы бүкіл қажеттіліктер қамтамасыз етіледі.
«Осы бағдарлама аясында біз бұл отбасыларға 35 айлық есептiк көрсеткiш ставкасы бойынша субсидия ұсынамыз. Ол әр отбасы мүшесіне 79000 теңгеден деген сөз. Сондай-ақ қызметтік тұрғын орын немесе үй беріледі»,-деді Екібастұз қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Д.Құрымбаева.
Айта кетейік, Солтүстік аймақта дәрігерлер мен фельдшерлер тапшы. Сонымен қатар, педагогтар мен ал ауыл шаруашылығы мамандары: механизатор, тракторист сынды жұмысшы тапқа да сұраныс жоғары.